РЕСЕЙ МҰНАЙ ӨНДІРУДІ АЗАЙТУҒА МҮДДЕЛІ

Әлемдік сарапшылардың пікірінше, Ресей Федерациясы 2017 жылдың екінші жартысында мұнай өндіруді қысқартуға мүдделі. Өйтпеген жағдайда рынокта мұнай бағасы барреліне 40 долларға дейін түсіп кетуі ықтимал. Ал мұндай баға Ресейдің бюджетін қалыптастыруға кері әсерін тигізеді.
Алайда, Ресейдің мұнай өндірушілері Үкіметтің мұндай ұстанымымен келіскісі келмейді. Мұнай өндірушілердің қазіргі таңда өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндіктері мол. Салаға біршама қаржы құйылып жатыр. Оның үстіне өнім көлемін азайтқан жағдайда өндірушілер бұрынғы қалыптасқан рыноктан айырылып қалу қаупін де  жоққа шығармайды.
2017 жылдың мамыр айында ОПЭК (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) қабылдаған шешім бойынша мұнай өндіру көлемін қысқарту мерзімін 2018 жылдың наурыз айына дейін ұзартуға шешім қабылданған еді. Сонымен бірге өнім көлемін қысқартуға байланысты АҚШ-тың сланец (тақтатас) мұнайын өндірушілері де қимыл жасап қалуы ықтимал. Өйткені, оларға бүгінгі баға тиімді.
Ресей сарапшыларының пікірінше, жаңа кен орындарының ашылуына байланысты Қазақстан және басқа да елдер өнім көлемін қысқартуға мүдделі емес.
Саясат 02 тамыз 2017 г. 43 0