АБЫРОЙЫ АСҚАҚ АҚТАС АҒА

ТАҒЫЛЫМ | 11 наурыз 2017 ж. - 09:17 | Көрудің саны: 97
АБЫРОЙЫ АСҚАҚ АҚТАС АҒАҚарап отырсаңыз, адам баласы бейнебір сапарға шыққан жолаушы секілді. Сол жолаушылардың арасынан жақсы мен жаманды айырасыз, алыс пен жақынды танисыз, бар мен жоқты бағамдайсыз. Осы айтылғандардың бәрінен көкірегіңізге бір түйін жасап, көңіл елегінен өткізсеңіз, алдыңыздан жарқырап тұратын елеулі тұлғалардың бейнесі қылаң береді.
Иә, қай кезеңде де ақыл сұрап, арқа тұтатын жақсы ағалардың көп болғанына не жетсін! Өкінішке қарай, бұл күндері «жаға» боларлық ағалар азайып бара жатыр. Десек те, орнықты мінезімен жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеген, салмақты да салиқалы сөздерімен санаңа сәуле шашып, ақыл-кеңес берген, көгілдір көктемнің ақ жауынындай себезгілеп, көпке шапағаты тиген ақылгөй ағалар қазіргідей аумалы-төкпелі заманда жиі ойға оралады.
Ұлтымыздың осындай біртуар тұлғалары күн өткен сайын бізден біртіндеп алыстап барады. Бірақ та олар көзден кетсе де, көңілден кетпейді ғой... Абыройлы да иықты болған, халқына сүйікті болған Балғазыұлы Ақтас аға да сондай туымды жанның бірі еді. Сол жайсаң жанның о дүниелік болғанына да, міне, 15 жылдың жүзі болыпты.
Балғазыұлы Ақтас аға 1927 жылы 15 наурызда Қазалы ауданының қазіргі Бекарыстан би ауылында (Карл Маркс атындағы шаруашылықта) дүниеге келген. Шаңырақтың алтын діңгегі – Балғазы ақсақал қарапайым шаруа болса, өмірге қос ұл мен үш қыз әкелген анасы Аманжолқызы Балым әулеттің ұйтқысы бола білген. Бірақ, қатал тағдыр сүттей ұйыған шаңырақтың бір демде астаң-кестеңін шығарды.
Асқар тауы әкесінен алты жасында айырылған Ақтас аға жетімдіктің зарын айтудай-ақ көріп өсті. Балдәурен балалық шағы алдымен халықты қынадай қырған ашаршылық, одан әрі талай боздақты қыршынынан қиған сұрапыл соғысқа тура келген бозбала ерте есейіп, қаршадайынан қам-қөңіл анаға қолғанат болыпты. Алайда, еті тірі Ақтас аға он төрт жасында-ақ еңбекке араласып, Сырдария өзеніне салынған Қызылорда плотинасының құрылысында тер төккен. Бұғанасы қатпастан еңбекке ерте араласқан, тумысынан зерек өрен қаншама қиындық көрді десек те, білім алмаса болмайтындығын түсінді. Туған топырақтағы ауыл мектебінен білім алған арманшыл жас алдымен Қызылорда политехникалық техникумын тәмамдаса, кейін Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтын бітірді. Сөйтіп, Сыр өңіріндегі алып құрылыс саналған плотинаның электр станциясында механик, сонан соң бас инженер қызметтерін атқарған.
1965 жылы Тереңөзек ауданында тыңнан ұйымдастырылған «Іңкәрдария» кеңшарында партия ұйымының хатшысы болып еңбекке араласып, екі жылдан соң аудандық автокөлік мекемесінің директорлығына жоғарылатылса, 1972 жылы Қызылорда қаласындағы «25-85» санды әскерилендірілген автоколонна басшылығының тізгінін ұстаған. Ал 1976 жылы облыс орталығындағы сауда орындарына қызмет көрсететін №1 автотранспорт кәсіпорнының басшылығына келген Ақтас аға осы лауазымда 15 жыл абыройлы қызмет жасап, құрметті еңбек демалысына шыққан еді. Бір сәт оның еңбек өтіліне көз жүгіртсек, ширек ғасыр ғұмырында Сыр өңірінің автотранспорт саласына басшылық жасаған екен.
