ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘРІПТЕСТІК

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құрылғанына 80 жыл толған тарихи белес айтулы табыспен қорытындыланды. Сыр өңіріндегі іргелі білім ордасы Еуразиялық экономикалық одақтың «Признание» халықаралық сыйлығымен марапатталды. Бірнеше жоғары орындарының ішінен біздің университеттің шоқтығы биік болуы, сыйлықтың аты айтып тұрғандай мойындалуы – үлкен жетістік. Біз университеттің халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Темірболат Кеншінбайға хабарласып, аймағымыздағы білім мен ғылым қарашаңырағының жетістігімен құттықтадық. Оған халықаралық сыйлық туралы, университеттің әлемдегі жоғары оқу орындарымен әріптестігі жайында сауалдар қойған едік.
–Темірболат Ыбырайұлы,  біздің университеттің білім беру, материалдық жабдықталу, оқытушы-профессорлар әлеуеті деңгейінің мойындалуы бұл бірінші рет емес. Дегенмен, осы жолғы сыйлықтың құндылығы неде?
–  Бұл халықаралық сыйлықты РФ Мемлекеттік Думасы, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасы, өнеркәсіп қызметкерлері мен кәсіпкерлер одағының қолдауымен Еуразиялық экономикалық одақ тағайындады. Марапаттау рәсімі Мәскеу қаласындағы «Ритц-Карлтон» қонақ үйінің ресми қабылдау залында өтті.  Сыйлық еңбек нарығында нық тұратын, қарқынды дамып жатқан және халықаралық есептілік және ашықтық, жариялылық стандарттарын басшылыққа алып қызмет ететін ресейлік және шетелдік ұйымдар, кәсіпорындар мен басшыларды марапаттауға арналған.
Еуразиялық экономикалық одақтың «Ұлттық бірлік» мемлекеттік бағдарламасының ұйымдастыру комитеті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдығына орай жоғары кәсіби жетістіктер, факультет профессорлары мен оқытушылар құрамының ерен еңбегі үшін іргелі білім ордасын марапаттау туралы шешім қабылдады. «Признание» халықаралық сыйлығын және дипломын Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы экспорттық орталық директорының орынбасары Константин Грисман және Ресей Федерациясының Халық әртісі Ангелина Вовк табыстады.
Халықаралық сыйлық білім мен ғылым саласындағы жоғары жетістіктер, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін және экономикалық әлеуетін дамытуға қосқан үлесі және университеттің қалыптасқан жоғары беделі үшін берілді.
– Қазіргі бәсеке дәуірінде жоғары оқу орындары да өзіндік потенциалын дәлелдеу үшін аккредитациядан, сертификаттаудан, рейтинг бағалауынан өтетіні белгілі. Университеттің  осы сынақтардағы позициясы қандай?
– Қорқыт ата университеті Білім беру сапасын қамтамасыздандырудың тәуелсіз қазақстандық агенттігі арқылы 80 білім беру бағдарламасы, оның ішінде 47 бакалавриат, 26 магистратура, 7 PhD докторантура бойынша халықаралық институционалдық және арнайы аккредитациялаудан өтті. Аталған агенттік   қазақстандық оқу орындарының білім беру сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, Қазақстандағы және шетелдегі мүдделі тараптарға адал еңбек атқаратын білім беру ұйымдары туралы ақпаратты ұсыну мақсатында құрылған коммерциялық емес мекеме. Білім беру сапасын жақсартуды, Қазақстанның оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін ұлттық және халықаралық деңгейлерде жоғарылатуға жәрдемдесу және сапа мәдениетін білім беру ұйымдарының арасында және қоғамға кеңінен таратуды мақсат тұтады.
Оған қоса өткен жазда білім беру саласындағы сапа менеджменті жүйесінің сертификаттауынан өттік. Жыл өткен сайын біздің университеттің еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық рейтингтегі позициясы нығайып келеді. Ағымдағы жылы көп салалы ЖОО-лар арасында 9 орынға ие болды.
