«ЖЫРЛАРЫМДЫ ОҚЫ ДА, ОЙЛАРЫМДЫ АЛ»

Елбасы бір сөзінде: «Келешекте интернетте отырғандарды, кітап оқығандар басқаратын болады» деген болатын. Әрине, кітап – білім, кітап – дос, кітап – қару. Десек те, қазіргі жастар кітап оқудан алшақтап бара жатқандай. Осы тұрғыда республикамызда «Бір ел – бір кітап» акциясы жемісті жұмыс жасап келеді.
Акция ел арасында аса танымал жобалардың біріне айналды. Оқырман қауым жалпыға бірдей оқуға ұсынылған туындыларды өте қызығушылықпен оқи отырып, автордың өмірбаянымен және шығармашылық жолымен терең танысуға мүмкіндік алды. Биыл, халықтың жаппай, қызыға оқитын кітабы ретінде, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық ақыны Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр кітабы ұсынылды. Осыған орай, шара аясында қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты №12 кітапханада ақынның шығармашылығына арналған «Жырларымды оқы да, ойларымды ал» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Кешке Т.Жүргенов атындағы №1 мектеп-гимназиясының, КазГЮА, «Қызмет» колледжі оқырмандарының өнері тамашаланып, ақынның өлеңдері оқылды. Осы орайда, кеш қонақтары акцияға байланысты өз пікірлерін білдірді.
«Бір ел – бір кітап» акциясына арнайы оқу залы бөлімі «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Оған ақынның шығармалары, әр жылдарда мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалары, жылы лебіздерге толы дүниелері слайд арқылы оқырман назарына ұсынылды. Мұндай ізгі шаралар оқырмандарға әлі де ұсынылатынын жеткізген қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Саягүл Есімқұлова кешті қорытындылап, жастарды кітап оқуға шақырды.
Жұлдызай ОМАРХАН.

РУХАНИЯТ 07 қараша 2013 г. 531 0