РЕЖИССЕРГЕ ЕҢ АЛДЫМЕН ШЫНАЙЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Қазақ киносы өткен жылдармен салыстырғанда қазіргі уақытта біршама ілгерледі деп айтсақ болады. Өйткені, бүгінгі таңда қазақ киносының қатары түрлі тақырыптағы туындылармен толығуда. Деректі, көркем, көп сериалы фильм секілді түрлі жанрда дамып, қарыштап келеді. Тіпті, әлемдік деңгейдегі шетелдік кино байқауларында да жоғары жетістікке жетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген кино туындыларымыз ауыз толтырып айтарлықтай. Міне, осы салада тынбай еңбек етіп келе жатқан, бүгінде «Бәйтерек», «Әкем екеуміз» секілді ел арасында кеңінен танымал кинолардың режиссері, бірнеше пьеса, прозалық шығармалардың авторы Данияр Саламатпен әңгімелесудің сәті түскен болатын.
– Данияр аға, сізді қазақ кино саласында өзіндік қолтаңбасы бар режиссер деп айтып жатады. Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен де өзге балалар секілді балалық шақта әртүрлі маман иесі болуды армандайтынмын. Дегенмен, есейе келе кинорежиссер болуды мақсат еттім. Бала кезімде кітапты көп оқитынмын. Жай оқып қана қоймай әрбір сюжет өзінше әсерлі, оймен жететін. Қолыма қаламсапты алып кейде ақ параққа еркін тақырыпта мақала жазып жүретінмін. Бірде «Жас Алаш» газетінде материалым жарық көріп, бас редакторы мені өзіне шақырып, «Журналистикаға оқуға түс, емтихандардан өзім көмек беремін, сенің бейімің бар» деді. Сөйтіп, ойда жоқта журфактың студенті атандым. Бірақ мен өз ойымнан бас тартқаным жоқ. Екінші курста журфактағы сабақты тастап, Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтына қабылдандым. Онда кинодраматургия мамандығы бойынша бітірдім. Оқуды аяқтағаннан кейін «Алатау», «НТК», «Қазақстан» ұлттық телеарнасында жұмыс жасадым. Елімізге белгілі кино майталмандарының шеберханасында шыңдалып, тәжірибе жинақтадым. Осылай кино әлеміне еніп кеттім десем де болады. 2006 жылдан бері Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ синарлық – редакция алқасының мүшесі ретінде еңбек етудемін. Өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімнің арқасында мәнді де жемісті еңбек етуге барынша тырысып келемін.
– Бір сұқбатыңызда осы қаладан театр ашқаныңызды, әрі, оған жергілікті жерден қолдау тауып, жағдай жасалғанын айтқан екенсіз. Осы жөнінде толықтырып өтсеңіз?
– Иә, осында облыстық «Нұрөлке» қуыршақ және жастар театрын ашқан болатынмын. Әрі көркемдік жетекшісімін. Театр Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде орналасқан. «Нұрөлкенің» жандануына қаржылық жағынан демеушілік білдіріп келе жатқан «Игілік» корпаративтік қоры екендігін де айта кеткен жөн. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ, он-он екі жас аралығындағы ұл мен қыз балаларға кастинг жарияладық. Безендірілуі, құрылымы мен жобасы жасалып бітті. 
Негізінен, балалармен жұмыс жасағанды ұнатамын. Осы ретте «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілген «Қалаймақан» деген бағдарламам болды. Оның үстіне елімізде балғындарға арналған телеөнімдер аз екендігі белгілі. Сондықтан осы қуыршақ және балалар театрын ашуды жөн санадым. Қуыршақ театрын қайта жандандыруды да ойға алған болатынмын. Бұл менің көптен бері ойымда жүрген жоспарларымның бір. Тағы бір айта кетерлігі, «Қосқарақшы» деп аталатын балаларға арналған базарлығымыз бар. Фильм комедия жанрында түсірілген. Жиырма сериалдан тұрады. Ол үшін «Қазақстан» ұлттық телеарнасымен келісім-шарт жасалған болатын. Енді үстіміздегі жылдың қараша айыннан бастап «Қосқарақшы» төл арнадан көрсетілетін болады. Бұл балаларға үлкен қуаныш сыйлайды деп ойлаймын.
– Енді қазақ киносына қандай жаңалық енгізуді жоспарлап жатырсыз? Алдағы жобаларыңызды айта отырсаңыз.
– Осыған дейін көрермендерге «Әкем екеуміз» деген тақырыпта кішкентай баланың қатысуымен түсірілген психологиялық драма, балаларға арналған «Бәйтерек» фильмі, ал, жарты кірпіш деген философияны негізге ала отырып жасалған «Кішкентай» деп аталатын фильм жол тартқан болатын. Сондай-ақ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында жүріп алғашқы толықметражды «Жөшә» атты көркем фильм де халықтың назарына ұсынылған еді. Бүгінде мұның бәрі өз бағасын алып үлгерді. 
Енді алдағы уақытта біршама жобаларды жүзеге асырмақшымын. Мәселен, қазіргі сәтте «Ашаршылық» атты фильм түсіруді қолға алдым. Фильмнің сценарийі жазылып қойды. Бұл тақырыпты таңдаудағы басты себеп, қазақ халқына қиындық тудырған нәубет жылдар жайы тарихтан өшпесі анық. Өйткені, ол біздің жүріп өткен жолымыз. Еңсемізді жаншып, қаншама жанның өмірін қиды, ботадай боздатты.  
Қазіргі таңда Сыр өңірінде жұмыс жасап жатқандықтан, осында «Ауыл кеші көңілді» атты жастардың қатысуымен фильм түсіруді жоспарлап отырмын. Тыныс-тіршілігі жанданған ауылды қарастырып жатырмыз. Ал, «Қазақфильмде» алдағы жылдың тақырыптық жоспарына «Хор әншісі» фильмін ұсындым. Оған да қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Режиссер кино түсіруші ғана емес, оған жан бітіруші. Әрбір кейіпкердің жан дүниесін шынайы түсінуші. Сондай-ақ, режиссерға қандай қасиет керек?
– Соңғы кездері көгілдір экраннан қазақтың аз немесе көп сериалы фильмдері көрсетіліп жатқаны белгілі. Оның барлығы көрермендердің талғамына сай жасалып жатқан дүние деп айта алмаймын. Кино түсіргенде ең алдымен шынайылықты ашып көрсете білу қажет. Міне, осының бәрін режиссер жіті бақылауы керек. Қоғамның тынысын сезініп, байқағыштық қасиеті ерекше болуы шарт. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, содан нәтижеге жетуі тиіс. Киноның да өз тілі бар. Оны еркін меңгеру режиссердің еншісіндегі дүние. Фильм түсіріліп жатқанда ол бірнеше сатыдан өтуі керек. Бұл ережелерді әрбір режиссер жадынан шығармағаны анық. Сонда ғана сапалы дүние шығып, ол өз көрермендерін табады. 
– Қазіргі таңда көрсетіліп жатқан отандық телеөнімдер туралы не айтасыз?
– Қазір көгілдір экранды қосып қалсаңыз шетелдік телеөнімдердің басым екені, жаулап алғаны айқын көрінеді. Бар уақытын ұзын сонар түрік, кәріс фильмдеріне арнайтын адамдар қатары көбеймесе кеміген емес. Олардың жастарға берер тәрбиелік мәні аз екендігі де бір көрген жанға ұғынықты. Оған қоса бүгінгі жастар уақыттарының басым бөлігін сырттан келген әрбір елдің өзіне сай түсірілген дүниелерін тамашалап жататынын күнделікті байқап жүрміз. Ал, өзіміздің отандық кинолар әлі де жоғары деңгейге шыға алмай келеді. Сондай-ақ, кино түсіру үшін бір жағынан қаражат көзі жеткілікті болғаны дұрыс. Өйткені, бар мәселе қаржыға келіп тіреледі.
Қазіргі таңда қазақ киносының көрермендерге жетпей жатқандығының бір себебі ондағы актерлердің өзіне тән шынайылықтан гөрі театр бейнесіне енуі, содан шыға алмауы негіз деген ой түйемін. Тағы бір ескеретін жайт, қазақы болмысқа жат дүниелердің көрсетілуі жиіліп барады.
Оған қоса, бізде сценарий алдымен орыс тілінде жазылады. Режиссер сол нұсқаны ғана оқып шығады. Ал, ол қазақша аударылғанда сөздің мәні де мағынасы да өзгеріп жататыны белгілі. Міне, қателіктің бірі ұшы осы кезде пайда болады. Біз көркем дүние жасау үшін көп ізденіп, талпынуымыз қажет. Сонда ғана көрермендердің жүрегіне жол тауып, қазақ киносы жоғары деңгейге жетеді деген ойдамын. 
– Әңгімеңізге рахмет.
Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

РУХАНИЯТ 14 қыркүйек 2013 г. 1 677 0