ҚЫЗЫЛОРДАДА КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ

Облыстық жастар орталығы Сыр елінен түлеп ұшқан майталмандарды өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Орталық студия» жобасын қолға алды. Форум аясында аталмыш бағдарламада «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас продюсері, танымал тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев қонақта болды. Студия қонағына жастар түрлі сауал жолдап, қызықты жауап ала білді. Кеш барысында біз де қалыс қалмай, танымал тележүргізушімен аз-кем тілдесіп қалдық. Ендеше қысқа да нұсқа, қызығы мен шыжығына толы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.
– Қазір жер-жерде «Туған жерге тағзым» деген акциялар жүріп жатыр. Өзіңіз өскен Шиелі өңіріне қандай шарапатыңызды тигіздіңіз?
– Туған жер – әркімнің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Оның күні де, түні де, тау-тасы да, сарқыраған өзені мен жайқалған көк майсасы, еркелей ескен желі, шұрқыраған жан-жануары, шырылдаған құстары — бәрі де жаныңа ерекше ыстық, ерекше жақын. Сондықтан кім болса да туған жері үшін тірлік етіп, тұғырын биік еткісі келеді. Осы орайда «Туған жерге тағзым» акциясының жемісі мол. Алдағы уақытта аудан басшыларымен ақылдасып, кездесулер ұйымдастырсам деймін. Өнердің адамы болғандықтан жастардың қабілет-қарымын байқағым келеді. Сондай-ақ өнерлі жастардың басын біріктіріп, Қызылорда да кино түсіру жоспарда бар.
– Қазақ киноиндустриясын дамыту жолында еңбек етіп жүрсіз. Яғни кино түсіруде қолтаңбаңыз бар екені мәлім. Түсірілім барысында қандай қиындыққа тап болдыңыз?
– «Бизнес по Казахский» кино әлеміндегі алғашқы туындым болғандықтан сәл-пәл қиындықтарға тап болдық. Киноның басым көпшілігі Алматының шетінде орныққан Ақбұлақ кешенінде түсірілді. Әсіресе, ше¬телдік актёр Сиддхартх Шукламен түсінісу қиынға соқты. Үнді азаматы болғандықтан ет жемейтіні белгілі. Арнайы тапсырыс берілген тағамдар Ақбұлақ кешеніне жетемін дегенше 40-50 минут уақыт зырғып өтіп кетеді. Келген асымыз суып, Сиддхартхтың көңілінен шықпай қалады. Содан қысқа толқынды пешке жылытсақ тағамның құнары кетті, жеуге жарамсыз деп таниды. Осылай біраз мазасыз күй танытты. Кейіннен ақырындап тіл табысып кеттік. Дегенмен шетелдік актёрлардан жинаған тәжірибеміз мол болды.
– Бойыңыздағы жағымсыз қасиет деп нені айтар едіңіз?
– Бойымда екі қасиет бар бірі – арманшылмын, екіншісі – уайымшылдық. Екеуін де жаман қасиет деп айтуға келіңкіремейтін шығар. Әйтсе де, бұл екі қасиеттен әлі күнге дейін арыла алмай жүрмін. Бір жұмысты армандасам, басталып, аяқталғанша қалай болады екен, қайтсем көңілден шығамын, деп уайыммен жүремін. Кейде түнгі үшке дейін уайымнан көз ілмейтін сәттерім көп. Түнде 3-4 те ұйықтаған адамда қайдан ұйқы қанады. Осылайша уайымның арқасында ұйқыдан жиі қаламын (күліп). Тіпті, жуыну бөлмесінде тұрып, ойша әріптестеріммен сөйлесіп, қиялдаймын.
"Ақмешіт жастары" газеті
Cұхбат 27 қараша 2017 г. 104 0