БОЛМЫСЫ ЕҢБЕК, КЕУДЕСІ ӨРНЕК

Ауылға алыстан қарасақ...

Аты күллі елімізге белгілі бүгінгі Н.Ілиясов атындағы ауыл орналасқан аймақ тарих пен шежіренің таңды таңға ұрып айтсақ таусылмайтын әңгімесіне айналып кете береді. Оның дәлелі осы жерлерге қатысты – Қосасар, Құлкеасар, Кілемжайған, Қаңлыкөл, Ысқақ қайыр, Сам жайлауы, Сарыбай сияқты жер-су атаулары. Бұл үш жүздің басын қосқан киелі мекен – ұлы жүзден Жалайыр, Дулат, Қаңлы, орта жүзден Арғын, Тарақты, Найман, кіші жүзден Байұлы, Жетіру тайпаларының кешегі ізі, бүгінгі көзі.

Елді де, жерді де жаңартамын деген кеңес өкіметі осы тарихи атауларды «Қызыл коммуна», «Еңбекші», «Карл Маркс», «Қызылөзек» деп айдарлап ұжым­дық шаруашылықтар құрды. Осы негізбен орныққан «К.Маркс» колхозынан жеті ша­қы­рым қашық, Жаңадарияға жақын жерден 1966 жылы жаңа шаруашылықтың қазығы қағылды. Жаңа ашылған совхозға Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов директор болып бекіді. Бұл шаруашылық ол кезде «№1 күріш совхозы» деп аталды. Ол кісі алдына осы шаруашылықты қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де «№1-ші» қыламын деп мақсат қойды. Осы мақсатпен шаруашылықты да, ауыл адамының әлеу­меттік жағдайын да жоғары деңгейге көтерді. Ауыл ішінде мектеп, балабақша, мәдениет үйі, сауда орны іске қосылып, игілік молайды.

1972 жылы №1 күріш совхозының директор­лығына Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов тағайындалды. Бір батырдың орнын бір батыр басты. 1972 жылы совхозға «СССР-дің 50 жылдығы» деген ат берілді. Екі батыр басшылық жасаған совхоз бұл жылдары шын мәнінде жүзден жүйрік шаруашылыққа айналды.

1988 жылдан 2003 жылға дейін совхозды тағы үш директор басқарды. 1990 жылдардан кейін «аңшы қанша айла қылса, түлкі де сонша соқпа біледі» дегендей, экономикалық рынок заңы көрпесіне көсілген шаруашылықтың күшін аяғын қымтауға жеткізбеді.

Одақ тарап, өндіріс орындарының тоқырауы күллі елдің жайын қиындатты. «Інген ыңыранса, бота боздайдының» кері туғанда шаруашылықтар шатқаяқтамай қайтсін. Сол жылдары аудан әкімі Алма Божанова 4  шаруа қожалығына бөлінген озат әрі ірі совхоздың негізін сақтап қа­лу­ға, іргесін сөкпеуге бар күш-жігерін жұм­сады. Сол әрекеттің арқасында 2 мың гектар күріштік жері бар қайта құ­рылған «Н.Ілиясов» ЖШС бұрынғы шар­уа­шылықтың негізі болып қалды. Осы серіктестік өз жұмысын жүргізу үшін «ТуранӘлемБанктен» алған қарызын қайтара алмай, онан әрмен тығырықтан шығатын жол іздеді.

Халық қиналғанда Жаратушының бір жақсылық жіберетіні хақ. Абзал Ерәлиевтің бейнесі дәл осы кезеңде қараңғыны қашырған жарық секілді болып көрінді.

Салынбаған үйін сатып, 

серіктестікке жұмсады

Біз айтып отырған ауылдың төл тумасы Абзал Ерәлиев мектептен соң Жамбыл гидромелиорация және құрылыс институтының Қызылорда филиалына оқуға  түсті. Ауыл шаруашылығы құрылысының инженер-құрылысшы мамандығын алып шықты. Әскер қатарынан келген соң үй-құрылыс комбинатына жұмысқа орналас­ты. Өндіріс шебері, прораб, монтаждау учаскесінің бастығы болып, еңбегіне қарай сатылап қызметін көтерді.

Заман ауысып жатты. Құрылыс алаң­да­рындағы еңбек ырғағы қозғалыссыз қалды. Жұмыссыздық келді. Қызметінен қысқарғандар екі қолын қалтасына салып, «үкімет бір жәрдем берер» деп теңселіп жүрді. Бұлттың көлеңкесін жүк көретін жалқаулардың күні туды. Жасынан қиыннан қашпайтын, қауіптен саспайтын мінезбен өскен Абзал еңбектен ажырамау керек екенін түсінді. Жанына Марат Сәрсенбаев, Мереке Шортанбаев, Дархан Ерәлиев секілді жақындарын жинады да «Абзал және компания» деп ат қойып серіктестік ашты. Заман талабының осы екенін жақсы білді. Мекеменің жұмысы жүру үшін де қаражат керек. Айдан айға аман-сау жетуден басқаны ойламайтын кезде Абзал ауылдағы әке-шешесіне күш түсірмейін деп құрылыс заттарын сатып алып, жинай берген еді. Қалап, тұрғызылмағаны болмаса, сол заттардың өзі үлкен бір үйлік екен. Біртіндеп соларды сата бастады. Алушы да табылды, арзан алған бағасынан артығырақ берді. Бір білгені сауда жасауға болады екен. «Сиыр жылына бір туады, сауда күнде туады» деген, сонымен алғашқы жұмыстарын азық-түлік алып сатумен бастады.

Жалақы жылына бір-ақ рет

Сырттан азық-түлік әкеліп сатудың пайдасы күріштен күрмек тергендей екен. «Сауда сақал сипағанша» дегендей, кейде таразыдан жеп, кейде өтірік айтатын «әдетің» болмаса, қолың жүре бермейді. Бала күнінен шын сөйлеп, адал жүруге үйренген адамға бұл өзі қиюы келмейтін іс. Қысқасы, алақанын ысқылап тұрған атпал жігіттерге көлемдірек жұмыс қажет болды. Сөйтіп, 1996 жылы «Абзал и К» ауылшаруашылық құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жұмысын қолға алды. Көктемнің жылымығында, жаздың шіліңгірінде қолынан май, маңдайынан тер аққан жігіттер қара күзге дейін еңбекақы алмайтын. Өйткені шаруашылықтарда ақша жоқ. Олар өздерінің тұтынған тауарларының ақысын күзде қара күрішпен беріп, есептесті. Қара күрішті ақшаға айналдыру үшін алдымен оны ақ күрішке айналдыру керек еді. Ол үшін күріш ақтайтын цехтардың есігін күзетесің. Кезекке тұрудың өзі кезек. Бұл да бір «шықпа, жаным, шықпа» жұмыс сияқты көрінді. Күрішті ақтатқан соң сату керек, жанармай алған жердің қарызын жабу керек, көлік ақысын беру керек. Керек, керекпен өз керегіңді зорға қалдырасың. Бүйтіп қашанғы жүруге болады.

Абзал жігіттерге ақыл қосты. «Өзіміз неге күріш ақтайтын құрылғы алмаймыз?» деді. Сонда ақтау тегін, жемге қалатын күрмегі де, ұшығы да өздерінікі болады. Сөйтіп, олар Қытайдан күріш ақтайтын құрылғылар әкелді де, «Спецавтобаза» мекемесінің бір өндіріс базасын сатып алды. Күріш те, еңбек те ақталды.

Ауыл Абзалға сенді, 

Абзал ауылды түлетті

2003 жылы Н.Ілиясов ауылының жағ­дайы суға кетіп тал қармағанмен бірдей күйде еді. Нарық жағдайына әбден бейім­деліп, істің көзін инемен көктегендей білетін халге жеткен Абзал ауылына қарап алаңдай берді. Серіктестерімен бірге оты­рып, бағдарлама жасады. Бағдарламада ауылдың шаруашылығын көтерумен бірге әлеуметтік жағдайын жақсарту, батыр­лардың бастамасын жалғастырып, ауылдың атын алға оздыру ойға алынды.

Осы оймен туған ауылына барды. Ауыл тұрғын­дарын жинап, өзінің алға қойған жоспарын баян етті. Шаруашылықтың банктегі қарызын жабатынын, ауылды қала бейнелі қалыпқа келтіретінін айтты.

Ауыл адамдарының көпшілігі ­Абзалды қол­дады, біразы жер пайын бергісі келмеді. Негізі шаруа­шылықтағы жердің әр адамға 4,7 гектардан тиетін үлесі бар. Осыны көп кісі өзімнің жекеменшік жерім деп ойлайды екен. Мемлекет жерді әр адамның жеке меншігіне бермейді, оларға пайдалану құқын береді. Ол жердің де жартысынан көбі шабындық жер болып белгіленеді, ал жеке адам ен даладағы екі гектар жерді қалай игереді? Демек, бірігу керек, сонда ғана ортақ игілік жасауға болады.

Түсіндіру, мақсатқа көз жеткізу осылайша ауыл адамдарын жаңа шаруашылыққа қайта топтастырды. Сөйтіп, «Абзал и К» банкке шаруашылықтың кепілге қойған жері мен техникаларын сатып алды. Бұрынғы серіктестік ізімен «Сыр дәні» шаруа қожалығы құрылып, оның төрағасы болып Дархан Ерәлиев сайланды.

Алғашқы жылы 660 гектар жерге күріш еккен «Сыр дәні» әр гектардан 45 центнерден өнім жинады. Жаңа құрылымның еңбек қарқынын көрген жұрт келесі жылы түгел солай қарай бет бұрды. Абзалға сенді.

Келесі жылы аудан әкімдігінің жер қорынан егіс көлемін біраз кеңейткен Абзал 2015 жылы «Мағжан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, «Абзал и К» толық серіктестікке айналып, шаруашылықтың құрылтайшысы міндетін алды.

Осылайша бірте-бірте күріш көлемі артып, техника жаңалана бастады. Абзал әдепкі күннен-ақ ойлаған бағдарламасын іске асыруды 2008 жылы қолға алды. Ол кезде ауыл клубының көлеңкесі малдың жатағы еді, дүкеннің есігі шегеленіп бекітілген. Жауынды күндері көшенің бергі бетінен арғы бетіне өте алмайсың. Батпақ, қоқыстан тазартылмаған ауыл ішінде жүгіртек бала болмаса, жүрелеген кәрі аяқ көтере алмайды.

2008 жылы күріш жиналысымен ауыл ішін тазалау басталды, қырық жылғы көң, қоқыс аулаққа тасылды. Мұнан соң ғимараттар бірінен соң бірі жөндеуден өте бастады. Мектеп мойнын созып, емхана еңселеніп, мәдениет үйінің мерейі тасыды. Асхана қайта салынып мейрамханаға, дүкен сауда орталығына айналды. Күмбезі көк сүйген мешіт есік ашты. Спорт кешені жүзі бал-бұл жанған балалардың сүйікті мекені болды. Керіктей болып бой созған «Биг-Бен» сағаты ауыл адамдарына сәт сайын уақыттың қадірін айтып тұрғандай аяулы. Көшелердің бәрі асфальтталып, жарықтандырылды. Ауыл орталығындағы гүлзар мен бақ сәні сізге осы ауылдан ғана кездесетін ғажап. Ауылда гүл егетін, көше тазалайтын арнайы бригадалар бар. Гүл өсіруші Батыр Рахманбердиевтің қолынан шыққан әсемдікті айтпау керек, көру керек. Субұрқақтың шашылып-төгіліп тұруы ауыл тұрғындарының көңіл-күйін тап басып бейнелегендей әсер етеді. Осының бәрі шаруашылықтың шаш етектен тапқан табысымен келді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деген термин айналымға енбей тұрғанда «Абзал и К» осы әдіспен жұмыс істеді. 2010 жылы сол кездегі облыс әкімінің Н.Ілиясов ауылына келіп, «мұнан арғы жұмыстарды елу де елу жасайық» дегені бар. Сонан бері бұл бағыттағы жұмыстардың да бағасы артты.

«Жыл сайын егін жинау науқанының қорытындысы жасалып еңбеккерлер әр­түр­лі марапаттарға ие болады. Батыр ауы­лы­ның дастарханынан қазақ өнерінің барлық жұл­дыздары дәм татты. Ал, ауыл көрермені ойын-сауыққа ешқашан билет алмайды, барлығы шаруашылық есебінен. Бұл ауылда тұрмысы мен жағдайына арызданатын адам жоқ» – дейді қоғамдық кеңес төрағасы Қуандықов Нұрмағанбет.

Елбасының ерекше сүйсінуі

2011 жылы 1 қыркүйекте Сыр еліне жасаған сапары барысында Елбасы Н.Назарбаев гүлге орнаған Н.Ілиясов аулына ат басын бұрған. Бұл күн ауыл тарихына алтып әріппен жазылатын ерекше күн еді. Жүздерінен бақыт табы ойнаған ауыл тұрғындарымен кездескен Елбасы сонда: «Мен әрбір азаматтың өз туған жеріне қызмет етуі керек екенін әрдайым айтып жүрмін. Абзал сондай мақсатты жүзеге асырып жатыр екен. Әр ауыл Нағи Ілиясов ауылындай болсын!» деп еді сүйсініп.

Елбасының осы сөзі ауыл еңбек­керлеріне күш, еңбекке тың серпін берді. Бүгінде «Мағжан и  К» серіктестігінің себе­тінен шыққан күріш ішкі нарықты ғана емес, экспорттық бағытты да қамтамасыз етіп тұр.

* * *

Аз көлемді мақалада Абзал Ерәлиевтің басшы­лығымен атқарылып жатқан ұлан-ғайыр бейнет пен берекені бейнелеп айтып шыға алмадық.

Ол – Нағи Ілиясов пен Алдаберген Бисеновтен кейінгі батырлар ісін ілгері апарып, туған ауылын гүл-жөргекке ораған тәуелсіздік кезеңіндегі Сыр елінен шыққан тұңғыш Еңбек Ері. «Құрмет», «Парасат»  ордендерінің иегері. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Өз ауылына жасаған көркейтуді Бесарық ауылына да орнатып, 120 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыды.

Ол ауылымды көркейтсем, ауыл-анамның ақ сүтін ақтасам деп армандаушы еді. Өзі көзімен көрген батырлардың тұлғасына ұқсап, халқына еңбек етсем дейтін еді. Армандауды білген азамат сол арманына қол созып, жете де білді.

 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

Саясат 27 шілде 2017 г. 410 0