Алған атақ көрген бейнеттің бағасы болар

 Сыр өңірі тума талантымен танылған дарындардан кенде емес. Олар ғибратты ғұмырымен ел есінде жатталып, бүгінгі таңда аймағымызда зор мақтанышпен дәріптеліп келеді. Өмірін өлеңмен өрген, ұрпаққа мол мұра берген сондай жандардың бірі – күйші, композитор, ақын-жырау, Арал ауданының құрметті азаматы Мұрат Сыдықов. Біз саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған өнер иесімен сұхбаттасқан едік.
– Мұрат аға, балалық шағыңыздан бері өнердің ортасында пісіп-жетілгеніңізді ел біледі. Жалпы, өнер саласына қалай келдіңіз?
– Менің туған жерім – балық шаруашылығымен айналысып, заманында миллионер колхоздардың біріне айналған Қарашалаң елді мекені. Әкем Сыдық аңшы-саяткер, домбырашы әрі сауыққой сері болған адам. Ал, анам Болқын он саусағынан өнері тамған қолөнер шебері, сөз зергері еді. Әкем кезінде белгілі қолөнер шеберлері Сырлыбайға ақысына қой беріп, домбыра жасатқан. Мен сол кезде бес жастамын, сонда қатты қуанғаным есімде. Содан бері алдымда жүрген аға-әпкелеріме еліктеп жүріп, домбыра шертуді әдетке айналдырдым. Сырдағы киелі өнердің сарқытындай болған Үмбетәлі жыраудың, «Қырылдауық жырау» атанған Қуат деген ағаларымның қасында жүріп, жырды да, күйді де үйрендім. Кейін радио шыға бастаған кездерде Қазанғаптың, Құрманғазының күйлерін үйреніп, мектеп жасына келгенде өлең жазатын болдым. Уақыт өте өзегімді жарып шыққан туындыларым өмірге келе бастады. Осылайша, ақындық пен сазгерлік, күйшілік пен жыршылық өнердің жолына түстім. Жалпы, мен өнерді өмірімнің өзегі етпесем, одан тұрмыс түзейін немесе саудаға салып сауықшыл өмірде сайрандайын деген жан емеспін.  Сол өнердің кие тұтар қазынасындай күйде өмірден өтсем еш арманым жоқ.

– Кезінде атақты биші, халық әртісі Ш.Жиенқұлова «Ауылда осындай үлкен өнер иесі бар екен-ау! Мұрат, айналайын, талантыңа тәнтімін!» деп өзінің таңданысын жасырмапты. Шынында, шығармашылық адамның ауылда жүріп-ақ республикалық дәрежеге көтерілуінің сыры неде?

– Осы кезге дейін алған атақ-дәрежемнің барлығы менің өнер жолында көрген бейнетімнің лайықты бағасы болар деп ойлаймын. Өнер саласындағы аға буынның немесе кейінгі жастардың маған берген жақсы бағасы алған марапаттарымның қасында бір төбе. Кейде төтеннен айтылған бір ауыз жылы сөздің өзі үлкен шабыт береді. Сондай сәттерде келген күй мен ән әдемі үйлесім тауып, халық арасында жақсы қолдауға ие болып жатады.  Өзегімді жарып шыққан өмірлік туындыларымды әркез баламдай көрем. 

– Өмірге әкелген ән-күйлеріңіздің алғашқыларын айта кетсеңіз. Олар қандай жағдайда өмірге келді?

– Ол кезде жас едім. Қазіргі өмірлік жарым Базармен бір сахнада жүрдік. Әңгімеміз жарасып, әдемі қыз күн сайын өзіне қарай тартып тұратын болды. Уәделесіп, теңіз жағасында жолығысып та жүрдік. Бір күні Базар кездесуге келмеді. Күте-күте тағатым таусылған мен айдың жарығымен толқынды теңіздің тербелісіне қарап тұрып мұңға баттым. Сол бір сәттерде алғашқы әнім өмірге  келді. Оған «Қайдасың сен» деп ат қойдым. Кейін сол әніме ақын Ш.Сариев сөз жазып, мені өзіне ғашық еткен жанның өмірлік жарым болуына үлкен септігі тиді. Жалпы, мені ақын қылған да, сазгер қылған да теңіздің тылсым бейнесі шығар деймін. Ал, ең алғашқы күйім «Ана туралы күй» деп аталады. Ол да менің жас кезімде жырақта жүріп құлағыма теңіздің үні мен анамның үні қатар естілген сағынышымнан туған. 

