Соғыс хаты

Соғыс хатыАдамзат адамзат болғалы бері ең қанқұйлы соғыстың сұрапыл жылдарында солдаттар тағдырдың барша қияметін бастан кешіргенді. Әр отбасында 70 жылдан артық уақыт өтсе де естен шықпайтын, жүректерінде мұң-қайғы қалды.
Балалық шағынан әулетімен қуғын-сүргін мен тәркілеуге ұшырап, қысыл-таяң күн кешкен менің ағам Тажидинов Файзулла, жасына бір жас қосып, 18-ге толмай өз еркімен ұрыс даласына аттануы ерлік емес пе дерсін. Қолыма тиген майдан хатына көз жібергенде ата-анасы, бауырларын, елін сағынғанынан балалық көңілі басылмағаны, ауылдан жеткен бір ауыз сөзді ынтыға күтетінін сезгендейсің. Отан қорғау жолында 20-ға толмай жалындаған жігермен дүниеден өткен. Соғыс құрбандарын тарихта қалдыру, ұрпақтарға жеткізу - парызымыз болғасын қолыма қалам алдым.
Апамнан қалған сарғайған майдан хаттарын оқып отырып марқұм ағамның соңғы сағаттарын көз алдыма ойша елестеттім.
...1945 жылдың ақпан айы. КСРО, АҚШ және Ұлыбритания басшыларының тарихи маңызы зор Ялта конференциясына қатысуға Қырым еліне келген кезі. Күзет қызметі күшейтілген. Қара теңіз флотының барлық кемелері, 300-дей жойғыш ұшақ әуе кеңістігін қорғау үшін сақтық сапында. Қырым түбегіндегі Бас Қолбасшы резервіндегі 67 атқыштар ротасының командирі майор Кабланков кезекшілікке Василий Орлов, Валентин Лебедев, қарағандылық Сергей Морозовты, автомашина жүргізушісі және Файзулланы тағайындап, орудие бөлімшесінің түнгі күзеттегі маршрутын белгілеп берген. Бүгінгі бағыт тау іші. Жолдың бір жағы терең құз. Бұралаң жолмен техника баяу жылжып келеді. Жерлесі Морозовпен әңгімелері жарасып кеткен. Автомашина сәл толқи барып, ауытқығандай болды ма, бір жағына төңкеріле төмен қарай құлдилай жөнелді....
...Жас кезі екен. Мектептен келе сала, ағарғанды ұрттай жүріп, әжесінің берген нанын қойнына тығып, ауыл сыртындағы караша үйлерге қарай жүгіре жөнеледі. Үйлердің бірінде сыйлас, дімкәстығынан оқуға бара алмай жүрген досы болатын. Үйіне кіріп, үлкендермен амандасып, асыға күтіп отытрған  досына бүгінгі алған білімін толығымен баяндаса, ол да кешегі тапсырмаларды сартылдатып айта коятын. Одан әрі өздері оқыған әдеби кітаптарының мазмұнына ауысып, қызу таласқа түсе бастайды. Бұл дімкас жан, замандасы Зейнулла Шүкіров еді...
...Етекке ұлдидай түскен автомашина жауынгерлерді жан-жаққа шашырата лақтырған. Бір есі кіргенде, «Файзулла, қайда, Файзулла, Файзулла, - деген Морозовтың даусы келгендей.
...Мектеп ішінде жүр екен. Мұғалімі Сталиннің көп томдығы ұстатып, «Файзуллажан, біліміңді ары карай осы кітаптан сусындат, өте жақсы оқығаны үшін ВЛКСМ қатарына қабылданасын, - деп жатыр. Зейнулла досы, «Сен алғырсын, алар асуларың алда», - деп дем бергендей. Аласапыран соғыс үні, адамдардың айқайы, дабыр-дүбі... Есі еміс-еміс. Госпитальда жатқандай.
- Файзулла, мен Морозовпын, Файзулла, - деген, алыстан естілген дауыс бірте-бірте көмескілене ұзай берген... (1945 жылы 16 ақпан күні Алушта қаласындағы әскери госпитальда ағам соңғы демін алған екен.)
