ЕСТІЛЕРДІ ЕСКЕРСЕҢ, ӨЗІҢ ДЕ ЕСТІ БОЛАРСЫҢ

РУХАНИЯТ | 10 декабрь 2013 ж. - 10:13 | Көрудің саны: 479
Үлкенге де, кішіге де, жақынға да, жатқа да ортақ  айырықша сүйкімді жандар болады.  Сүйкімділігі оның күлшелі  екендігінде емес, көшелілігінде.  Сол азаматпен кездескің, сырласқың келеді немесе жаңалығыңды, жақсылығыңды айтқың келіп тұрады. Осындай парық пен парасат иесінің бірі менің Мұхатдам інім. Оны туысқандары мен ағайындары да, жаны жақын достары мен жолдастары да іздейді. Іздейтіні – қуанышы мен реніші қатар жүретін қамшының сабындай өмірдегі атқарылатын барлық шаралардың басқарылу тізгіні Мұхатдамға жүктеледі. Ол қуаныш тойға қатысты салт-дәстүр мен әдет ғұрыптардың,   бақилыққа аттанған пендені соңғы сапарына шығарып салардағы түрлі рәсімдердің орындалу реттерінің білгірі және үлкен ұйымдастырушысы. Ескермегеніңді ескереді, ұмытқаныңды есіңе салады, төрт жағын түгел қамтып жаныңды тындырады. Оған айтқан шағын ғана әңгімеңнің өрісі кеңейеді,  шетін шығарған оймақтай ойың кемелдене түседі. Біліктілігіне, биіктігіне, ой-өрісінің кеңдігіне тәнті боласың. Мұхатдам Сәрсенбаевтың алған білімі – техникалық, Мәскеу энергетика институтының  аспирантурасында оқып,  1986 жылы  техника  ғылымдарының  кандидаты  атанды. Қазіргі қызметі – шет ел компаниясында директордың  орынбасары. Осыған қарамастан, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің әдебиеті мен тарихынан терезесі тең дәрежеде сұхбаттаса алатын адамы табылса, сусыны қанып бір ләззат алатыны анық.  Шежіре  білгің  келсе, Мұхатдамнан  сұра.  Сон-ау  жаугершілік  заманда тұтқынға  түскен  әйелдің құрсағында кеткен шарананың дүниеге келгеннен кейінгі  тағдырын, одан қанша ұрпақ тарағанын, қай рудың атын иемденіп  жүргендігін сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен байланыстырып айтып  бере алады. Кіші жүз шежіресін, ру атауларының  шығу  тарихын  тарқата  отырып,  қызықтыра  әңгімелейді. Жалаң мақтау болмас үшін кімге де болса үлгі боларлық, ғибраты мол бір-екі  әңгімесін айтайын.
ТОТПАН ҰСТА
ХІХ ғасырда Сыр бойын қоныстанған ұлы жүз өкілдерінің ішінде Қарақойлы аталығына жататын Тотпан есімді аса қайырымды жан өткен. Тотпан ұста темірден түйін түйген асқан шебер болыпты. Қазақтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде ұстап-тұтатын қазан-ошақтан бастап жаугершілікте қажетті қару-жараққа дейін  барлығын жасаған.  Жасаған бұйымдары үшін кесімді баға айтпаған, тапсырыс берушінің бергенін алған.  Бермесе ризашылығын місе тұтқан. 
Көктем туып, Тотпан  ауылы  түйелерін  жүктеп Сырдан қырға көшуге енді бет алған сәтінде бір жоқ-жұқа кемпір: 
– Ұста, менің қырға  көшуге шамам келмейді. Жұртта қалып азын-аулақ бақшалықпен айналысамын. Кетпенім сынық, маған көмектес, – дейді. Тотпан ұста көшуге бет алған түйелерді шөгертіп, теңдерді шешкізеді. Құрал-саймандарын алып, от жағып, көрігін қыздырып  кемпірге жаңа кетпен жасап береді. 
Сонда қасыңдағылар Тотпан ұстаға:  
– Бір кемпірдің өтінішіне бола неге осылай еттің? – дегенде, ол: 
– Қазақта «Көштен қалғаным, аштан өлгенім жоқ» деген нақыл сөз бар.  Көшпенділікпен өмір сүрген қазақ үшін көштен  қалу, аштан өлумен бірдей.  Тігерге тұяғы жоқ бір үйлі жанның  биесі де, түйесі де кетпен емес пе?  Қотыр тайлағы болса жолым үйін артып бізбен бірге ілесер еді ғой.  Анау ағып жатқан жармадан бір құлақ су алып, қолындағы азын-аулақ  дәнін сеуіп  Алланың бұйыртқан несібесін теріп отбасына нәпақа етсін, – деп жауап беріпті ұста. 
БОЗЖАН БИДІҢ БАТАСЫ
Бауыржан Момышұлының  «Артымызда Москва» атты кітабында айтылатын лейтенант Бозжанов Жолтайдың (Жолмұхамед)  атасы Бозжан ХІХ ғасырда Сыр бойында өмір сүрген. Абайдың әкесі Құнанбай мұсылмандық парызын өтемекке қажылық сапарға  барар жолында  Сыр өңіріне ғана емес, қазақ даласына аты кең жайылған,  Ресей көпестеріне де аты мәшһүр, кіші жүз он екі ата  Байұлының  Жаппас аталығына жататын Жарасбайұлы Мырқымен алдын ала келісім бойынша жолығады.  Мырқы қажылық сапарға  Құнанбаймен бірге аттануға дайын отырған-ды.  
Сол кезде діни біліктілігімен, ілімімен елге танылып келе жатқан  Табын руынан шыққан Қалжан ахунды сырттай  біле бастаған  Құнанбай оны көрмекке,  дидарласуға  ықыласты болған. Ахун мешітінде Құнекең  жұма намазын оқиды. Намаз алдында айтылған Қалжан ахунның уағыздарына  көңілі  толып,  риза  болған Құнанбай: 
– Айналайын Қалжан, қажылыққа барған мұсылман баласына  ажал  жолықса,  ұжмақтың  төрінен  орын  тиесілі  дегенді  айтады. Менің  де  тілегім  осы.  Ауылдан  аттанарда  бала-шағаларымды  жинап: «Алладан осындай пәрмен болса,  мені  аяп  мүсіркеуші  болмаңдар.  Ішінде  өкініші  кетті-ау  демеңдер. Әр пенденің ажалы әр  қилы,  бөлек,  оқшау  болады» деп мәлім еткенмін. Сен осыған не дейсің? – дейді.  Мұны жас та болса  Қалжанды  және  жанындағыларды  сынамаққа айтқан болуы да  мүмкін.  
Қалжан ахун  жауабын тез айта қоймай кідірістейді. Осы сәтте  Табын  руының Боқай  аталығынан  Бозжан би Қалжан ахунның  қиналып  тұрғанын  аңғарып: 
– Қалжан, бата-тілекті кідіртуге болмайды. Құнанбай, көтер білегіңді  батаны  мен  берейін:
Ердің  тілегі  қабыл болса  – қалсын,
Елдің  тілегі  қабыл  болса – қайтсын! – деп бата жасапты. 
Қалжан ахун кейінірек өздері оңаша қалғанда Бозжан биге: 
– Мені тығырыққа тірелген жерімнен жақсы құтқардыңыз, – дегенде,  Бозжан би: 
– Сенің кідіргенің де сәтімен болды-ау деп ойлаймын.  Егер сенің аузыңмен  «Тілегіңізді  Алла  қабыл еткей» деген сөз айтылғанда әлдеқалай болар еді, – депті.    
***
Осындай әңгімелер Мұхатдамда жетіп артылады. Мен білетін отыздағы жасында алпыстағы дана қарттай ақылмандығына таңырқайтынмын. Әкесі Әкбар марқұм дуалы ауыз  шежіре-дастан текті тұқым еді. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегеннің дәлеліне Мұхатдамның әкесінен және үлкендерден естігендерін құйып алған құйма құлақ  атануы. Оның  жаныңды  жадыратар,  көңіліңді  сергітер  қазақы  салт-дәстүрге,  әдеп-ғұрыптарға  негізделген  әзіл-қалжыңдарының  өзі  бір  төбе. Мұхатдам талантының толыса, біліктілігінің биіктей түсуінің бірден-бір себебі, отбасындағы жағдайының жақсылығы.  «Ақылман әйел – ақынның бағы...» деп ақындар жырлағандай  оның  жары – Қаламқас Мұхатдамның бағы.
Сәпен АҢСАТОВ. 


Сондай-ақ... оқыңыз:

СЫР МӘДЕНИЕТІНІҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЙРАТКЕРІ

СЫР МӘДЕНИЕТІНІҢ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЙРАТКЕРІ

Сыр мәдениетінің қабырғалы қайраткері – Тынышбек Дайрабайды еліміздің еңкейген...
АДАМНЫҢ БАР МІНІ – МІНЕЗІНЕН

АДАМНЫҢ БАР МІНІ – МІНЕЗІНЕН

Мінез. Адамның мінезі сан саналы, көп қырлы болып келеді. Саралап айтар болсақ:...
«АЛТЫН КҮЗ» ЖИЫН-ТЕРІМ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАР КЕЗ»

«АЛТЫН КҮЗ» ЖИЫН-ТЕРІМ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАР КЕЗ»

Газет тілшісімен болған сұхбат барысында әңгіме ауанын осылай бастаған Шиелі...
ҚҰБА БИ

ҚҰБА БИ

Құба би Өтебайұлы (1700 ж. – 1796 ж.) – би. Кіші жүз ішінде Шөмекейден шыққан. Сыр,...
САНАНЫҢ САҒАСЫ, ЕЛДІҢ АҒАСЫ

САНАНЫҢ САҒАСЫ, ЕЛДІҢ АҒАСЫ

Бұл күндері Ботабай аталатын ауыл кезінде Тартоғай совхозының №3 мал фермасының...
ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

Біздің «Қармақшы» ауылында Марал бабаның шөбересі Әмит ишан (Абдулхамит) және оның...
Пікір: