ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМДІ ТЕЛ МЕҢГЕРГЕН

Президенттің «Білекке емес, білімге сенетін заман. Әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік» деген сөзі нақты кезеңдегі білім саласының қаншалықты маңызды екенін айшықтай түскендей. Соған орай қазақстандық білім беру жүйесі де әлемдік деңгейден табылуды мақсат тұтуда. Бұл тұрғыда теңіз төскейіндегі ұстаздар қауымының да қосар үлесі бар. Газет тілшісінің Арал аудандық білім бөлімінің басшысы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Санира Жанназаровамен әңгімесі осы бағытты қамтыған еді.
– Санира Нұрқожақызы, нақты кезеңде қоғамның басты назарында жүрген латын әліпбиіне көшу, «100 оқулық» пен үш тілділікті дамыту жұмыстары Арал ауданында қаншалықты деңгейде жүргізілуде?
– Дұрыс айтасыз. Қызылорда облысының әкімдігімен қазақ әліпбиін латын жазуына көшіруді қолдау бағытында облыстық желілік кесте әзірленген болатын. Осы желілік кесте бойынша Арал ауданында ағымдағы жылдың қыркүйек-қараша айларында түрлі іс-шара жүргізілді. Атап айтсақ, №13 орта мектебінде «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру» тақырыбында семинар, №62 мектеп-лицейдің шағын орталығында дөңгелек үстел, №220 орта мектебінде, №262 мектеп-гимназияда, №64 орта мектепте, Өнер мектебінде, Оқушылар үйінде, өзге де білім ордаларында, «Гүлдер», «Сартай» балабақшаларында латын жазуына көшуді қолдау бағытында еңбек ұжымымен кездесу өткізілді.  
Осы тақырыпта облыстық ақпараттық-насихаттық топ аудандық мәдениет үйінде жұртшылықпен жүздескен еді. Кездесуге білім беру ұйымдарының басшылары, қазақ тілінің мұғалімдері қатысып, дәріс тыңдап, қажетті мәліметтерді алды. Қазіргі таңда Елбасының қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығын басшылыққа алып, жұмыс жасаудамыз. Енді үш тілде білім беруді дамытуға қатысты шараларға тоқтала кетсем. Облыстық оқу орталығы және аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен №262 мектеп-гимназия базасында «Үштілділікке батыл қадам: жаратылыстану-математика пәндеріне тілдік дағдыларды ендіру және тілдің үштұғырлылығын қолдау мәселелері» тақырыбында облыстық семинар өткізілген болатын. Семинарға облыстық оқу орталығы жалпы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Г.Смағұлова, облыстық оқу орталығының әдіскері А.Ахметова, әрбір ауданнан химия, биология, физика, информатика, ағылшын тілі, қазақ тілі, тарих пәндері бойынша екі мұғалімнен қатысты. Семинар барысында шығармашылық көрме көпшілік назарына ұсынылды. Желілік кесте бойынша аудан мектептері мен кітапханаларында үш тілде білім беруді дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар жүргізілді. Оған қоса физика, информатика, химия, биология пәндерінің 19 мұғалімі облыс орталығында ұзақ мерзімді білім жетілдіру курсында оқып жатыр. Назарбаев зияткерлік мектебінде, педагогикалық шеберлік орталығында дәріс алып жатқан ұстаздарымыз да бар. Тілдік деңгейлерін көтеру мақсатында 25 ағылшын тілі пәні мұғалімі педагогикалық шеберлік орталығында білім жетілдіру курсында оқуда.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын. Бүгінгі күні Ұлттық аударма бюросы құрылып, жоғары оқу орындарына арналған гуманитарлық бағыттағы жаңа оқулықтар жобасын әзірлеуге кірісіп кеткені әмбеге аян. Біздің елімізде оқулыққа қойылатын талап жүгі ауыр. Жаңартылған білім мазмұны бойынша әзірленетін жаңа буын оқулықтары пәннің мазмұны мен мәнін ашатын, сол ғылымның идеялары мен тұжырымдамаларын дәл сипаттайтын өзекті оқулық болғанын қалаймыз. Биылғы жылдың қараша айында ҚРБҒМ бастамасымен республика көлемінде 2018-2019 оқу жылында қолданысқа енетін 3-6-8-сыныптардың оқулықтарын әзірлейтін баспалар және оқулық авторларымен озат тәжірибелі ұстаздардың кездесуі болып, сындарлы пікірлер талқыға салынды.
– «Қайырымдылық – имандылық бастауы» дейді халық даналығы. Өзіңіз басшылық жасайтын білім саласында бұл тақырыпта атқарылған қандай тірліктер бар?
