Ынның жүзінде. Солтүстік Кореяның пресс-портреті

Соңғы апталарда Солтүстік Корея әсіре белсенді болды. Егер көздегені әлемді ұлардай шулату болса - мақсатына жетті. Рас, АҚШ-қа қоқию әлдеқашан сәнге айналған нәрсе, сондықтан кезекті басы артық ұшырған бір зымыраны мен жуан мәлімдемесі әлемдік қауымдастықты осынша шулата қоюы екіталай болатын. Бірақ бұл жолы Солтүстік Корея жауы түгілі, жолдасына да түсініксіз боп кетті. Мысалы, ол сутегі бомбасын сынаған күннің ертеңіне, өзінің жарылқаушысы Қытайда БРИКС-2017 саммиті басталды. Бұл не, тіпті Қытайға да қыр көрсету ме? Жарылыс күн көсем Чен Ынның туған күніне орайластырылды дегенімен, саммит өткен Қытайдың Шиминь қаласы сынақ өткен жерден алыс емес.

Атасының баласы емес

Корей түбегіндегі ахуал туралы мәліметтер әлемдік БАҚ-тарда онсыз да мардымсыз болатын. Түрлі саяси шолушылар мен сарапшылар (оның ішінде - қазақстандық та) қолда фактографиялық мәліметтер болмағандықтан, Ким Чен Ынның, ал ертеректе - оның әкесінің де құйтырқы әрекеттерін қандай да бір геосаяси қисынға салған болып, бірдеңе түсіндірген кейіп танытатын. Бірақ "сүр кедейдің" осы күз басындағы қылығы енді оны да мүмкін қылмай тұр. Егер Ким Чен Ын "әкеге тартқан ұл" болса, сынақты дипломатиялық ойынға айналдырып, еліне қыстық отын мен жанар-жағармай алып алар еді. Ал елдегі энергетикалық ахуал бұрыннан мүшкіл. Мысалы, 2013 жылғы мәлімет бойынша, елдегі 25 млн халықтың 18 миллионында (!) электр энергиясы жоқ (CIA, World Factbook). Әбден тозығы жеткен турбиналар Қытай және басқалар гуманитарлық көмек ретінде беретін көмірмен оталдырылып келді. Марқұм әкесі Ким Чен Ир жердің астын "бұрқ" еткізгеннен кейін, келіссөздерге саңылау қалдыратын. Қатал санкцияларға ұшырап қалмауға тырысатын. Ал осы - "бопсамен күн көру" стратегиясын жасаған атасы Ким Ир Сен болса, сонау тоқсаныншыларда елді тек осы қоқан-лоқыдан түсетін көмекпен асырады десе де болады.
Бірақ Ким Чен Ынның бұл жолғы қылығы саясаттанушылардың Корей түбегіне байланысты түзіп жүрген онсыз да әлсіз бейнесін қиратып кетті. Оның үстіне, Қытайдың көңілі де баяғыдай емес. Трамптың қарадүрсін стратегияларынан сескенетін ресми Пекиннің (мысалы, зауыттарды АҚШ-қа кері көшіру мүмкіндігі туралы емеурін білдіруі) ендігәрі "бұзық баланы" қалқалай беруге құлқы жоқ. Ендеше Ким Чен Ынның артында жасырған тағы көзірі бар ма, әлде әбден жынданды ма - бізге белгісіз.

Ынның жүзінде

Біздің Солтүстік Кореядағы ахуалды бүкіл әлем жарыса тарататын Ким Чен Ынның фотодағы жүзіне қарап жорымасқа амалымыз жоқ. Оған қарасақ, үнемі күлкі үйірілген келбеті елде де, өзінде де анау айтқандай күрделі мәселелер барын байқатпайды.
Әлем осы уақытқа дейін бұл елден хабар-ошарды тек Оңтүстік Кореядан, Оңтүстік-шығыс Азия елдерінен және қашып шыққан диссиденттерден алып келді. Алайда кейін белгілі болғандай, олардан алынған мәліметтердің де ақиқаттығы күмәнді боп шықты.
Мысалы, 2010 жылғы футболдан ӘЧ кезінде Португалиядан 7:0 есебімен ұтылғаны үшін Солтүстік Кореяның футболшылары мен бас бапкері "итжеккенге" айдалып кетіпті деген жаңалықты басуды тіпті беделді БАҚ-тар қоңсы көрген жоқ. Ақыры FIFA президенті Йозеф Блаттер ресми сауал жолдауға мәжбүр болып, нәтижесінде ойыншылар мен бапкерге ештеңе де болмағаны белгілі болды.
Кейін Ким Чен Ынның пәрменімен көкесі Чан Сон Тхэк тірілей иттерге таланды деген ақпар тарады. 2013 жылдың желтоқсанында бұл хабарды таратуды тіпті әлемдік БАҚ-тар қомсынған жоқ. Тексере келгенде, бұл "мәліметтің" жаңалықтар сайтына ұқсатып жасалған қытайлық блогтан алынғаны белгілі болды.
Тап сол жылы, солтүстіккорейлік әнші қыз Хен Сон Волмен бірге он бір музыкант порнография дайындағаны үшін жәһаннамға аттандырылды делінді. Кейбір БАҚ-тар тіпті бұл оқиғаның қанды жәйттеріне қанықтырып, бейшараларды пулеметпен сақылдатып атыпты деді. Бірақ бір жылдан кейін әншіміз ештеңе болмағандай сол елдің мемлекеттік телевидениесінен көрінді.
Мардымсыз мәліметтердің өзі осынша сенімсіз боп тұрған уақытта саяси болжамдардың түкке тұрғысыздығын мойындауға тура келеді. Себебі, болжам - қолда мәліметтерден ғана түзілетін бейне. Ал бізге әзірге анық жетіп жатқаны - солтүстіккорейлік мейрамдар сайынғы Ким Чен Ынның бақытты да нұрлы жүзі. Және - сенімді дереккөздерден жеткен болмашы ғана мәліметтер. Ал оларға сүйенсек...

