ӨРТ СӨНДІРУ ПОЙЫЗЫ теміржолдағы қауіп-қатердің алдын алады

Орталық станциялардың жанында тұратын өрт сөндіру арнайы пойыздарының негізгі мақсаты – теміржолда өрт қауіпсіздігін сақтау, қандайда бір тосын оқиға орын ала қалса, оны одан әрі шарпытпай тез басып тастау. Мақсат айқын, тапсырма түсінікті болғанымен, әр құрылымның өзінің ішкі жағдайлары, мүмкіндіктері болары анық. Осы орайда Шиелі станциясының батыс беткейінде, теміржол вокзалынан да, деподан да оқшаулау тұрған қызыл вагонға арнайы маңдай тіредік. Мұнда қос вагон тұр. Бірі – өрт сөндірушілердің қызметтік орны болса, екіншісінде өрт сөндіруге қажетті сұйықтығы құйылған. Сондай-ақ, теміржол маңында басқа да маңызды нысандармен қатар өрт сөндіру құрылғылары сақадай сай арнайы автокөліктер орналасыпты. Бір қарағаннан бәрін бірдей аңғару мүмкін емес шығар, сондықтан Шиелі өрт сөндіру пойызының бастығы Арнауыт Садықтың өз сөзіне құлақ түрдік:
– Тосын оқиғаның болмағаны жақсы. Әріптестеріміздің арасында «Қызыл вагонның орнынан қозғалмай тұра бергені жақсы» деген мәтел секілді сөз бар. Бұл өрт шығып, станция, разьездерде қауіпті жағдай туындамаса екен» деген ізгі ойдан туындаған пікір. Алайда, ара-тұра ондай оқиғалар орын алып тұрады. Сол кезде, яғни, дабыл қағылған соң, өрт сөндіру пойызы 15 минут ішінде орнынан қозғалып, әлгі оқиға орын алған жерге қарай қозғалуы керек. Осы уақыт аралығында команда толық жиналып, алдағы айқасқа дайын болуы тиіс. Сондықтан да өрт сөндіру қызметкерлері кезекті жұмысынан тыс болса да, алаңсыз отыра алмайды, – деп түйіндеді өрт сөндіру вагонының бастығы.
– Мына тіркелген вагонда 100 тонна су сақталады. Сондай-ақ, 2 су айдағыш насос, 5 тонна көбік, қара жолмен өрт болған жерге тез жететін автокөлік бар. Өйткені, өрт – тілсіз жау, бірден лап ете қалуы мүмкін. Сондықтан басқа да талаптардың орындалуы қатаң қадағаланады, – деп өз пікірін білдірді пойыз басшысының орынбасары Жалғас Ибитаев.
Иә, айтқан жерде пәле жоқ, қызыл тілі сумаңдаған жалын ештеңені шарпымай-ақ, қойсын, алайда жоғарыда айтылғандай, мұндай оқиғалар тосыннан тарс ете қалатыны бар. Мәселен, 2016 жылдың 2 қазан күні Шиелі сатанциясында 300 тонна мақта тиеген вагон өртенді. Ұшқыннан өрт лаулаған. Кей адамдардың аңғалдығы, тіпті, жауапсыздығы дейсіз бе, кейін тексере келгенде мақта тюктерін сыммен шандыған екен. Міне, сол сымдар үйкеліске түсіп, қызған кезде мақта түтіндей бастаған. Осы өртті сөндіру үшін өрт сөндіру пойызы мен теміржолшыларға бірнеше сағат арпалысуға тура келді. Бастысы, өрт шыққан вагонды халық жиі шоғырланған жерден аулаққа алып шығуға және қауіптілік салдарын бәсеңсітуге бар мүмкіндік жасалды. Бұл енді кәсіби біліктіліктің пайдасы. Осы секілді қауіпті жағдайлар өз мерзімінде ауыздықталып, айналаға зардаптарын тигізбеді. 2009 жылы цех ішіндегі өрт, 2012 жылы – 18-разъездегі осындай жағдай, 2014 жылы – деподағы отқа оранған тепловозды, 2015 жылы улы зат – хлорлы ұнтақ тиелген вагоннан шыққан өртті қысқа мерзімді сөндірудің сәті түсті. Айтпақшы, әңгіме желісіне қарай, мына оқиға да есімізге түсіп отырғаны. Тоқсаныншы жылдардың ортасы болуы керек, осы Шиелі станциясына келіп тоқтаған жүк пойызы газ тасымалдайды екен. Содан өрт шықты. Үлкен цистернаны жалын шарпи бастады. Жалын күшейе келе вагондағы газдың жарылуы, оның зардабы өте күшті боларын білген өрт сөндірушілер мен станция қызметкерлері барлық айла-амалдарын қолданып, вагонды аулаққа алып шықты. Өртті тез сөндіру іс-қимылы кезінде көптеген азаматтар ерлік іс жасады. Соның бірі міне, осы арада жолығысып отырған бұрынғы өрт сөндіру командасының командирі Хамзат Чоландаров. Ардагердің өзі бұл оқиғаны қайта еске алуға құлықсыз болғандықтан, мазасын алмадық. Білетініміз, 6 қызметкердің мемлекеттік марапат – «Ерлігі үшін» медаліне ие болғандығы. Соның бірі осы азамат. Сол оқиғаға белсене араласқан қызметкердің бірі Бақытжан Ділімбетов болатын, ол қазір жоғары лауазымды қызметте, Астанада өрт сөндіру және қалпына келтіру пойыздары департаментінің басшысы. Сондай-ақ, Жалғас Ибитаев, Нұрмағанбет Көшенбеков, Қалмағанбет Ниязханов, Шәйімбет Әріпбаевтар. Осы саланың олыстағы басшысы Ғалымжан Табынбаев қызметін адал атқарып, табандылық танытқан азаматтарды үнемі айта отырып, олардың ерлік істерін кейінгі жігіттерге насихаттауды тапсырады. Сол себепті мұнда ұрпақтар сабақтастығы үзіліссіз жалғасын тауып келеді.
Жоғарыда айтылғанындай, қауіпті жағдайлардың туындамағаны, яғни, қызыл пойыздың орнынан қозғала қоймағаны жақсы. Әрине, ол үшін теміржол бойындағы әр маманның өз ісіне сақтықпен қарап, міндеттерін жауапты атқарғаны ләзім.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі станциясы.
Cұхбат 01 тамыз 2017 г. 149 0