ОТАН ҚОРҒАУ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Армияның тәртібі ауыр деседі, бірақ бұл ауыртпалық – қиыншылық бейнеті емес, ел қорғау бейнеті. Армия – біздің егеменді мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру – қасиетті борыш ғана емес, сондай-ақ зор мәртебе! Армия қызметі – ел Тәуелсіздігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі» деген қанатты сөзі әрбір азаматқа рух сыйлайды. Осы себепті, қазақ әскерінде қызмет атқарып, Отан алдындағы борышын орындауда ер жігіттерге аса жауапкершілік пен үлкен міндет жүктелетіні хақ.

Осы бағытта әскерге баруда азаматтарымыздың құлшынысы қандай? Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына сарбаздар мен сардарларды дайындау мен шақыру мәселелері туралы Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат Шымкентбайұлы Даулетбаховтан айтып беруін сұраған едік.

– Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс, – деген болатын. Сондықтан да кез келген мемлекеттің алдыңғы шебінде тұратын әскер. Әскери саланы таңдаған әскери қызметшінің алғашқы міндеті – мемлекет алдында берген антқа адал болу.
Қазіргі білім мен техника дамыған, бәсекелестік заманында әскери қызметшілер күнделікті жұмыс барысында іс-тәжірибе арқылы ізденісін ұштастырып отырады. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әскери қызметші өз саласын жетік білу жолында еңбектене отырып, жоғары нәтижелі жұмыс қорытындысын шығаруға тырысады. Жоғарыда айтылған істің дәлелі ретінде елімізде болашақ офицерлер мен сержанттар дайындауда жігерлі жұмыс атқарып келе жатқан әскери институттар мен әскери мектеп-интернаттары және сержанттарды даярлайтын кадет корпусы туралы зор мақтанышпен айта аламыз. Олар: Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Ақмола облысы Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы, Астана қаласындағы генерал С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебі және Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларындағы республикалық әскери мектеп-интернаттар.
Биыл Қызылорда облысы бойынша 39 азамат әскери оқу орындарына түсті. Былтырғы жылға қарағанда, оқушылардың әскери салаға деген ынта-жігері жылдан жылға арта түсуде. Осы тұста айта кету керек, мектептегі бастапқы даярлық пән мұғалімдерінің де еңбегі зор.

– Енді әскерге келісім-шарт негізінде қабыл­данғандар туралы айтып өтсеңіз...

– Сержанттар және сарбаздар құрамындағы әскери лауазымдарға азаматтарды келісім-шарт бойынша әскери қызметке жасы 18-ден 30 жасқа дейінгі әскери техникалық мектептің ақылы негізде жиыннан өткен және мерзімді әскери қызметін өтеп келген әскери міндеттілерді Аягөз, Өскемен, Семей, Гвардейск, Үшарал, Сарыөзек, Қапшағай, Приозерск және Ақтау қалаларында орналасқан әскери бөлімдерге келісім-шарт бойынша әскери қызметке шақырады. Бүгінде әскери қызметшілерге қаржылай қамтамасыз ету, тұрғын үйдің жалға алу төлемінің кепілдігі, ақысыз медициналық қамтамасыз ету және жыл сайын кезекті еңбек демалысына шыққан уақытта үш айлық көлемінде ақшалай қаражат төленеді. Бір әскери бөлімнен келесі бөлімдерге ауысқан кезде, арақашықтығы 100 шақырымнан асатын болса, әскери қызметшіге 2 айлық жалақы көлемінде, жолдасы мен балаларына әрқайсысына 1 айлық жалақы көлемінде ақшалай қаражат бөлінеді. Қосымша ақпаратты аудандық, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма немесе бөлімдер бере алады.
Келісім-шарт негізінде былтыр облыстан 66 әскери қызметші еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери бөлімдерге қызметке орналасты. Сонымен қатар, биылғы жылы 45 әскери қызметші келісім-шарт негізінде қабылданды.

– Мерзімді әскери қызметке кімдер шақырылады? «Күз-2017» әскерге шақыру науқаны бағытында күзгі жұмыстар қалай жүзеге асуда?

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және ҚР азаматтарын 2017 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» №449 Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар қолдарына шақырту қағазын алған күннен бастап жергілікті әскери басқару органдарына баруға міндетті.
Мерзімді әскери қызметке шақырылушы азаматтар алдымен міндетті түрде медициналық куәландырудан өтеді. Әскери дәрігерлік комиссия
медициналық куәландыру нәтижелері бойынша болашақ сарбаздардың денсаулығы жөнінде шешім шығарады.
Биылғы жылы көктемгі науқанда 1990-1999 жылы туылған 800-ден аса азамат әскер қатарына жіберілсе, күзгі науқан ағымдағы жылдың қыркүйегінің 5-де басталды. Қазіргі таңда ҚР ҰҚК шекара қызметіне, ҚР Қарулы Күштеріне, ҚР Ішкі істер министрлігіне, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне 400-ге жуық азаматтар жіберілді. Жоспар бойынша желтоқсан айына дейін 800-ден аса мерзімді әскер қатарына шақырылушыларды Отан алдындағы борышын өтеуге аттандыратын боламыз.

– Науқан кезінде түрлі жағдайлардың куәсі болып жатамыз. Мысалы, кейбір азаматтар әскерге баруға асығады. Енді бірі денсаулығы салдарынан әскер қатарына қосыла алмай жатады. Кімдер әскер қатарынан кейінге қалдырылуы мүмкін?

– 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттерді мерзімді әскери қызметке шақыру тек отбасы жағдайларына байланысты, жоғары оқу орындарында білім алуды жалғастыру және денсаулық жағдайы бойынша кейінге қалдырылады. Сонымен қатар, отбасы жағдайлары бойынша, мәселен басқа адамның көмегiне мұқтаж немесе толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, жақын туыстары болмаған кезде отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға жеңілдіктер беріледі. Оларға әскерге шақыруды уақытша кейінге қалдыру ұсынылады.
Екінші мәселе, білім беру орындарында оқып жатқан кезде әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру – білім беру орындарында жалпы орта білім алатын азаматтарға, тиiстi білім беру орындарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беру орындарында білім алып жүрген азаматтарға нақты қай жерде оқитынын растайтын құжаттарды ұсынған кезде, жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға, білімін жалғастыру себебі бойынша кейінге қалдырылған азаматтарға әскерге шақыру кейінге қалдырылады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Cұхбат 07 қараша 2017 г. 901 0