ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК БЕРУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ

Алдағы жылы енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына қатысты оқырман тарапынан сауал көп. Ұлт жоспарында әлеуметтік көмекті оның сипатын күшейте отырып, оңтайландыру тапсырылғандықтан, енді әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Газет тілшісі осы орайдағы бірнеше сұрақты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтынкүл Есқараеваға қойған еді.  

– Алтынкүл Итенқызы, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілуімен не өзгереді? 

– Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысқанда ғана берілетін болады. Енді АӘК, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, 4 және одан да көп 18 жасқа дейінгі көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы біріктіріледі. Жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасылармен әлеуметтік келісімшарт жасалып, еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысу шарты қойылмақ.  

– Жаңа жүйеге көшуден қандай нәтижелер күтіледі? Оның қолданыстағы әлеуметтік көмектерден айырмашылығы неде? 

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешелігі – аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы  әлеуметтік көмек кешенді болып, 3 түрлі  мемлекеттік қолдауды біріктіріп отыр. Олар – атаулы әлеуметтік көмек төлемі, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу (бос жұмыс орындарына жолдау, тұруына, жол жүрісіне, біржолғы ыстық тамағына (техникалық және  кәсіптік оқу орындарында білім алған жағдайда) шығыстарды өтей отырып, оқуға жіберу және мемлекет есебінен шәкіртақы төлеу, мемлекет есебінен еңбекақысын субсидиялай отырып, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу, жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беру), мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар көрсете алады. Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедейшілік шегінен шығаруды кешенді түрде қарастырады. 

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады? 

– Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамадардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын  отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес. 

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы керек. Әлеуметтік келісім-шартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады. Әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді. 

– Жұмыспен қамту орталығы мен көмек алушының арасында жасалатын келісім-шарт туралы таратыңқырап айтсаңыз. Әлеуметтік келісім-шартта екі тарапқа қандай міндеттер жүктеледі?  

– Әлеуметтік келісім-шарт шартты ақшалай көмек тағайындау үшін міндетті. Мемлекет отбасының қиын жағдайдан шығуы, кәсіби және әлеуметтік бейімдеу үшін қаржылық көмек көрсетеді. Келісім-шарт бойынша аз қамтылған азаматтар өзіне жұмысқа орналасу бойынша міндеттемелер қабылдайды. Ал жұмыспен қамту орталықтары  оларға жәрдемдесу шараларын, ал қажетті жағдайларда әлеуметтік бейімдеу шараларын көрсетуге міндеттенеді. 

Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған, еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік жүктелген міндеттерді орындамаса, жәрдемақы мөлшері азаймақ. Бірінші рет отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50 пайызға, ал қайталанған жағдайда 100 пайызға қысқарады. Тек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.  

– Енді көпті толғандырған сауал, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қандай болады? 

– Біріншіден, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдісі өзгеруіне орай оның мөлшері өсетін болады. Егер ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 459 теңгені құраса, келесі жылы оның көлемі 28 284 теңгеге дейін өсетін болады. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері қазіргі 40 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылады. Егер қазір кедейлік шегінің мөлшері 8062 теңге болса, келесі жылы 14 142 теңгені құрайтын болады. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен кедейлік шегінің айырмасы ретінде төленеді. 

– Атаулы әлеуметтік көмекті ай сайын алып отырған отбасы  қиын жағдайдан бірден шығып кететініне кепілдік жоқ. Мұндай кезде көмек алушыларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған? 

– Құрамында еңбекке жарамды азаматтары бар отбасыларына шартты ақшалай көмек ұсынылады. Жұмыспен қамту орталығы көмек алу үшін жүгінген адаммен немесе оның отбасы мүшелерімен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік бейімдеуге бағытталған отбасының жеке жоспарын жасайды. Жеке жоспарда отбасының қиын  жағдайдан шығуының нақты, кешенді іс-шаралары көрсетіледі. Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісім-шарт алты айға жасалады. Отбасы мүшелерін әлеуметтік бейімдеу жалғасатын болса, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері кәсіби оқуды, жастар тәжірибесін, әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыспен қамту шараларын аяқтамаса, қажет болған жағдайда алты айға ұзартылады. 

