ШІРКЕЙЛІДЕ ШИРАҒАН ЕҢБЕК

Бір кездері «Шіркейлі» ауылының даңқы дүркіреп шыққан. Елді жиырма жыл басқарған отызмыңдық Жаңабай Азаматов биікке көтерген бұл ауыл Одақ тұсында «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленді. Күріш, мал шаруашылығы қатар өркендеген, жылма-жыл жүз мың центнерге жуық күріш тапсырып, талай марапатқа ие болғанын көзкөргендер әлі күнге жыр етіп айтады. Атақты Ұлбикемен айтысатын Күдері ақынның кіндік қаны тамған қасиетті жерде айтқыр Қалтай, ақын Әбдірәштар дүниеге келген. Үш жүз тағзым еткен Тапал ахунның табаны тиген өңір құт берекелі бірліктің мекеніне айналған еді. Әбен, Жақып, Құдайберген, Ыдырыс, Абат, Молдабек сынды абыздар кезінде елге сыйлы болды. Қазіргі көзі тірі ардагерлер – Құдаш, Бекен, Біләл, Зейнолла, Абзалдар сол дәстүрді жалғастырып, елдің бірлігін сақтауда құрметке бөленумен жүр.
Ауыл даңқын асқақтатқан дихандар мен малшы-сауыншылар бұл ауылда көп болды. Жоғары кеңеске депутат болған сауыншы Қызкенже Пірішева, диқан Қыдырқожа Майлықожаев, сонан соң Бексұлу, Орынкүл, Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаева жырға айналған. Еңбек дәстүрін одан әрі жалғастырған қазіргі «Мәді қажы» шаруашылығын басқарған Аббас Камалатдинді құрметті демалысқа шығарып, орнын Абзал Сұлтановтың ұлы Сейіткамал Сұлтанов тізгіндеп, шаруашылықты одан әрі дөңгелентіп тұр.
Жақында «Мәді қажы» ЖШС директоры Сейіткамал Сұлтановпен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұрақ өрбіп, ел тынысы одан әрі әңгімеге арқау болды.
– Сейіткамал Абзалұлы, атақ-даңқы дүркіреген «Еңбек Қызыл Ту» орденді «Шіркейлі» ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігінен әңгіме қозғасаңыз...
– Біздің ауыл – қаймағы бұзылмаған, бірлігі жарасқан, еңбек дәстүрі қалыптасқан өңір. Елде 3 мыңнан астам халық тұрады. Орта мектеп, клуб, спорт, музыка мектептері, балабақшалар жұмыс істейді. Ауыл мектебі білім беру жөнінен ең алдыңғы қатарда, әрбір үшінші үйде осы заманғы көлік түрлері бар. Бірнеше кәсіпкер ауыл келбетін өзгертуге, гүлдендіруге атсалысуды мақсат тұтқан. Көшелер асфальтталған, жасыл желекке бөленген, ауылда жарық жүйелері жүйеге түскен. Еңбек ардагері Жаңабай Азаматов алаңы жас отаулардың тағзым етер қасиетті жері десем, артық емес.
– Қандай қиындықтар бар?
Әрине, әлі де күрмеуі шешілмеген мәселелер жеткілікті. Техника, тыңайтқыш, жанармай қажетті бөлшектерге, штаттан тыс мамандар ұстау қиындық туғызады. Берешек қарыз бар. Қысқасы, жұмысты жүйелендіріп, тез арада берешек қарыздан құтылудың жолын қарастырмай болмайды. Өйтпейінше, ел еңсесін көтере алмаймыз. Шығынды азайтып, шұғыл табыс көзінің жолын ашуымыз керек. Ол үшін мұқият есеп керек.Азаматтарды еңбегіне қарай ынталандырып, ақы төлеуге жол ашпай болмайды. Әрбір отбасы өндірілген өнімнің рахатын көруге тиіс.
– Берешектен құтылу үшін не істеу керек?
– Гектар көлемін ұлғайта түсуіміз керек. Әр гектардан тұрақты елу центнердің үстінде жылма-жыл өнім алуға шығып, ауыспалы егіске жол ашу қажет. Қазіргі 500 гектар жоңышқа көлемін ұлғайтпай болмайды. Күріш, жоңышқа өнімін көбейту арқылы ауылдың әл-ауқатын тез арада өрге сүйреуге болады.
Біз таяу уақытта көкөніс өсіретін жылыжай салмақшымыз. Бұл қысы-жазы көкөністің үзілмеуіне мүмкіндік туғызады. Сонан соң өндіріс базасын ұлғайта түсу жоспарда тұр. Бұған қоса, құрылысқа қажетті қара қағаз, түрлі-түсті плиталар, кафель желімдерін шығаратын бірнеше цехтарды ашуға бетбұрыс жасап жатырмыз. Құрылыс заттары өзімізде шықса, көп адам қалаға сабылмай, тұрғын үйлерді сапалы әрі тез салуға жол ашатын болады. Қазіргі қолда бар техника, тыңайтқыш, қажетті бөлшектер сақтайтын техникалық база – гараж, қоймалар салуды қолға алып жатырмыз. Қысқасы, таяу уақыттың ішінде 3 гектардай алаңдағы техбазада техника түрлері қыс бойы бұрынғыдай ашық далада емес, белгілі бір жылы жерде тұрып жөнделетін, сақталатын болады.
– Қазір егін орағының нағыз қызған кезі ғой. Өнім қалай, техника жеткілікті ме? Еңбек адамдарына қандай құрмет көрсетіліп жатыр?
– Биыл 2500 гектар алқапқа күріш еккенбіз. Қазіргі өнім жоғары. Гектар сайын 50 центнердің үстінде өнім алып жатырмыз. Егін көлемінің 1000 гектарға жуығы орылып, бастырылды. Таяу күндері егін орағын аяқтап, алтын күзді еңбек мерекесіне айналдырғалы тұрмыз. Егін орағына 20-ға жуық техника түрлері қатысуда. Механизаторлар Еркін Айтқожаев, Жасұлан Көпбергенов, Нұрлыбек Ысқақовтар еңбек көрігін қыздырып күн сайын тонналаған өнімді қоймаға жөнелтуде. «Қайрақбай», «Сарыбай», «Лайкөлде» егіншілердің дала қостары бар. Үш бригаданың – Әділ Нақыпов, Зина Қайрош, Манарбек Әлиевтер 12 звеноның күрішін тез арада жинау үшін қымбат уақытты зая кетірмеуде.
– Еңбек жолыңыздан дерек келтірсеңіз?
– Осы ауылдың тумасымын. Еңбек жолым осы ауылда басталған. Жоғары білімді құрылыс инженерімін, бұған дейін ауыл әкімі болып қызмет атқардым. Сонан соң бүкіл жұртшылық осы «Мәді қажы» шаруашылығын басқаруға сенім білдірді. Ел құрметін ақтауға тиістімін.
– Бүгінгі әңгімеде біраз жайлар қамтылған секілді. Тағы да не айтар едіңіз?
– Жақында облыс әкімі ауылға келіп, тұрғындармен жүздесті, жиын өткізді. Осы бір кездесу бізге жаңа шабыт бергендей болды. Еңбегімізге сәттілік тіледі. Мақсат – ел бірлігін сақтап, «Шіркейлі» ауылының даңқын асқақтату. Бұған іспен жауап беруге бел буып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Cұхбат 19 қыркүйек 2017 г. 436 0