Еліне сіңірген осынау еңбегі кезінде лайықты бағаланып, бірнеше мәрте Қызылорда қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. Республика Автотранспорт министрлігінің, халық депутаттары Қызылорда облыстық және қалалық кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды, көптеген медальдарды өңіріне тақты.
Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де Ақтас аға қоғамдық жұмыстардан қол үзбеді. Әсіресе, жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, түрлі танымдық шаралардың өтуіне ұйтқы болды. Сондай-ақ, шежіре жинақтауға, Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының мұраларын шығаруға атсалысты. Сонымен бірге атақты «Асан көтерілісі» кезінде жазықсыз жапа шеккен боздақтар деректеріне ізденіс жүргізіп, олардың рухтарын ұлықтау шараларына зор еңбек сіңірді.
Бір әулеттің алтын діңгегіне айналған абзал ағаның абыройының асқақтауы құдай қосқан қосағы Нұралықызы Шамшырақ анамыздың арқасы екені айтпаса да түсінікті. Балғазы әулетінің ұйтқысы атанған Шамшырақ ана Ақтас ағаға адал жар болып, жарық дүниеге сегіз ұл-қыз әкелсе, олардан он жеті немере мен қос шөбере сүйген екен.
Ұлды ұяға ұшырып, қызды қияға қондырған жарасымды жұп иелері бүгінде арамызда жоқ. Егер көзі тірі болғанда тоқсан жасқа толатын Ақтас Балғазыұлы 2002 жылы ақпан айының алтыншы жұлдызында жарық дүниеден озса, 2009 жылдың он бесінші тамызында келместің кемесіне мінген алтын құрсақты Шамшырақ ана бүгінде жетінші мүшелді толтырар жасқа қадам басқан болар еді.
Дана халқымыз «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп бекерге айтпаған ғой. Өйткені, «Артында қызы қалғанның ізі қалған, ұлы қалғанның өзі қалған» деген қанатты сөз бар емес пе? Олай болса, Ақтас аға мен Шамшырақ ананың өмірде өзі де қалды, ізі де қалды. Ендеше, олардың көрмеген қызықтарын арттарында қалған ұрпақтарына нәсіп еткей дей отырып, марқұмдардың жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа, имандары жолдас болсын дегіміз келеді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Сондай-ақ... оқыңыз:

ТОҚСАН ҮШІНШІ КӨКТЕМ

ТОҚСАН ҮШІНШІ КӨКТЕМ

Қазалы ауданының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, Батыр ана Балзира Амандос ...
Ұстаздың шырағданы сөнбейді

Ұстаздың шырағданы сөнбейді

«Сағыныш... Баланың анаға деген сағынышы әсте де суымайды екен» деді Еркін Ақшалов ...
ҒАСЫР ҚҰРДАСЫНА ҚҰРМЕТ

ҒАСЫР ҚҰРДАСЫНА ҚҰРМЕТ

Жасы ұлғайған қарттарға қамқорлық жасау кейінгі буынның бұлжымас борышы десек, бұл...
ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

«Алаштың анасы» атанған Сырдың бойы өз бақытын еңбектен тапқан азаматтарға, туған...
ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, МІНЕЗІ КӨРКЕМ ҰСТАЗ ЕДІ...

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, МІНЕЗІ КӨРКЕМ ҰСТАЗ ЕДІ...

Ұлы Абайдың отыз жетінші қарасөз-ғақлиясындағы: «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан...
ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

Жұмыс бөлмесіне жарқылдай күліп, аңқылдай сөйлейтін бір азамат кіріп келді....
Пікір: