Рамазан ТАЙМАНОВ: Жоғары математика мектебіне жібермей қойған

 Жанар Айжанова, Нұрлан Өнер­баевтардың орындауында қазақ қыз­дарының гимніне айналған «Қазақ қызы», Гүлнұр Оразымбетованың «Жас қанат» байқауында топ жарып, танымалдығына жол ашқан «Қорқыт-қобыз» секілді талай жұлдызды әннің авторы, композитор Рамазан ­Тайманов жуырда «Құрмет» орденін иеленді. Бұл марапат қазақ өнерінде шоқтығы биік азаматтың абыройын асырғаны сөзсіз. 

– Аға, «Қазақ қызы» әнін сіздің бірінші әніңіз деп жүрміз. Расында, солай ма?

– Ол 1987 жылы жарыққа шықты ғой. Ал мен ән жазуды ерте, шамамен он екі-он үш жыл бұрын бастадым. Бірақ алғашқы дүниелерімді өзім де таппай жүрмін.

– «Қазақ қызы» әні қалай тез танылды?

– 1986 жыл – Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде оқып жүрген шағым. Желтоқсан көтерілісі кезінде студенттер алаңға шықтық. Ләззат Асановамен бірге оқитынбыз. Ол көтерілістің құрбаны болды. Бұл – енді бөлек әңгіме. Айтайын дегенім, келесі жылы ЖенПИ-де Нұрлан Өнербаевпен кездесу өтті. Сонда әнші «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп бас­талатын өлең оқыды. Өлең ұнап қалды. Нұрланға қолқа салып, сұрап алдым. Негізі, әу бастағы тақырыбы «Желтоқсан айынан кейінгі ой» екен. Сөзін Исраил Сапарбай жазған. Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ қыздарының қайсарлығына, өжеттігіне куә болғаным бар, соның әсерінен кейін «Қазақ қызы» деп ат қойып, ән шығардым. Бір жолы Мұхтар Шаханов: «Сен қазақ қыздарының гимнін шығарғаныңды білесің бе?» деген еді. Бұған кәдімгідей қуанып қалғанмын сонда.

– Әнді қандай жағдайда немесе көңіл-күйде шығарасыз?

– Өлең оқып отырғанда тәуір жолдар кездесіп қалуы мүмкін. Сол жағдай менің шабытымды оятады. Өйткені, алматылық ақын Құдайберген Қазбеков жас күнімнен маған өлеңнің сөздерін талдауды үйретті. Ол Марат Омаров, Марат Ілиясов сияқты белгілі композиторлардың әндерінің басым бөлігіне сөз жазған. Менің де репертуарымдағы жеті-сегіз әннің авторы – сол кісі. Әннің сөзіне, мағынасына, тәрбиелік мазмұнына қатты мән беретінім сонша, кейбір ақындар ақыр аяғында «ақын мына мен бе әлде сен бе?!» деп ренжиді. Бірақ айналасы жұп-жұмыр, теп-тегіс туынды дүниеге келіп, халыққа танылғасын өздері келіп рахмет айтып жатады.

– Соңғы рет шығарған әніңіз қайсы?

– Әзірге «Азия» тобының орын­дауын­дағы «Сыр – ана» деген ән. Оған жігіттер клип те түсірді.

– Қоржыныңыздағы әндерді санап көрдіңіз бе, аға, қанша болыпты?

– Санап көрмеппін. Жобалауымша, елудің шамасы боп қалады-ау.

– Олардың арасында архивте шаң басып жатқандары бар ма?

– Бар.

– Неге?

– Уақыт тапшы. Аты дардай композитор, «Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері», «Сырдария ауданының құрметті азаматы», «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», «Шапағат» медалінің, «Құрмет» ордені­нің иегері болсам да, кітапты былай қойғанда, әлі күнге бір брошюра шығармаппын. Зейнет жасынан астым ғой, соған енді кіріссем бе деймін.

– Уақыт ешқашан, ешкімге жетпеген. Жалқаулығыңыз басым сияқты көрінеді маған...

– Мүмкін, солай да шығар. 1998 жылы режиссер Ерғали Оразымбетов мені ауылдан қалаға алдыртып, біраз нәрсеге көзімді ашты. Сол кісінің ықпалымен «Қыз Жібек» операсына республика көлемінде тұңғыш болып мен фонограмма жаздым. Ара-арасында осылай мәжбүрлеп тұрмаса, жалқаулық желкеден қысып, көп шаруаға келгенде мойным жар бермейтіні рас.

– Тапсырыспен ән жазатын компо­зиторлардың қатарында барсыз ба?

– Бармын. Өтініш айтатындардың бетін қайтара алмаймын.

– Ал ол жазғандарыңыз ойыңыз­дан шыға ма?

– Ақшасын берсе, ойыңнан шықса да, шықпаса да жазасың.

– Пьеса да жазады екенсіз...

– Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театр ұжымына арнап төрт-бес спектакль жаздым. Олардың қатарында «Махамбет», «Қорқыт», «Аласапыран» сияқты дүниелер бар.

– Музыкамен ұлтты тәрбиелеуге болады деседі. Қазіргі қазақ эстрадасы осыған лайық па?

– Совет өкіметінің тұсында көркем­дік кеңес деген болды. Эфирге соның елегінен өткен әндер ғана ұсынылатын. Бұл талап белгілі бір деңгейде халық­тың мәдениетін көтерді. Ал қазір тыңдарманның талғамы қатты өзгерген. Жеңіл-желпі әндерге әуес. Көбінің екі сөзінің бірі «айым, күнім» немесе «кешірші, жаным» болып қайталанады. Еркек басымызбен ешкімнің алдында тізерлемеп едік, бұл не деген бітпейтін кешірім сұрау екенін түсінбей-ақ қойдым. Оның үстіне, той мен сахнаның әндерін шатастырып алдық.

– Мұны қалай реттейміз енді?

– Мәдениет туралы заңды қайта қарау керек. Мұны жалғыз мен емес, өнер адамдары жиі көтеріп жүр. Заңнан бөлек, уақыт өзі кейін жақсы мен жаманды елеп-екшеп, іріктеп алады. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа үш түрлі жанр – фольклор, симфониялық-академиялық шығармалар мен джаз ұласады. Басқасын білмеймін, осылар өміршең.

– Фонограммамен ән айтуға, концерт беруге тыйым салу керектігі талайдан бері айтылып келеді. Солай болған кезде қазақ эстрадасының жағдайы қалай болуы мүмкін?

– Бір ғана жағдайда – телевизиялық нұсқада ғана компьютердің мүмкіндігін пайдаланып, дауысты өңдеп, жаздырып, микрофонда тек ауызды жыбырлатып тұруға болады. Өйткені, ол телеөнімнің сапасын жақсартады. Өткенде Алматыдан таныстар хабарласып, белгілі әншілер жайында «жанды дауыста концерт беріп еді, быт-шытын шығарды» деді. Фонограмманы қолданыстан ал­ғанда жағдай қалай болатынын осыдан-ақ шамалай беруге болатын шығар.

– Бізде өзі фонограмма пайдаланбайтын кім бар, аға?

– Менің білетінім Роза Рымбаева мен Бауыржан Исаев бар.

– Неге ұрланған әндер көбейіп кетті?

– Ұрлаудың да әртүрлі әдісі бар. Ән жазып отырған кезде кейбір тұстары көңіліңнен шықпай, басқа бір әннің буынын алуға тура келеді. Айналдырған жеті нота болғасын бір әннің екіншісіне ұқсауы – қалыпты құбылыс. Ал енді әнді бастан-аяқ көшіріп алу дегеніңіз – тіпті ұят тірлік.

– Қазір қандай ақындармен жұмыс істеп жүрсіз?

– Мөлдір Айтбай деген ақын қызымыз бар Қызылордада, соның жазғандары ұнайды. Шаһизада Әбдікәрімов, Оңталап Нұрмахановтармен шығар­машылық байланыстамыз.

– Композитор мен әншінің бірлігі неден бастау алады?

– Әннің үш тағаны болады, олар – сөзін, әнін жазған адам және орындаушы. Айналып келгенде, әннің бағын өсіретін де, өшіретін де – әнші. Кезінде орындаушысын таппай, бірнеше әнім танылмаған күйі қалды. Кейбіреулер бірде даусы жетпейтін, бірде даусы асып түсетін шығарманы таңдап әнге обал жасайды. Кезінде композитор, марқұм Тынышбай Рақымның «Алтайдың аржағынан келген ару» деген әнін іске алғысыз етіп баға бергенмін. Өйткені, бір отырыста «осындай ән шығардым, тыңдап көрші» деп өзі айтып бергенде ұнаған жоқ. Кейін сахнаға Сәкен Қалымов алып шығып еді, майын тамызып айтқанда аузым ашылды да қалды. Міне, «әннің бағын әнші ашады» дегеннің дәлелі.

– Алпыс жас аз уақыт емес. Өкінішіңіз бар ма?

– 1969 жылы өкімет мені Жоғары математика мектебіне жібергісі келген. Бірақ шешем «жалғыз балам» деп жібермей қойды. Өткенде академик Асқар Жұмаділдаевпен кездескенмін, «егер қатар оқығанымызда ғылым докторы болар едің» деді. Бұйырмаған шығар. Бірақ мен бала күнімнен шопыр болуды қаладым. Сол арманым орындалды, өйткені, көлігі бар композитормын ғой.

– Аға, рахмет.

Сұхбаттасқан:

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы».

Cұхбат 18 қаңтар 2018 г. 745 0