Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, ақын: МІНЕЗСІЗ АҚЫННАН ЖАҚСЫ ӨЛЕҢ ШЫҚПАУЫ МҮМКІН

 Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, ақын: МІНЕЗСІЗ АҚЫННАН ЖАҚСЫ ӨЛЕҢ ШЫҚПАУЫ МҮМКІНМахмұтбай Әміреұлы 1942 жылы 20 ақпанда Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылында дүниеге келген. Журналистика мен партия қызметі саласында ұзақ жыл еңбек етті. Жетпіс бес жасқа толса да ағамыз әлі күнге қаламнан қол үзген емес. Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан зерделі ақын. Тәжірибелі баспагер. Әнге мәтін жазудың шебері. Оның сырлы сезімді, көркем тілді өлеңдері көңілге жылылық ұялатады.

– Кеңестік жүйеде цензура қатты, есесіне қаламгерге құрмет жоғары болды. Осы күні шығармашылық еркіндік бар, бірақ құрмет жағынан ұяттымыз. Неге?
– Бұлай біржақты айту дұрыс емес. Әр ортадағы көрініс әртүрлі. Сапалы, тұшымды, өтімді дүние жазу арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленуге болады. Оқырманның көңілінен шыға алмасаң, оның да себебін өзіңнен іздеуің керек. Осы күні проза жанрында Дулат Исабеков, Мархабат Байғұттың қаламы қарымды. Еңбегіне сай құрмет-қошеметтен кенде емес. Жазған дүниесінің сапасы орташа немесе одан төмен қаламгердің құрметтен дәмеленуі қисынсыз. Мәселе кімнің өзін қалай көрсеткеніне байланысты. Тірісінде Мұқағали Мақатаевтың еленбегенін айтамыз. Бірақ оны шығармашылық орта мойындады. Бағалай білді. Қазір елдің ақынға ықыласы тіпті ерекше.
– Ақын-жазушы дегеніңіз – ұлттың алдында жауапкершілігі бар халық. Қоғам шындығына сіз қаншалықты үн қосып жүрсіз?
– Халықтың мұң-мұқтажын жырладым деп айта алмаймын. Өйткені туған жер, табиғат, елге сүйіспеншілік тақырыптарында қалам тартуға жаным құмар. Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Әміре Қашаубаев, Әмина Өмірзақова, Жұмабек Тәшенов секілді тарихи тұлғаларға арнап поэмалар жаздым. Қоғамда өзекті мәселелер жетерлік. Қай-қайсысына да жанашырлықпен қараймын, алайда саясат араласқан шулы, даулы тұстарда аяғыңды тартып жүрген-ау абзалы.
– Поэзиядағы ұстазыңыз, рухани ағаңыз Тұманбай Молдағалиевтан не үйрендіңіз? Басқа кімді үлгі тұтасыз?
– Тұманбайдың поэзиясында адамдар арасындағы шынайы сезім әдемі көрініс табады. Сағи Жиенбаевтан көркемдікті, Мұқағалидан азаматтық пен патриоттықты, Қадыр Мырзалиевтен ой тереңдігін, Қасым Аманжоловтан барлығын үйрендім. Осылардың ішінде менің пір тұтатын адамым – Қасым Аманжолов. Ол қиындықты көп көрсе де өлеңмен мұң шағып, жағдайын жырға қосқан емес. Киерге киім, ішерге ас таппаған кездері аз болмаған. Соған қарамастан ешқашан еңсесі түсіп, рухы төмендемеген. Тағдырынан берілген талант. Ештеңеге мойымауды, жігерлі болуды мен Қасымнан үйрендім. Бұрын өлеңге, поэзияға, әдебиетке көзқарас басқаша болды. Тәуір жазатындарды арқасынан қағып, төрге шығаратын. Мұқағали, Тұманбай, Сағи, Қадырлар жарқырай көрінді. Ол кездегі «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алашта» жазғандары жиі жарияланып тұрды. 70-жылдардың бас кезінде Мұқағалидың «Қазақ әдебиетінде» өлеңі шықты. «Білмеймін жүрек неге дүрсілдейді, Қазір маған бюроға кірсін дейді» деп басталады. Содан бері Мұқағалиды оқып келеміз. Ақын-жазушылардың көбісі кейбір шығармаларын өз заманының саяси тұлғалары мен партияға арнап жазды. Мұқағали Ленинге «Ильич», «Мавр» деген поэмаларын арнады. Қасымның «Біздің дастан» деген өлеңі Сталин туралы. Сағи Жиенбаев: «Қайда шулап барады, Ей, балалар, бермен кел, Кепкі киген ағаны, Көп мазалай бермеңдер» дейді. Мұндағы кепкі киген ағасы – Ленин ғой. Сөздің құдіреттілігі ғой, осы шумақтар санада әлі сайрап тұр.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы күні кеңес одағы кезіндегі саяси тұлғаларды жоққа шығарып, тарихты жойғымыз келетін сияқты...
