Мұрат НАСИМОВ: БІЛІМДІ БОЛУ АЗ, РУХАНИ БАЙЛЫҚ МАҢЫЗДЫ

Саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Мұрат Насимов жуырда «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» атты монографиясын жазып бітірді. Монография Қазақстанның үшінші жаңғыруына серпін беретін тың идеяларға толы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына негізделген. Ғалым өз еңбегінде мақалада ұсынылған тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту бағыттарын талдап, сараптап көрсетеді.
– Сіз айтқан сананы жаңғыртудың 6 қадамы Елбасының бағдарламалық мақаласымен астасып жатыр, солай емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Монографияның бірінші бөлімі бәсекелік қабілеттің негізгі белгілері мен ерекшеліктерін, екінші бөлімі прагматизм ұғымының ғылыми түсініктерін қамтиды. Келесі бөлімде ұлттық бірегейліктің мәні мен түсініктерін, ал төртінші бөлімде білімнің салтанат құруы мәселелерін ашып көрсетуге тырыстым. Одан кейінгі екі бөлімде қоғамның эволюциялық дамуының жалпы көріністері, сананың ашықтығы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыты ретінде айқындалады.
– Оны жазуда нені мақсат еттіңіз?
– Аталған мақаласында Елбасының не айтқысы келгенін көпшілік, оның ішінде мемлекеттік органдар, жастар білсе екен деген мақсат болды. Бізде мынадай әдет қалыптасып қалған: кез келген істі тереңіне үңілмей жатып, маркетингтік зерттеу жасамастан білсек те, білмесек те бастап кетеміз. Елбасы мақаласының мәнін ашу үшін энциклопедиялар мен сөздіктерді ақтаруға тура келді. Ал мазмұнын айқындау үшін әлемдік деңгейдегі әдебиеттерге жүгіндім.
– Іздену барысында қандай қызықты мағлұмат кезіктіре алдыңыз?
– Бәсекелік қабілеттілік – үлкен ғылым. Еуропа, Америка, Англия, Скандинавия елдерінде осы бағытта түрлі мектептер қалыптасқан. Мұны кезінде Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттер де зерттеген екен. Бірақ тәжірибе жүзінде халыққа да, зерттеушілерге де көп нәрсе түсініксіз болды. Прагматизм – философиялық категория. Ол XІX-XX ғасырларда пайда болған.
Талдау барысында көптеген қызық мәлімет таптым. Кеңес одағы кезінде «идеалистік бағыт» деп есептеп, бұған қарсы болған. Қазіргі қоғам рационалдылықты, прагматизмді қажет еткендіктен Пирс, Джеймс, Дьюидің еңбектеріне тоқталдым. Үшінші бөлім атауын иеленген ұлттық бірегейлікті әркім әрқалай түсінеді. Елбасы мақаласында бірегейлікті сақтаудың бір ғана жолы – салт-дәстүрге берік болу керектігі айтылған. Бірегейліктің жоғалып кету сатылары жөніндегі көптеген ғалымның пікірімен санаса отырып, мұның қауіпті екенін, жаһандану кезеңінде ұлттық бірегейлікке баса мән беру керектігін көрсеттім. Төртінші бөлім білімнің салтанат құру мәселелеріне арналды. Толассыз ақпарат заманында адам білімді болуы тиіс. Бірақ оны қалай пайдаланатыны бәрінен маңызды.
– Сонда қалай?
– Құр білімді болып қою аздық етеді. Адамның рухани байлығы сонымен тең түсуі тиіс. Көпшілігі білімді қалай басқаруға, қалай тиімді пайдалануға болатынын ғана ойлап қояды. Алтыншы бөлімде әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыты ретінде сананың ашықтығы аталды. Бұл тақырыпта ғылыми әдебиеттерде материалдар тапшылығы байқалды. Философияда сана деген категория болғанымен, сананың ашықтығы деген категория қалыптаса қоймағандай көрінді. Өзім білім саласының басы-қасында жүрген соң бір мәселеге тоқталдым: біз білетін баладан бұрын сол білгенін тәжірибе жүзінде көрсете алатын, қолынан іс келетін баланы тәрбиелеуге тиіспіз. Қазір жас мамандар берілген тапсырманы тез арада бітіріп тастауға тырысады. Бұл да керек шығар. Бірақ бізге соны әрі қарай шығармашылық тұрғыдан жетілдіретін, рухани көзқарас қалыптастыруға қабілетті мамандар жетіспейді.
