ЖОМАРТ ЖАН

Осынау жігіт ағасы туралы сұрастырғанымызда тілдескен жанның бәрінің пікірі бір арнаға тоғысты. Қай- қайсысы да облыстық мәслихат депутаты, «Қазақстан – отын-энергетикалық кешені» ЖШС Сексеуіл филиалының басшысы Кәдірберген Бедер жайлы жақсы лебізін жаудырып жатты. Ал аудандық ішкі саясат бөлімін басқарып отырған Махмут Маратұлы болса, «Кәдірберген ағамыз – бармын деп асып-таспайтын, ірілік мінезден мүлде ада, қиналғанға қолұшын созудан тартынбайтын, әрі жасаған жақсылығын ешқашан міндетсінбейтін иманды азамат» деп ойын түсіндеген еді. Өзі де биязы мінезді, артық сөзге үйірсектігі жоқ Махмуттың сөзінен кейін кейіпкерімізбен тілдесуге асықтық.
Халықтан асқан сыншы жоқ. Көпшілік бағалағандай, Кәдірбергеннің бойындағы атаның қаны, ананың сүтімен сіңген ізгі қасиетті байқағанда қазақтың дархан пейілді азаматының амандығын тілегенбіз. Тағы аңғарғанымыз, қалтасына пұл, қорасына мал бітсе, төңірегіне асқақтай көз тастап, өзін басқадан ірі санап, сәлемін де пұлдайтын кейбір байшыкештерден Бедерұлының табиғаты мүлде өзгеше екен. Біздің
шаруамыздың жайын білген соң Кәкең туған қонысы, ел-жұртына қолынан келгенше қызмет жасау әркімнің перзенттік парызы екенін айтып, ол үшін жарнама жасаудың қажеті шамалы деген сыңай танытты. Алайда жақсының жақсылығын неге паш етпеске?! Әсіресе, өмір бойы әлпештеп баққан ата-анасының жанарын жәутеңдетіп қарттар үйіне тапсырған мейірімсіз бала, бауыр етінен жаралған перзентін шырылдатып қоқыс жәшігіне, әжетхана шұқырына тастаған тасжүрек ана, ұл-қызының өзегін талдырып алимент төлеуден жалтарған безбүйрек әке көбейген қазіргідей қоғамда имандылықты, адалдықты, адамгершілікті ту көтерген асыл азаматтарды неге насихаттамасқа?! Осы ұстаныммен халық қалаулысы, жабырқаған жандардың жанашыры Кәдірберген Бедер туралы айтар ойымызды оқырмандардың назарына ұсынуды құп санадық.
Азаматтың нағыз кемелденген шағындағы жаста тұрған Кәдірберген – Сексеуілдің төл перзенті. Еңбек жолын Локомотив депосында қарапайым жұмысшы болып бастап, өмір аталатын ұлы көштің сүрлеуіне түсті. Шығыс ғұламаларының «Адамның мінез-құлқын даусынан ажыратуға болады» деген тәмсілі бар. Дауыс ырғағынан парасаттылық есіп тұратын Кәдірберген «адам – адамға дос, жолдас, бауыр» деген тамаша қағиданы ғұмыр бойы ұстанып келеді. Біздің қолымыздағы Сексеуіл кентінің әкімі С.Мырзағазиевтің берген анықтамасында Кәдірбергеннің бастамасымен мұнан бірнеше жыл бұрын кенттегі мекемелер «Тілеуқұл ишан» мешітіне күрделі жөндеу жүргізгені жазылыпты. «Мың қосшыға бір басшы» деп текке айтылды деймісіз. Оған қоса Бедерұлы жеке қаражатынан алты миллион теңге жұмсап мешіт жанынан 280 орындық асхана салып беріпті. Міне, сауапты іс. Бұл қадам жамағаттың құдайы, садақа жасаған сәтінде қиналмауына жол ашқаны хақ. Асханада алты адам тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасының бірінің көне тұрғын үйін жаңадан салдырып берсе, енді біріне тұрғын үйге қажетті құрылыс материалдарын алып беріпті. Бұл екі отбасы үшін Кәдірбергеннің өз қалтасынан төрт жарым миллион теңге шығындағанын естігенде «Болғанда кәсіпкердің бәрі сендей, кездеспес қазағымда, сірә, кедей!» деп өлеңдетіп жібергенімді өзім де сезбей қалдым. Тағы бір кент тұрғынына кенттегі кәсіпкер азаматтармен бірлесіп тұргын үй салып берсе, «Арал-Сексеуіл» бағытындағы автотрасса бойына өз қаражатынан (тоғыз жүз мың теңгеге) кент төлқұжаты бейнеленген арканың құрылысын жүргізіпті.
Кәкеңнің бастамасымен өткен жылы мектеп бітіргендеріне қырық жыл толған түлектер «Тілеуқұл ишан» мешітін толықтай темір қоршаумен қоршап, қақпасын жаңартыпты. Аруақты қастерлеген ел азбайтыны әмбеге аян. Ендеше ұлағатты шараны көпке үлгі етсек, ұтылмасымыз рас. Бедерұлы ағымдағы қыста семіз бір түйесін сойып, етін аз қамтылған он сегіз отбасыға тегін таратса, жалғызбасты қарттардың отын-суына көмектесуді тұрақты дағдыға айналдырған. Биылғы жылы Сексеуіл, Арал қаласы, Жақсықылыш кентіндегі тұрмысы төмен отбасылардың алты оқушы баласына қомақты қаржы бөліп, Тараздағы «Таң нұры» лагеріне тынығуға жіберді.Мұның бәрі кез келген қалталы бармайтын жомарттық. Халық – Құдайдың бір аты. Олай болса, халқыңа жасаған жақсылығыңның өтеуі нұр болып төгілсін, Кәдірберген!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
Cұхбат 01 тамыз 2017 г. 62 0