– «Туған елге тағзым ету парызым, туған жерге қызмет ету қарызым» дейтін жомарт жандар үшін игі бастама болғалы тұр. «Туған жерге тағзым. Мектебіме тағзым» акциясы аясында аудандағы барлық білім ордаларында «Мен оқыған мектеп» шарасы белгіленген еді.Солардың кейбірін атап кетсем. №14 мектеп-лицейдің түлегі Нұрлан Балымбетов пен мектепті 1998 жылы бітірген 11 «в» сыныбының оқушылары (сынып жетекшісі: Ш.Бекеева) мектептің кіреберіс бөлігін бұзып, пластикалық материалдан қайта салу үшін қаржыдан көмектесіп, Шыңжанов Қуаныш есімді түлегіміз экранымен бірге проектор сыйлады. Ал №19 орта мектептің түлегі, танымал азамат Талғат Базарбаев білім ордасының ІІ қабатынан арнайы орын дайындатып, мұражай бөлмесін ашуға зор көмек жасады. Осы мектептің 1968 жылғы түлектері мектеп ауласына демалыс аллеясын жасап беруге уәде етсе, №59 орта мектептің түлегі, Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы коммуналдық мекеменің басшысы Әбілбай Жұқашев музыкалық аппаратура сыйға тартып, ұстаздары мен оқушылардың ыстық ықыласына бөленді. Дәл осындай игі істер басқа да білім беру мекемелерінде қолға алынып отыр.  
– Пән мұғалімдері арасындағы олимпиада жеңімпаздарына бас жүлдеге автокөлік, жүлдегерлерге қомақты қаржылай жүлде тағайындау аралдық ағайындардың басты ерекшелігі десек артық емес. Өзгелерге үлгі болатындай іс екен. Байыптап айтып өтсеңіз?
– «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын  мұғалімдікі» деген ұлағат бар. Өзіңіз айтып отырған пән мұғалімдері арасындағы олимпиада жеңімпаздарына ерекше құрмет жасау тұрақты үрдіске айналған. 2014 жылы математика пәні мұғалімдері арасында өткізілген олимпиада нәтижесінде №62 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Ақберген Мыңғышпанов жеңімпаз боп танылып, жеңіл көлік иеленді. 2015 жылы тарих пәні бойынша ұйымдастырылған бәсекеде №57 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Іңкәр Әбішева топ жарып, машина мінді. Өткен жылы биология пәнінен өткен сынақта №74 орта мектебінің мұғалімі Темірбек Сүйеубаев темір тұлпарды еншіледі. Ағымдағы жылы химия пәні мұғалімдерінің аудандық олимпиадасына 38 мұғалім қатысып, ІІ кезеңге 16 мұғалім өтті. Жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйлық тапсырылды. Ал жеңімпаз деп танылған №83 орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Назгүл Махамбетжанова  жеңіл автокөлікке ие болды. Еңбегінің жемісін татқанға не жетсін?! Бір қуаныштысы, олимпиадаға қатысуға талап білдіргендер саны жылдан-жылға  ұлғая түсуде.
– Сіздің ізденімпаз әрі шығармашылықтың адамы екеніңіз көпшілікке жақсы мәлім. Соған орай аудандағы білім саласында қолға алынған мәдени шараларды қамтып өтсеңіз?
– Жуырда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында білім бөлімінің ұйымдастыруымен жас педагог мамандардың аудандық педагогикалық слеті өткізілген болатын. Слетке Қызылорда облысы бойынша кадрлар біліктілігін арттыру институты «Мұғалімнің кәсіби дамуын психо-педагогикалық қамтамасыз ету» кафедрасының аға оқытушысы С.Құсейінов, «Педагогикалық шеберлік орталығы» Қызылорда қаласы бойынша филиалының жаттықтырушысы Г.Жақсылықова, облыстық оқу орталығы жалпы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Г.Смағұлова, ауданның білім беру ұйымдарындағы жас педагог мамандар, мектеп тренерлері қатысты. Білім саласындағы озат, алдыңғы қатарлы ұстаздар мен жас мамандардың арасында ізгілікті қарым-қатынас орнату, кәсіби сұхбат жүргізу, жас мамандарға педагогикалық қызметінде кездесетін өзекті мәселелерден қалай шығуды нұсқауды көздеген слеттің іс-шарасы № 262 мектеп-гимназия базасында өткізіліп, аудандық білім бөлімі әдіскерлері және тренер мұғалімдердің ұйымдастыруымен дәрістер, тренингтер мен топтық жұмыстар, жас мамандар көрмесі, поэзия кеші және эстафеталық жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, егемендік алғаннан бергі уақытта жастардың патриоттық рухын көтеруге орасан үлесін қосқан композиторлардың шығармасын насихаттау, тарихи белестерін сахналау әрі өскелең ұрпаққа мұрағат ретінде әндерді жаңа бағытта жеткізе білу мақсатында «Мақтанышы елімнің...» атты жас педагог мамандар арасындағы ән фестивалі жоғары дәрежеде өтті. Фестиваль жеңімпаздары білім бөлімінің марапатына ие болды. Аудандық педагогикалық слеттің өтуіне белсене қатысқаны үшін әдістемелік кабинеттің меңгерушісі мен әдіскерлері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Алғыс хатымен марапатталды. Жағымды жаңалықтар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
– Сүбелі әңгімеңізге көп рахмет.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
Cұхбат 05 желтоксан 2017 г. 21 0