СӘЛІМНІҢ СОҚПАҒЫ

СӘЛІМНІҢ СОҚПАҒЫҰлы Отан соғысының ардагері, туған жерін бейнетпен биіктеткен, ұзақ жылдар Қазалы ауданы, «Коммунизм» колхозы, кейін «Бозкөл» совхозының мал шаруашылығы саласында білікті басшылық жасап, елдің өркендеуіне ерекше үлес қосқан Сәлім Бектұрғанов әкеміз асыл азамат еді.
Тарих таразысына салып өлшесек, оның өнегелі өмір жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі етуге болады. Ұлы Отан соғысы жылдары туған ұрпақ жоқшылықты көріп өсті. Бізде балалық  шақ болған жоқ, жоқшылық бізді ерте есейтті. 1948-1949 оқу жылында мен «Коммунизм» колхозының жетіжылдық мектебінің бірінші сыныбына бардым. Бізбен бірге Сәлім ағаның баласы Сәбитжан және ауыл балалары Нұртай Базаров, Шынболат Даленов, Өтепберген Қаласов, Алдажар Ырғызбаев және жиені  Жарылқасын Шәріпов оқыды.
Ол кезде елдің жағдайы қиын еді, соғыстың сұрапыл ауыртпалығы бастан өткен кез ғой. Дәптер жоқ, әліппені ескі газеттерге жазып үйрендік. Біздерді бірінші сынып оқушыларын түске дейін оқытып, түстен кейін масақ теруге алып барады, оны өгіз арбаға тиеп, қырманға апарып төгеміз. Ол аз болса шегіртке қуып, даңғыра қағамыз. Шегіртке қаптаған кезде қара бұлттай болып кетеді. Оларды сайға қуып, өртейміз. Мектепке де, жұмысқа да киетініміз бір киім. Осылайша біздер колхоздың «негізгі» жұмысшылары болатынбыз.
Жұмысқа баратын  жеріміз – «Күркіреуік», «Қара бие», «Бозарық», «Қайық өткел», «Сәлім ферма», «Құрманбай ферма», «Талқанбай тамы», «Байсалбай көпір» ара қашықтығы 3-5 шақырымнан аспайды. Тәртіп қатты, мұғалімдердің айтқанын орындамасаң, ұрудан тайынбайтын. Балалардың талай мәрте таяқ жегенін көзімізбен көрдік. Таяқ жегіштің бірі – Алдажар мен Өтепберген болатын. Аш құрсақ жүреміз, үйде бидай жоқ, бидай болмағасын ұн да жоқ, ұн болмағасын нан да жоқ.
Бірде әкем тайды ерттеп (атақты көк жорға, ол кезде тай болатын) қолыма бір жапырақ қағаз беріп, ауыл шетіндегі колхоз қоймасына бар, Сәлім ағаңа мына қағазды бер, бидай береді деп тайға мінгізіп жіберді. Сәлім ағаның бұл кез соғыстан жеңіспен оралып, колхоз қоймасының меңгерушісі болған кезі еді. Сәлім аға қарсы алды, қолына әкем берген қағазды бердім.
– Не, әкең сенен басқа жұмсайтын адам таба алмады ма? – деп еңбек күнге тиесілі бір пұт – 16 келі бидайды өлшеп, қанжығама байлап берді.
Сол кездері колхозды  Қанат Қайберенов, Әбілда Тобаев, Жақыпбек Пұсырманов есімді білікті басшылар басқарды. Меніңше, Сәлім ағаның кіршіксіз тазалығын байқап колхоз қоймасын сеніп тапсырған болар. Көп ұзамай 1951-1957 жылдары сүт бағытындағы ірі қара мал фермасын басқарды. Тапсырма қиын еді, сүт  өндіріп, сүттен май шығарып, үкіметке өткізу керек. Үй жоқ, фермадағы колхозшылардың бәрі жер кепеде отырды. Электр жарығы жоқ, шам да жоқ, қоғаны майға батырып, шыныға салып жағып қоятынбыз.
Сүт өндіру үшін жем-шөп, сүрлем дайындау қажет. Осының бәрін Сәлім аға жақсы түсінді. – Сүрлемдік жүгері егейік, – деді халыққа. Алайда, колхозда жүгері себетін техника жоқ еді. Сол себепті жүгеріні оқушылар егетін, оны өзі басқарып, жер-суын, арық-атызын дайындатып беретін. Жүгері егетін жерге 70 см-ден жіп керіп, оның ұзына бойына 70 см-ден түйін жасап, сол түйін тұрған жерге қаламша таяқты жіберіп, жүгері дәнін тастайтын едік. Шіркін-ай, кейін оның қаулап өскенін көрсең табиғатқа сән беріп тұратын еді. Кейін осы жүгері өскен соң орып әкеліп, турап одан сүрлем салатын. Оны жеген сиыр сүт бұлағын ағызатын. Жоқтан барды жасады деген осы шығар. Жұмыстың ең қиыны су жүйесін, арықты қазу болатын, оны ересектеу колхозшылар дайындайтын.
Сәлім  аға бас болып колхозға келетін «Жиеней жармасын», одан  су алатын «Бозарықты» қолмен қаздырды. Сол кездегі тәртіптің қаттылығы-ай!  Жұмыста сағат жоқ, уақыт та жоқ!  Уақыт – таңның атуы, күннің батуы. Күн шыққан соң келген колхозшыларды Қанат Қайберенов бетін күнге қаратып түске дейін тұрғызып қояды. Осыдан артық не бейнет керек. Осы бейнеттің бәрін колхозшылар мен мамандар – Бекқожа Бөлебаев, Қазбек Жәрімбетов, Әлдебай Тұрғанбаев, Өсербай Жаманбаев, Ертас Сәдуақасов, Ізімғали Биманов, Құрманбай Қытанов, Төлеген Сабыров, Бақберген Талқанбаев, Жайберген Талқанбаев, Құлшар Қосекеев, Тынықұл Арзахметов, Бахран Қаниев, Кемаладин Қожағұлов, Киікбай Жолжанов, Нұртай Базаров, Қаралпақ Әлібеков, Әбдібай Дәрібаев, Ақжан Дәрібаева, Әнапия Сұлтамұратов, Жетес Маубаев және менің әкем Ұлықбан Жадырасынов көрді. Аттары аталған азаматтар колхозды қолмен құрғандар еді. Осы азаматтармен Сәлім аға қоян-қолтық жұмыс істеді, міндеттемелерін орындап, колхоз экономикасын  көтерді. Cәлім ағамыздың бірнеше жылдық еңбегін елеп, халқы өзі басқарған ферманы «Сәлім ферма» деп атауды ұйғарды, ол осылайша тарихта қалды. «Сәлім ферма» атанған елді мекенде 10 үй салдырып, мал қораларын дайындады. Алайда, қазір ол жерде ел жоқ.
1956 жылы «Коммунизм», «Андреев», «Сталин» атындағы колхоздар қосылып, «Бозкөл» қой совхозы болып құрылды. Совхоздың алғашқы директоры болып Райымбек Қазантаев тағайындалды, бірақ ол көп  істеген жоқ. Одан кейін совхоз директоры болып Қожали Өтепбергенов келді, ол ұзақ жылдар, зейнетке шыққанша басқарды.
Совхоз болып құрылғаннан кейін 1957 жылы Сәлім ағаны №1 қой фермасының басқарушысы қызметіне тағайындады. Ферма малшылары негізінен Қызылқұмды жайлады. Орталығы «Тасарық» елді мекені еді. Ол кезде қойшыларда үй, қойға қора болған жоқ. Сәлім аға алдына малшыларға жағдай жасау, қой қораларын салу, жем-шөп дайындауды өзіне міндет етіп қойды. Оны да абыроймен орындады, ферма басқарған 5 жылда «Тасарық» елді мекенінде және малшыларға тұрғын үйлер, қой қоралар салдырды. Қоғам малы өсті.
Ағаның іскерлігін байқаған совхоз директоры Қ.Өтепбергенов оны 1962 жылы өзіне орынбасар етіп тағайындады, сөйтіп 1971 жылы құрметті демалысқа шыққанша бірлесіп, ақылдасып отырып жұмыс істеді. Осындай барынша кішіпейіл, өмірде қарапайым, жұмсақ мінезді адамның жұмыста қатал болғанын білемін. Өзінің жанын да аямайтын, өзгенің жұмыста  «ұзын арқау, кең тұсау» болуына мүмкіндік бермейтін еді. Зейнетке шықса да, қарап отырмай, жастарды еңбекке тәрбиелеуге мән берді, совхоз орталығын абаттандыруға, өз үлесін қосты.
Менің де ол кезде Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында 7 жылдан астам жұмыс істеп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бастықтың құрылыс жөніндегі орынбасары қызметіне ауысқан кезім болатын. Ауданда іссапарға барған кезімде менің әкеммен екеуі келіп:
– Ауылдың жағдайы қиын, не ауыз су жоқ, фермаларға жол жоқ, мәдениет, сауда үйлері жоқ. Сен шешпей кім шешеді? Осыны орында, біз халықтың атынан келіп отырмыз! – деп маған сауал қойды. Кейін телефон арқылы сөйлесіп, өзекті мәселені тағы да шегеледі. Мен де тапсырмаларын рет-ретімен шешіп, совхозға 464 орындық мектеп, «Бозкөл-Кәукей» жолын бастатып, клуб, сауда үйлерін, мұнай қоймасын, тағы да басқа құрылыстар салынуына ықпал еттім. Осылайша, Сәлім ағаның совхоздың өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегін ерекше бағалауға болады.
Ол бірнеше рет Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатымен, грамотасымен марапатталды. Соғыс жылдары «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін», кейіннен «Ұлы Отан соғысына 20,40 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы еңбегі үшін», «В.Лениннің туғанына 100 толуына қажырлы еңбегі үшін», «СССР-дің Қорғаныс күшіне 60,70 жыл» медальдарымен марапатталды.
Жалпы, Сәлім ағамыз төрт ағайынды болған. Олар: ағасы Қалжан, апасы Патсайы және інісі Төлеп. Төлеп соғыстан оралған жоқ. Артынан «қара қағаз» келді. Қалжан ағамыз соғыс басталғанша 1935-1942 жылдары аралығында «Жанай» колхозының құрушысы, бірінші басқармасы болды. Оның ерен еңбегі бағаланып, ¬Москва қаласындағы Бүкілодақтық ауылшарушылық көрмесіне баруға жолдама алған, ауылшаруашылық көрмесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Одан басқа 1939-1940-1941 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Мақтау грамотасының иегері, ұрпақтары егеменді елімізде әр салада қызмет атқарып жүр.
Патсайы апамыздың Нұрғабыл (марқұм), Жарылқасын атты ұлдары бар. Нұрғабыл ағамыз теміржол саласында қызмет жасаған. Ал, Жарылқасын Шәріпұлы Сәлім ағаның тәрбиесін көрді, нағашыларына ұқсап, халыққа қызмет етіп, ел басқарды, Қазалы ауданы, Қызылорда қаласының әкімі, облыстық мекемелерде басшылық қызметтер атқарды. Бүгінгі күні құрметті демалыста. Сәлім аға бізге де жақын адам. Ол шешеміз Жұмажанмен бірге 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Сәбитжан, Қуандық, Серікбай, Рыскүл бақилық болғанымен, ұлдары – Мұратбай, Ғабитжан – Қызылорда қаласында, қызы Гүлзира Байқоңырда тұрады. Артында қалған ұрпақтары өсіп, еліміздің әр саласында қызмет етуде. Осы балалары әке рухына тағзым етіп, еске алып ас беруді жоспарлап отыр. Осындай өзінің өнегелі істерімен өшпес із қалдырған асыл ағаны есте қалдыру шараларын қолға алған жөн секілді. Өзі жұмыс атқарған,  адамдардың басын қосып орнықтырған, еліне сыйлы болған «Тасарық» елді мекенін –   Сәлім Бектұрғанов ауылы деп атаса деген ойымыз бар.
 
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы,
облыстық ауылшарушылық басқармасының
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
 
 
ТАҒЫЛЫМ 11 мамыр 2017 г. 139 0