Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының XIV отырысы өтті

Бейжіңде индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының XIV отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны Қазақ­стан Республикасының Инвес­тициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов, Қытай тарапын ҚХР Даму және реформа істері мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Нин Цзичжэ басқарды.

 Тараптар 2015 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бас­та­ма­сымен Қазақстандағы өнді­ріс­тік қуаттылықтарды дамыту бағдарламасының (51 жоба) іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ Қытай даму банкінің, Жібек жолы қоры өкілдерінің баяндамалары тың­далды, экономиканың шикізат­тық емес секторларындағы цифрлан­­дыру, жасыл және басқа да жоғары техно­логиялар саласындағы өзара іс-қимыл­ды дамытудың алдағы қадамдары қаралды.

«Біз қазіргі таңда Қытай мен Қазақ­станның даму бағдарламаларын одан әрі сәйкестендіру мәселелерін зерттеп жатырмыз. Осы тұрғыдан алғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы өте қызықты, оны біз мұқият зерделеп шықтық, ол цифрландыру, индустрия­ландыру, таза энергия көздерін дамыту және басқа да салалардағы екі ел арасындағы өзара іс-қимыл үшін елеулі мүмкіндіктер ашады», деді Қытай даму банкінің жоспарлау департаменті директорының орынбасары Ху Дуншэн.

Бейжіңге екі күндік сапар аясын­да А.Қабыкеновтің China Power International Holding, China Telecom, Shanghai Electric Corp., YTO Group, COSCO Shipping Lines, NFC, NORINCO International және т.б. ірі қытайлық инвестор компаниялардың басшыларымен кездесуі жоспарланған. 

Дереккөз: egemen.kz
Саясат 13 ақпан 2018 г. 391 0