Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры һәм халық сенімі

Осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2013 жылдың 23 қаңтарында өткен үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Өз ұсынысын Елбасы  «ұлттық банк басқаратын мұндай қор азаматтардың жинақ ақшасын тиімді әрі қауіпсіз басқаруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірген-ді. Бірден қолдау таппаған бұл ұсынысты сынағандар халықтың жинаған 20 миллиардтан астам қаржысы қолды боп кетуі мүмкін екендігін де айтқан, сол кездері. Тіпті 2013 жылы ұлттық банк төрағасы болған Григорий Марченконың өзі: - Мемлекет басшысы зейнетақы жинақтаушы қорларды біріктіру жөнінде тапсырма бергенін білесіздер. Президенттің тапсырмасы бәрібір орындалады. Түптеп келгенде, бұл арада бәлендей ештеңе өзгере қоймайды. Адамдардың есепшоттары да, онда жиналған ақшасы да өздерінде қалады, - деп түсінік бергені есімізде.

Содан бері 4 жылдан астам уақыт өтті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз жұмысын атқарып келеді. Жыл санап, қор өз жұмысын жақсартқаны болмаса, салымшылардың ақшасы жоғалыпты немесе, басқа да қылмыс орын алғаны жөнінде хабар тараған жоқ. Қор салымшылары үшін барлық жағдайды жасалуда. Салымшылар өз шотында қанша ақша барын ұдайы қадағалай алады. Осы күні зейнетақы қорының табыстылығы жыл санап ұлғайып келеді. Бір ғана мысал, 2017 жылдың 9 айы ішінде салымшылардың зейнетақы шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 462 млрд теңгеден асқан.  2017 жылдың 1 қаңтарынан 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,68 пайызды құраған.

Қор тек халық ақшасын жинап қана қоймай, салымшыларының өз жинақтары туралы ақпаратты тез алу үшін де барынша жағдай жасап келеді. Қазіргі таңда зейнетақы қорының арнайы сайтына тіркеліген азамат өзінің қоры жайындағы ақпаратты ала алады. Ол үшін әр азамат қор сайтына тіркеліп, арнайы логин мен құпия сөз алады да өзінің жинағы жайындағы ақпаратты біліп отырады. Барынша ашықтықты қолдағанымен қор зейнетақы жарнасының құпиялылығын қатаң сақтайды. Әр салымшы туралы жеке ақпарат «ҚР зейнеткерлікті қамтамасыз ету» туралы заңымен қорғалған.

Бүгінде еліміз бойынша қордың 231 бөлмішесі жұмыс жасап тұр. Әр салымшы өз қоры туралы ақпаратты қаласындағы бөлімшеден немесе,  www.enpf.kz сайтынан біле алады. Бұл операция  үшін арнайы логин мен құпия сөз ия бомаса, электронды цифрлы қолтаңба болуы керек. Тек сонда ғана салымшының үйден шықпай-ақ өзінің зейнетақы қорындағы салымы жайында ақпарат біліп отыруға мүмкіндігі болады. Сондай-ақ бұл қызметті www.egov.kz электронды үкімет порталынан да пайдалануға болады.

БЖЗҚ-да қоры бар азаматтар қонысын аудармақшы болған жағдайда өзінің елден кететінін растайтын құжаттарын рәсімдеп, қорындағы қаражатын алуға мүмкіндігі бар. Ол үрдіске қажетті құжаттардың барлығы қор сайтында тұр.

 Оқырмандар арасында зейнетақы жарналарын кім және қашан ала алады? -  деген заңды сұрақ болуы мүмкін. Қор мамандары бұл сұраққа да өз жауаптарын беріп қойған. Ең алдымен бұндай мүмкіндікті ел аумағынан шетке кеткелі жатырған азаматтар пайдалана алады. Сондай-ақ елу жасқа толған және мүмкіндігі шеткеулі азаматтар өзінің қаражатын ала алады. Ол үшін ҚР-ның заңнамасына сәйкес құжаттарды ұсынған азаматқа БЖЗҚ белгіленген мерзімде ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу ережесіне сәйкес зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырады. Өзінің жинағынан ақша алам деген азамат қажетті құжаттардың маңызды тізбесін БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай, сондай-ақ төлем валютасының түріне қарай өтініш бланкілері, оларды толтыру үлгілері мен сенімхат үлгілерін www.enpf.kz мекен жайы бойынша БЖЗҚ веб-сайтынан көре алады. Бұдан бөлек, БЖЗҚ кеңсесіне өзі келгенде алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы және алушының банктік шоты туралы мәліметтер қажет. Сенім білдірілген тұлға немесе қамқоршы арқылы алуды көздеген салымшы біріншіден қорындағы қаражатты алам деген азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін, екіншіден нотариат куәландырған сенімхат немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі мен заңды өкілдің куәлігі және заңды өкілді тағайындау туралы анықтаманы алып келетін болса, үшіншіден  сенім білдірілген тұлғаның заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және салыстырып, тексеру үшін түпнұсқасы ұсынуы керек. Сондай-ақ алушының банктік шоты туралы мәліметтер болғаны дұрыс. Қор мамандары жинағын алам дегендер бұл істі пошта арқылыда тыңдыруға болатынын айтады. Дегенмен алынар соммаға салық салынатынын да ұмытпаған жөн. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 158, 160 және 170 - бабына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi төлем көзінен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Зейнетақы төлемдерін алушыға салық кодексінде қарастырылған түзетулер мен салық шегерімдерін ескере отырып, 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады.

Көріп отырғанымыздай, зейнетақы қоры салымшылар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасап, әр азамат қорының сақталуына кепілдік бере алады. Бірақ, әр істің бір сыншысы болатындай мұнда да біраз сұрақ азаматтарды толғандыруы мүмкін. Сол мәселелердің басын ашып алмақ боп, бірнеше сауалымызды «БЖЗҚ» АҚ Батыс Қазақстан облыстық Филиалының директоры Қ. Ихсановқа жолдағанбыз.

- Елімізде әйелдер зейнет жасының ұлғаюына байланысты келер жылдан бастап зейнетке шығу қалай жүзеге асырыла бастайды?

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін 63 жасқа толғанша жыл сайын 6 айға ұзартылатын болады. Сәйкесінше, әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және қордың зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда,2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.

Бүгінде Қазақстанда зейнеткерлердің 70 пайызға жуығы әйелдер. Ал жеке зейнетақы шоттарының 45 пайызы әйелдерге тиесілі. Бірақ, әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа мөлшері ер азаматтарға қарағанда 25 пайызға төмен. Оның үстіне уақыт өткен сайын жасына байланысты, еңбек өтілі бойынша төленетін ортақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері де азая түседі. Ал оны толық көлемде алу үшін зейнеткердің 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ерлер үшін 25 жыл, әйелдер үшін 20 жылдан кем болмауы керек. Ал 2018 жылдан бастап зейнетке шығатын әйелдердің еңбек өтілі толық болмайды. Сәйкесінше, олардың алатын ортақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері барған сайын азая түседі. Міне, осы жағдайларға жол бермеу үшін әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайтылды. Бұл шара әйелдерді жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді түрде тартуға және өздерінің зейнетақы жинақтарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

- Елімізде салық төлемейтін, не зейнетақы қорында жинағы жоқ, тіпті ресми жұмыс өтілі де жоқ азаматтар бар екені белгілі. Сол топтағы азаматтарға болашақта зейнетақы қалай төленетін болады? Жалпы, төлене ме? 

- ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған, бірақ 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін енгізілген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі болмаған азаматтарға тек мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалады. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi жасына байланысты немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiн, сондай-ақ мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алуына қарамастан беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен айын қоса алғанда жүзеге асырылады. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi бюджет қаражаты есебiнен төленеді. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi ең төменгі күнкөрiс деңгейiне кезең-кезеңiмен жақындатыла отырып, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленедi. 2017 жылы мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшері – 14 466 теңгені құрады.  2018 жылға тағайындалған мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері - 15 274 теңге. Еске сала кетелік, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі өзгереді. Енді базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Бұл ретте зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мүлдем жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Яғни, қатысу мерзімі 20 жыл болғанда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын, 30 жыл болғанда 90%-ын құрайды. Ал 33 жыл және одан көп болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшеріне тең болады және одан асырылмайды.

- Егер сол азаматтарға зейнетақы жинақ қорынан төленер болса, ол болашақта қордың күйреуіне алып келмей ме? 

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерi жеке зейнетақы шоттарында зейнетақы жинақтары бар алушыларға ғана жүргізіледі. Яғни, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар адамдар ала алады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың да мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылғандар қатарына кімдер жатады?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар, әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жойған адамдар және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар босатылады.

Ия, жаңартылған зейнетақы жүйсеінің жұмысы жыл санап дақсарып келе жатқандай. Барынша ашық, өзінің қорын қадағалап отырамын дегендер үшін ыңғайлы, тұғылықты мекен-жайын ауыстырам дегендер үшін жылдам алуға мүмкіндік те беретін қорымыздың жұмысы әлі де жақсара түседі деген сенімдеміз. Бастысы салымшылардың сенімінен шыға білу. Бір кездегідей топырлаған зейнетақы қорларының ішінен жақсысын таңдап жүргеннен гөрі, бір қорға салып, сол жерден жинағыңды бақылап отырған тиімдірек. Бастысы басталған жұмыс аяқсыз қалмай, қор ісі халық көңілінен шықса болғаны.

Түгелбай Бисен

Cұхбат 24 қараша 2017 г. 43 0