ТҰҒЫРЫ БИІК ТУҒАН ЖЕР

Бүгінде тәуелсіз еліміздің өзіндік стратегиясы қалыптасқан, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан орын алуы елбасының ерен еңбегімен көреген саясатының жемісі екені баршамызға аян. Соның бірі тарихи мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлы тұлғалар есімін жаңғырту барысында қаншама іс шара жүзеге асырылды. Еліміздің еңсерген тағы бір белесі қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуі, ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі.
Мерейтой қазақстандықтардың мәртебесін өсіріп, ынтымақ берекемізді одан әрі арттыратын шара. Бұл шара ата бабаларымыздың биік рухынан тәлім алуға да өзіндік үлес қосатындығы анық. Алдағы толқынның өнегелі өмірін ұлағат тұтып, қастерлей білу әрбір келер ұрпақтың қасиетті де қастерлі борышы саналмақ.
Сондай-ақ Сыр бойы оның ұлы да ұлағатты адамдары туралы тарихи түгендеудің бастамасы болып қала және облыс аумағындағы мәдени ескерткіштер, туған ел өскен жер тарихын, мәдени құндылықтарын жетік білуге құштар көпшілік қауымға арналған арнайы құрылған комиссияның, редакция алқасының ой елегінен өткен, «Сыр елі» Қызылорда облысының энциклопедиясы 2005 жылы жарық көрген. Бар болғаны 4000 дана таралымы басылып шыққан кітабына енді қол жеткізіп танысып, өз туған ауылына еліне қызмет еткен тұлғалар мен аталарымызды біліп, кейінгі ұрпаққа шындығын жеткізуді парызым деп біліп жазып отырмын.  
1867-1869 жылдары патша үкіметі отаршыл әкімшілік реформа жүргізіп, Қазақстан мен Орта Азияның бүкіл аумағын Түркістан, Орынбор және Батыс сібір генерал губернаторлы болып құрылған екен. олардың әрқайсысы облыстарға бөлініп Қазалы және Перовск уездері Түркістанның Сырдария облысына кірген, қазіргі Тереңөзек ауданы сол кезде Перовск уезінің құрамында болған. Оған Байзақ, Далакөл, Аламесек Шаған, Жалағаш, Қараөзек болыстары қараған.
1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін болыс болып ел билеген Шаған болысында Бәймен Әділұлы, Шәймен Әділбайұлы, Құттымұрат Тобағабылұлы, Бақтыбай Сүлейменұлы, ақ патшадан шен алған Есет Төлепұлы, Жәрмен билер болғандығы жазылған. Осы аталарымыздың ішіндегі Бәймен Әділұлы есентемір бабамыздан және де сол сияқты  өз аталарымыздың кім болғандығын, қай бабалардан өрбігенін кейінгі жас ұрпақ оқып, қазіргі Шаған ауылы ежелгі ауыл екенін біліп, осы  кітапқа ат салысқан тарих бетін зерделеп зерттеп тауып құрастырған тарихшылар мен қоғам қайраткерлеріне рахметімізді білдіреміз.
Облысымызда денешынықтыру мен спортты дамытуға өз үлесін қосып, ұйымдастырушы әрі бапкер палуан ағамыз Греко-Рим күресінен СССР-ға еңбек сіңірген палуаны осы Бәймен атамыздың ұрпағы. Әділов Қалапберген Пірімханұлы екенін естеріңізге сала кетсем артық болмас. Қазір Қалекен аға 80-нің үстіне шықса да өзін сергек сезінеді, кәнігі спортшыға тән қасиеттерді әдемі сақтап, қимылы шалт, жүрісі ширақ, ісі нық. Осының бәрі спортпен етене дос болудың арқасында деп білемін. Сондықтанда жастар спортпен айналысу денсаулық кепілі екенін ұмытпаңыздар.
Шаған ауылы 1928 жылы қаланған Сырдария өзенінің сол жағасында Тереңөзек кентінен оңтүстікке қарай он сегіз шақырым жерде Шіркелі өзенінің бойына орналасқан. Сол кезге  дейін майда ауылдар орналасқан. Аққұм, Жартықұм, Сырдария бойын жағалай қоныстанған Есентемір ата-бабаларының ұрпақтары болғандығын көрсетеді.
1937 жылы Жамбыл-Ворошилов. Красная Заря. 1939 жылы Карл-Маркс кейін Контонская коммуна ұжымшарлар колхозы болып құрылғаны, 1950 жылы Жамбыл Контон-коммуна қосылып Қалбай төбе, Көксу жағасына қоныстанған. 1985 жылы осы аталған жоғарыдағы ұжымшарлар біріктіріліп 1961-1996 жылдар аралығында күріш өсіретін Тереңөзек совхозы аталып, орталығы Шаған ауылы болған.
1961-1972 жылдары облыста сол жаға егістікалқабын игеру бүкіл одақтық комсомол жастарының екпінді құрылыс жұмыстары қызу жүргізілген уақыты болатын. Жаңадан совхоз орталықтарын салу, күріш егіс алқаптарын тегістеп, инженерлік жүйеге келтіру, су жүйелерінің құрылыстарын салу, оң-сол жаға (коллектор) – су қашырытқыларын қазып іске қосу жұмыстары атқарылып, Тереңөзек совхозының күріш атасы аталған кезеңі еді. Сондай-ақ Сырдария өзені облыс көлеміндегі байлық көзі, көне грек жазбаларында «Яксарт» деп атаса, Әл-Бируни кезеңіне дейін «хасарт» деп атаған.
Орта Азияға арабтардың келуімен «Сейхун» атауын алған. Сырдарияның алғашқы арналарының бірі Іңкәрдария болғаны айтылған. Көп жылдар бойы әсіресе Сырдария өзенінде су тасу жиі болып, облыстың көптеген жерін су басып халық шаруашылығына көптеген зиянын тигізіп отырған. Жол қатынасы қиын болғандығы тоғыз жолдың торабын су басқан шаған аумағында көлдер көбейгені: Сарыкөл, Домалақкөл, Күміскөл, Шалаулыкөл, Жарықкөл және т.б. Сонымен қатар тарихи жер атаулары: Жолбарыс тақыры, Танат, Шіндетбай көпірлері, Құмарық, Майлы өзек, Шаған арығы 1939 жылы Қызылорда платинасы басталып, Соғыс зардабынан платина құрылысы тоқтап 1956 жылы іске қосылған. 1950-60 жылдары су тораптарының солжаға оң жаға каналдары қазылып, егіс көлемі ұлғайып су жүйесі ретке келтіріліп су тасуы басылған.
1938-39 жылдары Шаған ауылында ауыл шаруашылық техникасын жөндейтін МТС құрылған. Әрине, жайдан жай жерді таңдамай, халқы көп, маманы бар елді таңдап МТС-та орналастырылған. Құрамында 39 ұжымшар жүздеген техника, екі жүздей жұмысшы мамандар қамтылған. МТС-та радиатор жөндеу, слесорлық цехтары, темір ұстаханасы, жанармай базасы, электр станциясы жұмыс істеген.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде МТС-та ХТЗ, У2, НАТИ, С-60, С-80, С-100, ДТ-54, молотилка және 2-3 машина болған. Осы техниканы игеруде соғыстан бронмен босатылған мамандар еңбек еткен. Алғашқы директорлары болып Сейділда Оспанов, Айтбай Данияров, Сергей Ни, Нұрғали Тұршеков болғанын, 1958 жылы МТС барлық атауымен аудан орталығы Тереңөзек кентіне көшірілген.
Міне кейінгі жас ұрпақ тұғыры биік туған ауылының азда болса тарихынан хабардар болдыңыздар. Ата бабаларының жұмыс орнымен жердің елдің байлығын атауларын білдіңіздер.
Біздің мақсатымыз мақтана айта алатынымыз халқымыздың ғасыр бойы көшіп-қонып жүрсе де туысқандық, ағайындық, тұтастық іргесінің бөлінбей өмір сүруіндегі сол кездегі ұлы қазақ қандығымыздың, бабаларымыздың осынау ұлы байтақ жерімізді байлығымызды сақтап қалып осы тәуелсіз мәңгілік елге жеткеніміз. Еліміз өркендеп берекеміз толып, ел-жұртымыздың амандығында болуы соның айғағы.
Тұғыры биік Шаған ауылын одан әрі көркейтіп гүлдендіру кейінгі жас ұрпақ сенің қолыңда. Еліңе қызмет ет, әр саланың маманы бол, ата-ана парызын орында, өзіңді ойламай еліңді ойлап жұмыс жасау абыройыңды өсіреді. Халқың сені құрметтейді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Нұрабай ҚҰДАБЕКОВ,
дербес зейнеткер.
ТАҒЫЛЫМ 09 қаңтар 2018 г. 30 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031