– Түсінікті. Тағы нені қамтыдыңыз?
– Монографияның кезекті бір бөлімінде қоғамның эволюциялық даму көріністерін тізбектеп бердім. Революция, эволюция ұғымдарының аражігін ажыратып алу керек болды. Бұл екеуінің мағынасы бірдей: даму дегенге саяды. Бірақ бағыттары әртүрлі. Революция жағдайында міндетті түрде төңкеріс болуы керек. Ал екінші жағдайда ешкімге кедергі жасамай, қоғам құндылықтарына сай даму көзделеді. Қазақстанды, жалпы әлемді қалай эволюцияландыру керек деген мәселеге мән бердім.
– Елбасы айтқан рухани жаңғыру ұғымын сіз қалай түсіндірер едіңіз?
– Ғалым болғандықтан біз сөздің түп төркініне үңілуге тырысамыз. Жаңғыру деген категория философияда да, саясаттануда да кездеседі. Ал руханият ұғымы әлі күнге толық зерттелмеген. Ол жайында әркім әртүрлі айтады. Жаңғырудың мағынасы жаңарумен байланысты. Ол процесс кеше де болған, бүгін де бар, бұдан кейін де жүре береді. Дүниетаным категориясы шығыста да, антикалық философияда да кездеседі. Бірақ батыста руханият, рухани дүниетаным түсініктеріне көп мән бермейтініне таңғалдым. Қазақстанда философтар жиі қолданады. Көп білетін, көп оқыған, басқалардан дараланып тұратын адамдарды вундеркинд, эрудит, білімпаз дейді. Бірақ рухани жан дүниесінің индикаторы анықталмаған. Қазір қалтасында бірнеше дипломы бар адам көп. Бірақ ол ештеңені білдірмейді. Бұрынғы заманның ақын-жазушылары, сал-серілері жазу-сызу білмесе де, қос-қостан дипломы, университеттік, академиялық білімі болмаса да қандай рухани бай адамдар еді!
– Кириллицадан латын графикасына көшуге қатысты ойыңыз қандай?
– Бұл бүгін ғана көтерілген мәселе емес. Бұған дейін де қазақ халқы латын әліпбиін қолданған. Кириллицаға көшкеніміз кейін еді. Белгіленген мерзімде жаңа қаріпті қолдану жөнінде Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді. Осы арқылы Қазақстан халықаралық деңгейдегі қауымдастықтан өз орнын таба алады. Әлемнің көптеген мемлекеті латын әліпбиін қолданады. Сол елдермен байланыс орнату үшін де тиімді. Қоғамда әртүрлі пікірлер Елбасы назарына ұсынылған екі түрлі нұсқа төңірегінде айтылды. Лингвист не филолог болмаған соң біржақты айту қиын. Сондықтан нағыз маманнан пікір сұраған жөн сияқты. Латын әліпбиімен компьютерде теру, қолмен жазу әзірге көп уақыт алатын сияқты. Бірақ мұның бәрі көз үйреніспегеннен деп ойлаймын. Уақыт өте келе оған да қалыптасып кететініміз анық.
– Ұлттық код дегеніміз не?
– Бұл ұғымның ауқымы кең. Ұлттық код сонау ерте заманнан қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіліміз бен дініміз болса керек. Қанына сіңген қасиеттері арқылы адамның мәдениеті де, руханияты да, білімі де толыға түседі. Сондықтан бізге мынау алмағайып заманда, жаһандану үдерісі кезінде сол құндылықтарымыздан қол үзіп қалмау аса маңызды.
– Президенттің бағдарламалық мақаласының маңызын аша түсу, жастарға ұғындыру мақсатында сіз қызмет ететін «Болашақ» университетінде қандай шаралар ұйымдастырылып жүр?
– Тәлімгерлік сабақтарда Елбасы мақаласын талқылаймыз. Әртүрлі форматтарда жиындар мен кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. 2014 жылдан бері университетте «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Осы қыркүйектен бастап институтқа жетекшілік жасап келемін. Институт жанындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығында «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» тақырыбында ғылыми жобаның жоспарын құрып, зерттеу жұмысын бастап кеттік. Соның нәтижесінің бірі – осы монография.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Назерке САНИЯЗОВА.
Cұхбат 05 желтоксан 2017 г. 1 621 0