Досы аз, дұшпаны көп қылған өсек

Солтүстік Кореяның күңгірттігі мен құпиялығына ет үйренетіндей болды. Бірақ там-тұмдап қана жететін сенімді дейтін мәліметтер қатардағы оқырмандар үшін сауалды көбейтпесе, азайта қоятын түрі жоқ.
Мысалы, Солтүстік Корея 2012 жылы Жер орбитасына спутнигін шығарып, ғарыштық держава мәртебесіне ие болды! Қиыны сол: олар бұл істе Оңтүстік Кореяны да шаң қаптырып кетті. Енді осы жәйтті - технологиялық та, басқа да санкциялардың құрсауында отырған солтүстіккорейлердің жағдайымен қалайша шендестіруге болады? Ғарыштық технологиялардың өте-мөте қымбат екенін әрі ғаламат ғылыми базисті талап ететінін есепке алсақ - мұны "ғажайып" демеске амал жоқ.
Дәл сол уақытта жоғарыда атап өткеніміздей - елдің үштен екісі электр жарығын көрмеген. Мұнай шықпайды (территориялық суларда да). Газ шықпайды. Көмір, шымтезек шықпайды. Жерінің дені - таулы аймақтар; ендеше күшті азотты тыңайтқыштарсыз - егін де мандытып шықпайды. Бұлардың барлығы шеттен келуі керек. Ендеше бұдан кейін - бұл елдің осы шала-жансар күйі біреуге керек пе екен деген күдік туады.
Солтүстік Корея бүгіндері текетіресіп отырған АҚШ - кезінде Советтер Одағы сияқты алпауытпен алысқан ел. Оның қасында құмырсқа ғұрлы жоқ Солтүстік Кореяны бізше айтқанда, қалайша әлі "жапырып" жібермей жүр деген сауал да бар. Бұл не? БҰҰ сияқты соңғы 10-15 жылда абыройы азайып жүрген ұйымның әлі де өмір сүруін ақтау үшін өтірік мәймөңкелеу ме? Осындайда БҰҰ дәліздерінің бюрократиясымен егжей-тегжей таныс дипломаттардың әңгімесіне зәруміз. Бәлкім, "ергежейлі" мемлекеттер әлі де ортақ арбитр органның барына, тіпті азулы алпауыттардан қорғаныш барына сенсін дейтін шығар? Немесе, Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың арасында біз білмейтін уағда бар. Солтүстіктің жерлері мен адамдары бір күні еш радиациясыз, ауру-сырқаусыз Сеулдің қарамағына өтуі керек деген. Мейлінше сол сутегі мен атомның атылуын болдырмай қосып алуға мүдделі. Бірақ мұндай жағдайда, біздің әлемдік БАҚ-тардан көріп жүргенімізді - кәдімгі концерт деп мойындауға тура келеді. Әрі, толық изоляциядағы елдің (Иран сияқты елдермен байланысты айтпағанда) сутегі бомбасын жасауға қолы жеткені әлі де терең зерттеуді талап етеді.

Олар бүгін көңілді

Бірді-екілі сауда өкілдіктері мен туристік фирмалармен байланысы болмаса, сыртқы дүниемен байланысы жоқ Пхеньян туралы қандай да бір сенімді мәлімет табу қиын. Мемлекеттік делінетін интернет-ресурстары да бір өздеріне аян тәсілмен жұмыс істейтін сияқты, дәлірегі, еш жұмыс істемейді. Әйтеуір біршама сайттарын қарапайым қолданушы үшін тым күрделі деп таптық. Бізге аздап - "Корея дауысы" радиосының орыс редакциясын своптайтын радиоподкаст сайттар көмек болды. Мынау - сол "Корея дауысының" 28 тамыздағы бағдарламасындағы "жаңалықтары". Баяндама деуге көбірек келетін шығар. Қысқаша айтқанда, "Корея дауысынан" мыналарды білдік:
- Пэктусанда күн көсем Ким Ир Сеннің майдан жолы мен антижапондық күрес тақырыбына арналған шаралар өтіпті. Жұртшылық сол майданның естеліктерімен танысып, шараның арты әнге, биге, конкурстарға ұласқан;
- 24 тамыз күні Машина жасау мәселелеріне арналған республикалық ғылыми конференция өтіпті;
- Корей Халық Демократиялық Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына хат жіберіпті. Онда ол америка-оңтүстіккорей әскери маневрлеріне алаңдаушылық білдіріпті (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның тұрақты емес мүше екенін ескерсек, радиодағы бұл хабарлама біздің СІМ-ге таныс болар).
Әрі қарай - арасында музыка, патриотизмге үндейтін жалынды баяндамалар, қызық ештеңе жоқ. Жайшылықта амалын тауып тыңдап көремін десеңіз, міне сілтеме: "Корея дауысы" радиосы - http://www.vok.rep.kp/

Ерлан Оспан, Baq.kz
Саясат 08 қыркүйек 2017 г. 107 0