Шартты ақшалай көмек ай сайын немесе өтініш берушінің арызы бойынша біржолата үш ай үшін төленеді. Біржолғы төлем сомасы тек қана әлеуметтік келісім-шарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (малды, құсты сатып алу және басқа), дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға пайдаланылады. 

– Өңірде 2015 жылдан бастап «Өрлеу» жобасы пилотық режимде іске асырылып келе жатыр. Үш жыл  өтті, жобаның нәтижесі туралы не айтасыз? 

– «Өрлеу» жобасы 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған барлық аудандарда сынақтан өтті, тиімділігін көрсетті. Осы кезеңде құрамында 5190 адамы бар 879 отбасы жобаға қатысты. Оның ішінде 1048 еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Соңғы үш жылда «Өрлеу» жобасына қатысушылар саны 2 мың есеге артып, АӘК «пассивті» алушылар саны 65 пайызға дейін азайды. Жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа табысы (2017 жыл 9 ай) 3 есе артты. Жобаға қатысқанға дейін 4 мың теңге болса, жобаға қатысқаннан кейін 15 мың теңгені құрады. 

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тұрғындар қайда хабарласады? 

– Жаңа жылдан бастап жұмыспен қамту орталықтары – бірыңғай оператор болады. Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткерлерден құжаттар қабылдау жұмыспен қамту орталықтарында жүргізіледі, ауылдық жерлерде құжатты кент, ауылдық округі әкімдері қабылдайды.  

– Оқырман қауым солтүстік өңірлерге қоныс аудару туралы да көп сауал қояды. Енді қоныс аударушыларға көрсетілетін көмектер жайында айтсаңыз... 

– Биыл Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өңірлерінің өкілдері келіп 2 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Қоныс аударуға 357 отбасы ниет білдіріп, 32 отбасы 132 адам көшті.  Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарымен (түйіндеме, отбасы құрамы) хабарласу қажет. Қоныс аударған жерінде жұмыспен қамтылады, барлық жағдайы жасалады. 

Бағдарламаға қатысушыларға берілетін субсидиялар туралы айтсам, шығу өңірлерінен қоныстану өңірлеріне көшуге арналған субсидия әрбір отбасы мүшесіне отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш (79415 теңге) мөлшерінде бір рет беріледі. Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шығындарын өтеу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін субсидиялар ауылдық жерлерге қоныс аударушыларға он екі ай бойы ай сайын төленеді. Бір адам үшін он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш (34035 теңге). Отбасында 2-4 адам болса, он сегіз еселенген айлық есептік көрсеткіш (40842 теңге). Ал 5 және және одан көп адам болса, жиырма бір еселенген айлық есептік көрсеткіш (47649 теңге) мөлшерінде төленеді. 

– Қоныс аудару квотасы жыл соңына дейін бар ма, келесі жылы қалай болады? 

– Биылға Солтүстік өңірлерге бөлінген квота толық игерілді.  2018-2022 жылдары  5888  отбасын қоныс аудару үшін квота жоспарланып отыр.   

– Жаңадан жеке кәсіп бастағысы келетін жұмыссыз азаматтарға қандай қолдау көрсетіледі?  

– Бірінші рет кәсібін ашқысы келетіндер үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу курстары ұйымдастырылады. Оқуға келген бағдарламаға қатысушыларына стипендия төленеді.  

Бұл бағыттың ерекшелігі – азаматтың халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген-тіркелмегені маңызды емес. Жұмыссыздар мен кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар, ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері де бағдарламаға қатыса алады. 

– Әңгімеңізге рахмет. 

 

Сұхбатты жүргізген:  Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 

Cұхбат 18 қараша 2017 г. 1 029 0