– Кәсіби маман даярлаудың дәстүрлі жүйесі бірте-бірте жетілдіріліп,  халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуде. Бұл – сіз басқаратын халықаралық қатынастар бөлімі жұмысының негізгі бағыты. Қазіргі кездегі  шетелдік оқу орындарымен  тәжірибе, студент  алмасу жұмыстары туралы айтып берсеңіз...        
– Мамандарды шетелде дайындау, озық тәжірибелермен алмасу, оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру мақсатында университет соңғы жылдары шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен келісім-шарттар жасап, нәтижесінде сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жүздеген студенттер, магистранттар мен докторанттар ғылыми тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуда. Біз түлектерімізге шетелдердегі алдыңғы қатарлы оқу орындарымен келісім жасай отырып, қос дипломды бағдарлама сынды жаңа үрдісті табысты жүзеге асырдық.
Студенттерді, магистранттарды, докторанттарды шетелге шығарып, оларды бір академиялық кезең, яғни бір семестр оқыту, қос дипломды бағдарламаны дамыту қарқынды жүргізілуде.  Қос дипломды бағдарлама бойынша 2005 жылдан бері Корея Республикасының Каннам университетімен және Бейжің Мұнай университетімен бірлесіп маман даярлау жүзеге асырылып келеді. Студент алғашқы 2 жыл Қызылордада бастайды, бір жыл Кореяға немесе Қытайға барып тіл үйренеді де, соңғы 2 курсты жоғарыда аталған университеттерде оқиды. Нәтижесінде 2 диплом алып шығады.
Оқытушы-профессорларды шетелдегі тағылымдамалардан өткізуде ағылшын тілі курсын оқу, мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өту ұсынылып отыр. Ұстаздарға шетелдегі әріптес университтерде ғылыми жұмысын жалғастыруға, ғылыми  конференцияларға, симпозиумдарға қатысуға мүмкіндік бар.
Магистрант, докторанттар оқып жүрген кезеңінде 1 айдан 3 айға дейін ғылыми тағылымдамаға барып келуге құқылы. Өздерінің зерттеп жүрген тақырыбы бойынша әріптес университтерге, яғни Түркия, Польша, Еуропаның басқа елдеріндегі ЖОО-ларға  жіберіледі.  
Біз осы көрсеткіштерімізбен дүниежүзілік университеттер рейтингіне қатысамыз. Ондағы үздіктер қатарына енуге әлемдегі мыңдаған университеттер  таласады. Бұл рейтинг талаптарына сәйкес келу үшін көп жұмыстар атқарылуы керек.
– Уақыт бір орында тұрмайды. Бүгінгі білім беру процесі шапқан аттай, атқан оқтай жылдамдықпен дамып келе жатқан ақпараттық технологияның шаңында қалмауы керек. PhD докторантураның құрылыс саласы мамандықтарын бітірушілерге арналған диссертациялық кеңес жұмысын бастаған екен, оның ерекшелігі туралы не айтасыз?
– Аталған кеңес «Құрылыс» және «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру» мамандықтары бойынша біздің университетте өткен оқу жылында 3 жыл мерзімге ашылды. Диссертациялық кеңестің 2017 жылғы 25 қарашадағы алғашқы мәжілісінде университет докторантурасының түлегі С.Жарылғапов диссертациясын сәтті қорғады. Тағы үш докторантымыздың диссертацияларын талқылау жақын күндерге белгіленген. Аталған 2 мамандық бойынша басқа ЖОО докторанттары да біздің университетте ғылыми жұмысын қорғай алады. Бұл игі істің басында университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов тұрғанын айтқым келеді және осындай ғылыми кеңестің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ашылғаны, сөз жоқ,  зор жетістік.
– Әңгімеңізге рахмет.  

Сұхбатты жүргізген
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.


Cұхбат 23 желтоксан 2017 г. 55 0