– Мұрат аға, сізді көпшілік күйші ретінде, әнші-сазгер ретінде жақсы біледі. Ал, сценарийстік, режиссерлық қабілетіңіздің барын бірі білсе, бірі білмес... 

– Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әнес Әуезов бірде мен туралы мақала жазып,  «ол жауһарлы жеті өнердің желкенін керген жан» депті. Міне, сол жеті өнердің бірі осы сценарийстік және режиссерлік қабілетімнің бар екендігі. Аудан тарихында ең алғаш өткен Наурыз мерекесінің сценарийін жазған мен едім. Мұнан өзге қиялымнан туған сценарийлік, режиссерлік жұмыстар бір кітапқа жүк боларлықтай десем, артық емес. 

– Өнердің туын тіктеп, бойына қан жүгіртіп жүрген кездеріңізде бірнеше оркестрлар мен ансамбль құрғаныңыз да үлкен жұмыстарыңыздың бірі екені анық...

– Аудандық мәдениет үйі жанындағы қазақ ұлттық әуесқой оркестрдің көркемдік жетекшісі болып жүріп мен оркестр, ансамбль құруға барлық күш-жігерімді жұмсадым. Атап айтсам, «Аралбалық» өндіріс-бірлестігінің өнерпаз жастарының басын біріктіріп, алғаш рет «Шағала» ән-би ансамблін құрдым. Мұнан өзге «Алау» эстрадалық ансамблін, «Алтыбақан» ойын-сауық отауын, №220 қазақ орта мектебінің мұғалімдері ұжымынан «Толқын» ән-би ансамблін жасақтап шығардым. Бұл жұмыстарым сол кездерде бейнеттен бел жазбайтын еңбекшіл қауымның рухани мәдениетін көтеруге атсалысты.

1967 жылы менің жетекшілігіммен жұмыс жасаған әуесқой қазақ ұлттық оркестрі Алматыдағы одақтық дәрежеде өткен өнер байқауында лауреат атанды. Артынша, Қазанғап атындағы халық оркестрі деген атаққа ие болды. Өмірлік жарым Базар Қостайқызымен бірігіп, өзімнің ізімді жалғар отбасы мүшелерімнің басын біріктіріп, «Сыдықовтар отбасылық ансамблін» құрдым. Бұл ансамбль де біраз жетістіктерге жетіп, халықтың құрметіне бөленді. Уақыт өте Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің арнайы қаулысымен 1989 жылы «Сыдықовтар отбасылық ансамбліне» «халықтық» атағы берілді. Бұл жетістіктердің бәрі күні бүгінге дейін қазақ халқының өнері мен мәдениетін көтеруге атсалысты дей аламын.

– Туған жер, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтей алдым деп ойлайсыз ба?

– Иә, мен Аралды туған анамдай көрдім. Байқасаңыз, жүрегімді жарып шыққан ән-жырларымның дені, түптеп келгенде, осы Арал тағдырымен үндесіп жатыр. Теңіз-ана тартылып, оның жайы әлемді алаңдатқан тұста  «Теңізбен мұңдасу» атты шығармамды дүниеге әкелдім. Бұл туынды Аралдың гимні іспеттес десем, қателеспеген болармын. Сол теңіздің көркі қашып, сүреңсіз күйге енген шағында Аралдың мұңын мұңдадым, жоғын жоқтадым. Алайда, Аралға деген парызымның өтелмегенін білемін. Қанша жерден жыртысын жыртып, теңіздің тағдырын паш етуге ұмтылыс жасасам да, туған жердің туын тіктеу үшін еңбек етіп, отбасымның тапқан-таянғанын «Аралды құтқару» қорына аударсам да перзенттік парызымды өтедім деп айта алмаспын.

Бәлкім, теңіз-ана кемеліне келіп, асау толқыны арнасынан асып жатқанда ғана сол сөзді айта алатын шығармын.

 Сұхбаттасқан

Алтынбек БИСЕНОВ.

Cұхбат 27 қаңтар 2018 г. 719 0