Аласапыран нәубат кезде Аймағанбет ахунның бір баласы Тәжімбет ахун «Халық жауы» ретінде ұсталса, Таджидин мақсым үнемі аңдуда жүрген екен. Баласынан қара қағаз келген соң құран бағыштап қойған, қай жерге жерленгенін білуге мүмкіндік те болмаған. 90-жылдардың орта шенінде туыстарына іздестіру ойы туындаған кез. Бөгендік агайын, соғыс ардагері Құрманалиев Іззат ағамыздың ертеректе айтқан әңгімесі ой салған. Майданнан аяғынан жаралы болып келген жауынгер Үкіметтің қолдауымен Алматы қаласындағы ардагерлер санаториясына демалуға барғанда, палатада ірі денелі орыс жігітімен қатар орналасады. Соз арасында ағаның қызылордалық екенін біліп, «Арал ауданындағы Бөген, 10-шы ауыл. Қарашалаң колхозь және Таджидинов Файзулланы танисың ба, - деген сұрақтарды жүдемелетіп қоя бастайды. Таңдана түскен Ізекең, «Я, білем, мен сол жерде тұрамын, ол менің ең жақын туысым еді, марқұм соғыстан оралмады», - деп жауап береді.
Тағдыр ағаммен бірге соғысқан Морозовты көп жылдан кейін ағайыныммен осылай кездестірген еді. Өрбіген әңгімеден, орыс жігітінің ағамен жақсы жолдас болып, отбасы туралы толық хабардар екені, госпитальға бірге түсіп, сол жерде көз алдында кайтыс болғанын, өзінің екі аяғынан айырылғаны жайлы хабардар еткен. Ағамыз Алушта қаласындағы бауырластар зиратына жерленген екен. Туғанымен бірге бауырдай араласқан қаруласын құшақтап, еңкілдеп ұзақ жылағанын Іззат аға айтып бер. Одан кейін көп су аққан. Ол әңгіме ұмытыла бастайды.
Содан 1995 жылы жан-жаққа іздеу салыну арқасында орны табылып, інісі Әлімжан аға Алушта қаласындағы бауырластар зиратындағы ағасынының тізімін өз көзімен көріп қайтты.
70 жылдай бұрын майдан сағынышын жеткізуші хаттар кезінде анасы Аманбайқызы ІІІынар әжеміздің сандығында тұмардай сақталып Сталин томы арасында жатқан. Сарғайған майдан жазбаларына дәптердің бір бетінің екі жағын пайдаланып, бүктегенде әдемі үшбүрыш хат шыға келеді. Сыртында адрес, штамп және цензурадан өтті деген белгі бар және желімделмеген, яғни ашық күйде жететін болған. «Сағынышты сәлем хат!» - деп, бастап апа-әже, Әленжан (зираттап кайтушы інісі Әлімжан), Гүлсім тағы басқа туыстары, соғыстағы Жұпан ағасы туралы сұрай келе, елдегі жаңалықтарды ынтыға күтетіндігін білдіреді. Соғыстағы әке-балаларын ойлай бермеуді айта келе, оздерің аман болыңдар деп рух береді екен.
Соңғы жазуды оқи отырып хатта айта алмай кеткен бір сырлары бар екенін, цензура кезіндегі өрімдей жастың ішкі толғанысын сезгендейсің. Аман- есен оралғанда бір жерде тұлға, елеулі азамат болар ма деген ой келеді. Төрдегі ілінген портретте басында қисайтып киген пилоткасы, екі құлағы қалқиып, көзінде жымиыс белгісі бар бозбала әлі қарап тұр. Есімізде сол күйі сақталып келеді. Сонау жылдары елім деп жауға аттанған, жалындай жанып кеткен әрбір ұл-қызымызды әрдайым еске алып, құран бағыштау - біздің міндетіміз деп білемін.
Хатты майдан ардагері Жұпан әкеміздің қосағы Қымбат анамызға қайта табыстадым. Үлкендерден қалған аманат Сталин томының ішіне қайтадан салып, сыртын орамалмен орап сақтауға алып кетті. Енді майданнан хат жазылмасын деп аяқтағым келеді.
ТӘЖІМБЕТ БОЛАТБЕК ЖҰПАНҰЛЫ. Арал ауданы, Аққұлақ елді мекені.
ТАҒЫЛЫМ 24 сәуір 2017 г. 203 0