РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ

Жұртшылық арасында кітапханашыларды «руханият шырақшылары» деп те атайды. Орынды сөз. Оңтайландыру тұсында көп кедергілерге ұшыраған саланың қазіргі таңда басына бақыт құсы қайтадан қонғандай. Кітап қоры молайды. Заманауи қондырғылармен жабдықталуы да көңіл көншітеді. Соған орай кітапханашыларға жүктелер міндет те, қойылар талап та күшейді. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы нақ осындай жауапкершілік жүгін арқалап  жүрген аралдық кітапханашылар жайлы өрілмекші. 
Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне ұзақ уақыттан бері Гүлжамиға Ильясова басшылық жасайды. Тәжірибе жинақтады. Білік-парасатымен көпшілікке танылды. Жас қыздың тиянақты мінезін, ұйымдастырушылық  қабілетін жазбай таныған ел ағалары оған зор сенім артты. Балалар кітапханасының меңгерушісі, басқа да лауазымды сатылардан өтті. Гүлжамиға үмітті ақтады. Міне, ширек ғасырдан астам уақыттан бері кітапханалар жүйесінің тізгінін ұстаған Ильясова беделсіз емес. «Еңбек адамды бақытқа жетелейді» деген осы да. Кейіпкеріміз «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді, «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Аудан, облыс әкімі, сала басшыларының сан мәрте марапатына бөленді. 
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 40-қа тарта көпшілік кітапхана бар. Бүгінгі таңдағы кітапхана тұрғындардың жан-жақты ақпараттық қажеттілігін ескеретін әлеуметтік орын саналады. Кітапханада заманауи технологиялардың көмегімен үрдістерді дамыту, электронды мәліметтер базасын жинақтау, анықтамалық және библиографиялық қызметте әлемдік ақпарат жинаушы ғаламторды пайдалану сынды қызметтер ұсынылады. Жүйе компьютерлермен қамтылған. Олардың арасында ауылдық жерлердегі кітапханалар да баршылық. РАБИС (республикалық кітапханалық-ақпараттық жүйені автоматтандыру) бағдарламасына енгізілген. Жергілікті ақын-жазушылар, танымал тұлғалармен кездесу ұйымдастыру жолға қойылған. Жаңа кітаптың тұсаукесері, оқырмандар конференциясы, өзекті мәселелерге қатысты  дөңгелек үстелдер, алуан тақырыпта интеллектуалды ойындар, пікір-таластар көпшіліктің қызығушылығын туындатуда. 
– «Бір ел – бір кітап» акциясына теңіз төскейіндегі кітапханалар түгел қатысады. Ондағы мақсат – кітап оқуға жаңаша бетбұрыс жасау, тәрбие кілті – оқуда екендігін мойындату, – дейді Арал аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлжамиға Ильясова. 
Мүмкін солай да шығар. Дегенмен, күрмеулі түйіндерді де жасырмайық. Мәселен, кітап қорын толықтыру облыстық кітапханадан жүргізіледі. Орташа есеппен жылына 13-14 мың дана кітап алынады. Том-том кітаптарды пойыз немесе автобуспен шалғайдағы Аралға жеткізу нәзік жандылар үшін өте ауыр екені даусыз. Әрі бұған қаржы қаралмағандықтан кітапханашылардың қалтасына салмақ түсіреді. Ауылдық кітапханаларды компьютермен жабдықтаудың да кемшін тұстары бар. Дерекке жүгінсек, елді мекендегі кітапханалардың жеке жайда, ауылдық клуб жанында, түрлі ведомстволар мекемесінде орналасқандары да аз емес. Оларға күрделі жөндеуге қаржы бөлінбегендіктен жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын кітапханашылардың өздері атқарады екен. Сондай-ақ, 1937 жылы салынған қалалық №1 Пушкин атындағы кітапхананың құлау қаупінде екендігі туралы кезінде баспасөз бетінде жарияланыпты да. Бірақ... әлі шешімін таппапты. Ауылдық кітапханаларда үй сыпырушы штаты жоқ. Қыс мезгілінде от жағушы да қаралмағандықтан бұл жұмыстарды кітапханашылардың өздері атқаратынға ұқсайды. Алайда, келешекте бәрі шешіледі деген сенім бар. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.

РУХАНИЯТ 31 қазан 2013 г. 547 0