– Өзіміз де осылай заманымыздың айтулы тұлғаларына арнап жыр жазып жүрміз. Бірақ ол кездегідей астамшылық жоқ қой қазір. Ал ескерткіштер мәселесіне келсек, заман бөлек, заң бөлек. Ескерткіштерін бұзып алғаннан бәрін бір жерге жинап, музейге айналдырса, құба-құп болар еді. Бұл – біздің тарихымыз, жүріп өткен жолымыз.
– Сыр елінде шығармашылық орта, аға буын мен жас буын арасында сабақтастық бар ма?
– Жұмыс барысында жастардан ақыл-кеңесімізді аянып қалмаймыз. 2001 жылдан бері оқушыларға арналған облыстық «Балдәурен» газетін шығарып келеміз. Балалардың көбі өлең жазады. Сол жазғандарын жобаға келсе, жөндеймін. Өздері де келіп, үйренуге құлық танытып тұрады. Әйтеуір, қолдан келгенше көмектесемін. Бұл енді тек жұмыстың айналасында. Ал, Асқар Тоқмағамбетовтердің кезіндегідей әр шығарманы бүге-шігесіне дейін талдайтын шығармашылық орта қазір жоқтың қасы.
– Жастарды оқитын боларсыз, қандай баға бересіз?
– Жас деуге келмейді, бірақ қазір шығып жүргендерден Маралтайды ерекше айтуға болады. Аралдық Толыбай Абылаевтың шығармалары тәуір. Толыбаймен жас айырмашылығымыз шамалы-ақ. Қыздарымыздың аяқалысы қуантады. Назгүл Бердіқожа, Толқын Қабылша, Мөлдір Айтбаева, Динара Мәлікова өте жақсы жазады. Көзге түсіп жүргендерді мүмкіндігінше оқуға тырысамын. «Қазақ әдебиеті» газетін қырық жылдан бері үзбей оқып келемін. Көбінің қолтаңбасына осы басылым арқылы қанықпын.
– Мүшәйра жастарға қанат бітіру үшін керек-ақ. Бірақ «жүлде сатылады» дегенді естиміз. Бұған не дейсіз?
– Жазба ақындардың да, айтыс ақындарының да жыр додаларына да қазылық етіп жүрміз. Өзің айтып отырған келеңсіздіктерді көзіміз көрді. Бір-екі рет қарсылық білдіріп, нағыз талант иелеріне жақтасамын деп соңы дау-дамайға ұласқан жағдайлар болды. Шындықты айтқаным жақпай қалса керек, кейінгі кезде төрелік етуге шақыруды қойды. Әдебиетте қолдан ақын жасау, қолдан классик жасау сияқты жайттар кездеседі. Жүлдені саудаға салу үмітті өлтіреді, сенімді сетінетеді. Ең бастысы, бұл – жастарға жасалған қиянат. Ақынның өлеңге құштарлығы басылып қалуы мүмкін. Тіпті, өмірге ренішін туғызады.
– Ақындық мінез деген не?
– Бұл – өлең жазып жүргендердің көңіліндегі шабыт, өмірге құштарлығы. Бір сөзбен айтқанда, бойдағы ақындық қуаттың сыртқа шығуы. Мұқағалида да мінез бар, Өтежан Нұрғалиевте де мінез бар. Тұманбайда сыпайылық басым. Қазіргілердің арасында Маралтай – мінезді ақын. Мінезсіз ақыннан жақсы өлең шықпауы мүмкін.
– Ақынның мұңы деген не?
– Өмірдегі кез келген құбылысты ақын жүрекпен қабылдауы. Айналамыздағы жағдайлардың шамамен жетпіс пайыздайы көңілге мұң түсіреді. Қарапайым адамдардан артықшылығы сол, ақындар бәрін жүректен өткізеді.
– Талай әнге сөз жаздыңыз. «Қызылорда вальсін» екінің бірі біледі. Илья Ильинді жырға қостыңыз. Алтын чемпионды атағынан айырғанда ақынның көңіл-күйі қалай болды?
– Мұны Ильяға жасалған әділетсіздік, қиянат деп білемін. Шынымды айтсам, допинг туралы түсінігім жоқ екен. Ильяға күйе жағудың, оны атағынан айырудың астарында арам пиғыл бар секілді көрінеді маған. Кім не десе, о десін, Илья – алтын ұл. Ол Сыр елінің абыройын, халықтың рухын көтерді. Бірнеше дүркін чемпион атану ерлікпен пара-пар.
– Бірнеше газет шығару сіз үшін бизнес пе? Әлде...
– Газет шығару кейінгі кезде бизнеске айналғанын мойындаймын. Дегенмен, бұдан қыруар пайдаға кенелгендер ілуде біреу ғана шығар. Өзім төрт газет шығарамын, олар негізінен ардагерлерге, мұғалімдерге, оқушыларға арналған. Осынша газетті шығаруға жазылымның қаражаты жетпейді. Мен жұмысшылардың аздығынан үнемдеймін. Әрқайсысында редактор, орынбасары, жауапты хатшы мен тілші болуы тиіс екенін ескерсек, кемі жиырма адам керек. Бәрінің орнында жалғыз өзім жүрмін. Кейде шаршаймын. Бірақ үлгеруге тура келеді.
– Бүгінгі оқырманға ақын-жазушыдан керегі не? Кітапқа қызығушылық қайта оянуы мүмкін бе?
– Керегі бір-ақ нәрсе – жұрт іздеп жүріп оқитын, оқымасыңа қоймайтын тұшымды дүние ұсыну. Қазір кітаптан интернет бағалы болған заман ғой. Сондықтан оқырманның бетін бері қаратудың жолы жаңағыдай.
– Ұлыңыз – білдей бір ауданның басшысы, әкімнің әкесі болған қалай екен? Отбасыңызда шығармашылығыңызды түсінетіндер бар ма?
– Жолдасым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бір түсінсе, сол кісі түсінеді. Ал балаларым әдебиеттен алшақтау. Қызым Мәскеуде тұрады. Ұлым жауапты қызметте болғандықтан, менің жазғандарымды оқитындай уақыты да жоқ. Әкімнің әкесі болу – бір жағынан жауапкершілік, екінші жағынан – құрмет. Ұлым басқаратын Жаңақорған жерінің, халқының тыныс-тіршілігінен хабардар боп отыру үшін аудандық газетті алып, оқып тұрамын. Арасында ақылымды айтатыным бар еді. Жақында кездескенімде «сен сексен төрт мың халыққа ақылыңды айтасың, он алты мың отбасына қамқорлық жасайсың, енді саған ақыл айтқаным артық» дедім. Жоқ-жітікке қамқорлық жасау азаматтық парызы екенін үнемі есіне салып отырамын. Өзі де мұны жақсы ұғынады. Халықтың ықыласы жақсы сияқты.
– Аға, әңгімеңізге рахмет! Мерейтой құтты болсын, жазар таусылмасын!

Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА.
РУХАНИЯТ 18 ақпан 2017 г. 635 0