ТҮРКИЯ «НҰРЛЫ ЖОЛ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСАДЫ

Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 5 миллиард долларға дейін жеткізілмек. Бұл туралы Ақордада, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның кездесуінде айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев түрік басшысына елімізге ресми сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.
– Қанша кездессек те көптік ет­пейді. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Түркия президе­н­тінің Қазақ­станға жасаған бұ­дан бұрынғы сапары кезінде экономи­ка салаларына қатысты бірқатар уағда­ластыққа қол жет­кізіл­генін атап өтті. Қабылданған келісімдер аясында көп жұмыс атқарылуда, көп­те­ген жобалар іске асы­рылды. Елбасы сон­дай-ақ Сириядағы қарулы қақтығыс­ты реттеу жөніндегі Астана келіссөз­дерінің алтыншы раунды биылғы 14 қыркүйек­те өтетініне назар аударды.
Түрік басшысы Қазақстанға сапар­мен келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді: «Астанаға келгеніме қуаныштымын. Алғаш рет Қазақстанды Алматы қаласына барған сапарымда танып-білдім. Енді жаңа қалаға, жаңа елордаға келіп отыр­мын, Қазақстанды өз үйімдей көремін», – деді Р.Ердоған.
Түркия президенті өз елінің Қа­зақстан­мен саяси, экономикалық, мә­дени, әскери қатынастарды дамытуға күш салып жатқанын атап өтті. «Бүгінде елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар ша­масында. Әрине, бұл жеткіліксіз. Біз келіскендей, мақ­сатымыз – тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу. Түркия мен Қа­зақ­стан­ның әлеуеті оған жеткілікті» деді ол.
Сондай-ақ Р.Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған бітімгершілік қызметі үшін ерекше алғысын білдірді. Түркия президенті «Сириядағы жағдайға қатысты» Астанада өтетін кездесудің маңыздылығына тоқталып, оның Женева келіссөздеріне оң ықпал ететі­ніне сенім білдірді.
Ақордада екі ел басшылары арасын­дағы келіссөздер аяқталған соң, БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйым­дасты­рылды. Онда Елбасы Қазақстан мен Түркияның саяси және экономикалық тұрғыдан бір-біріне жақын екенін айтып, екі ел арасындағы ынтымақ­тастық қарқынды дамып отырғанына назар аудартты.
Нұрсұлтан Назарбаев түрік капита­лы­ның қатысуымен 1600-ден астам кәсіп­орын жұмыс істеп жатқанын, сон­дай-ақ бірлескен инвестициялық жоба­ларды одан әрі дамыту қажет екенін нықтады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін арттыруда Түркияның тәжірибесін қолдануға ниетті екенімізді жеткізді.
– Түркия инфрақұрылымы дамыған транзиттік ел екені баршаға белгілі. Осыны ескеріп, түрік тарапын Қазақ­стан­­ның көлік-транзит әлеуетін бірге дамытуға шақырдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті екі ел арасын­дағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқталып, жоғары оқу орындары арасында өзара студенттер алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Р.Ердоғанмен әңгімелесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылағанын айтты.
– Негізгі жаһандық мәселелер жө­ніндегі ұстаны­мымыз ұқсас. Екі ел арасында түсініспеушіліктер жоқ. Ас­тана Сирия мәселесі бойынша келіссөз жүргізу үшін өз алаңын ұсынды. Осы­лайша, біз бұл проблеманы тек бейбіт жолмен шешуге өз үлесімізді қосып отырмыз, – деп түйді Елбасы.
Р.Ердоған екі ел арасындағы бай­ланыстарды дамыту жөніндегі диа­логтың жалғасуына ниетті екенін айтып, Қа­зақстан Президентін келесі жылы Түркия Респуб­ликасына сапармен келуге шақырды. Ол Қазақстанда жұмыс істейтін түрік инвесторлары мен биз­несмен­деріне қолдау көрсетіп, оларға қолайлы жағдай туғызғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Сөз соңында Түркия президенті «Нұрлы жол» бағ­дарламасын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті еке­нін айтып, Қазақстан жағына қонақ­жайлылық көрсеткені үшін риза­шылық білдірді.
Түркия президентінің Қазақстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша Үкіметаралық экономикалық коми­с­сияның 10-отырысының хат­тамасына және 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдар­ла­масының іс-шаралар жоспарының хаттамасына қол қойылды. Сонымен бірге, Инвестиция­лар және даму министрлігі мен түр­киялық «Алсим Аларко» консор­циумы және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «БАКАД» автокөлік жолын салу және оны пайдалану мәселесі бойынша өзара түсіністік туралы ме­моран­дум бекітілді.
Саясат 12 қыркүйек 2017 г. 68 0