ҚАНДАУЫРДЫҢ ЖҮЗІНДЕ ҚЫЛПЫЛДАҒАН ӨМІР ТҰР

  …Түнгі кезекшілік. Облыстық ауруханадағы науқастарға арналған дәрігерлік процедуралар аяқталып, медицина қызметкерлері таңғы қызметтеріне дайындыққа кірісіп кеткен. Тәулік бойы бір тыным таппайтын қабылдау бөлімі конвейер тәрізді. Науқастарды ауру түріне қарай бөлімшелерге жөнелтіп, дәрігерлер жедел жәрдеммен әкелінген келесі науқасқа қарай құстай ұшты. Кезекші хирург Сағымбай Құлсартов қансырап жатқан пациенттің жағдайы өте ауыр екенін бірден байқады. Жүрегіндегі пышақ жарақаты өмір мен өлімнің арасындағы жанталасқа себеп болған. Науқас ес-түссіз, медициналық анықтамалықтарда ғалым Чейн Стокс бұл жағдайды «тыныс алудың соңғы сәті» деп сипаттаған. Күретамыр соқпайды, артериалды қан қысымы анықталмайды.
Науқас дереу операция столына жеткізіліп, жасанды дем беретін аппарат қосылды. Дәрігер Құлсартов жансыздандыруды күтіп тұрмастан кеуде қуысын кесіп, жүректің сыртқы қабатын тіліп, жиналған қанды алды. Жүрек соғысы тым нашар. Толық жиырылмай, тек жыбырлап тұр. Әр минут түгілі секундтың бағасы артып барады. Жасанды дем беру құрылғысы да жан берісіп, жан алысқан жауынгерлердей күресіп жатқан дәрігерлерге болысуда.  Бір кезде… жүрек тоқтап қалды. Тез шешім қабылдап, жедел әрекет ететін уақыт – осы кез. Операция столы ойланатын орын емес. Мұнда тек хирург, оның  ассистенті, анестезиологтың іс-қимылы жеміс береді.  Шұғыл түрде адреналин егіліп, ашық массаж жасалды. Әлгінде соғуын тоқтатқан жүрек біртіндеп қозғала бастады. Түн баласы тікесінен тік тұрып, өліммен арпалысқан дәрігерлер иығынан ауыр жүк түскендей терең дем алды. Пышақ тиген жарақат тігілген соң, біртіндеп науқастың қан қысымы көтеріліп, жағдайы жақсара бастады. Дер кезінде көрсетілген жедел хирургиялық көмек­тің арқасында адам аман калды.
Хирург С.Құлсартовтың мойнын­дағы жауапкершілік салмағы бас­қаларға қарағанда ауырырақ еді.  Екі дүниенің ортасын жалғаған тінді  қолымен ұстап тұрғандай, сол нәзік тін тарқатылып кетсе, қандауыр жүзіндегі қылшылдаған ғұмырды үзіп алатындай өз ісін беріле атқарады.  Жүректің қайта соға бастағаны – жедел қабылданған шешімнің дұрыстығы.  
Бұл – Сағымбай Құлсартов жасаған мыңдаған операцияның біреуі ғана. Қазір сексен жастың ауылын еркін аралап жүрген елімізге белгілі хирургтың медицинаның осы ауыр да жауапты саласын таңдайтыны институтта оқып жүрген кезде белгілі болды.
Сағымбай Қарақұлұлының балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ауылдық амбулатория­да жұмыс істейтін фельдшерді жұрт ерекше сыйлап, «доктор» деп атайтын. Әкесі «балам, дәрігер бол, таза жұмыс, жылы жерде, ақ халатпен жүресің, барлығы сені құрметтейді, жұмысы да көп емес сияқты ғой» дейтін. Жанашыр адамының арманы орындалды. Расында баласы ел сыйлаған, кіші үлгі тұтып, тұстастары құрметтеген дәрігер болды. Әкесі «жұмысы көп емес сияқты» деген тұста ғана қателесіпті. Хирург ақ халат киіп, жылы, таза жерде отыратын маман емес екен.  
Институтты бітірген 1961 жылы Сағымбай Қарақұлұлы өзі оқыған оқу орнының түлегі Мира Қасымқызына үйленіп, еңбек жолдарын Ақтөбе қаласында бастады. Арада төрт жыл өткенде Қызылорда қаласына қоныс аударып, отағасы – хирург, ал жұбайы облыстық ауруханада терапевт болып жұмыс істеді.
Білікті дәрігер облыстық ауру­хананың жалпы хирургия бөлімшесін басқарды. Кейін ұзақ жылдар бойы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып еңбек етті. Облыстық  хирургтар ғылыми қоғамының төрағасы қызметінде жүріп хирургиялық саладағы дәрі­гер­лердің біліктілігін арттыру, дәрі­герлер мен орта буын медицина қызметкерлерін аттестаттау және қайта аттестаттау, жергілікті тұрғындардың аурушаңдығын зерттеу және оны барынша төмендету бағытындағы жұмыс­­тарымен айналысқан. Еліміздің Хирургтер қауымдастығы облыстық филиалының алғашқы төрағасы болу да өз саласының білгіріне жүктелді.
Жақсы дәрігер болу үшін жақсы оқу, оқуды бітірген соң біліміңді жетілдіріп отыру, дәрігерлер бір-бірінен үйреніп, бір-бірінің кемшілігінен сабақ алу керек. Бұл – өз кәсібінің шыңына шыққан адамның өмір бойы ұстаған қағидасы.
– Бір күні қабылдауымдағы науқас әйелдің «ішім ауырып бара жатыр, ұстатпайды» деген шағымын тексеруге кірістім. Ол кезде жас хирургпын. Әйелдің денесін жазып жатуына шамасы жоқ. Хирургия бөлімшесіндегі тәжірибелі дәрігерге телефон шалдым. Жағдайды айтып түсіндіріп едім: «жас хирург, тыңдап ал, ол жатырдан тыс жүктілік болуы мүмкін, құрсақ қуысы жарылып, жиналып қалған қан қысым жасап тұрған болуы керек» деп кеңес берді. Бірнеше жылдан кейін Тереңөзектен телефон шалған жас хирург тура сондай белгілермен науқас әйел түскенін айтып, кеңес сұрады. Бірден «дереу операцияға ал,  жатырдан тыс жүктілік» дедім. Міне, білмегенді сұрағанның айыбы жоқ, өзімбілемдік біздің кәсібімізге жат қылық, – дейді ол.  
С.Құлсартов өңірдің емдеу меке­мелеріне кеңес беру, жоспарлы және шұғыл операциялар жасау үшін іссапарға жиі шығатын. Аудандардағы дәрігерлер, әсіресе жедел хирургиялық көмек көрсетудің нағыз маманы жасаған көрнекі операцияларға қатысуға асығатын.  Ол ұйымдастырған хирургиялық қоғамның көшпелі отырыстары мен ғылыми-практикалық, патологиялық-анатомиялық конференцияларда адам өлімі себептері жан-жақты талқыланатын. Бұл жұмыс­тармен  қатар Сағымбай Қарақұлұлы асқазан және ұлтабар ойық жарасын емдеудің жаңа әдістерін ендіру, бауыр, ұйқы безі, өт жолдарына операция жасау, қалқанша безін, өкпе және көкірек, паразитарлық ауруларды, іріңді-септикалық ауруларды хирургиялық емдеу практикалық қызметімен айналысты. Облыстық онкология орталығында білікті дәрігердің қатысуымен асқазанды хирургиялық жолмен алып тастау, асқазанның бір бөлігін алып тастау, тоқ ішек пен тік ішектің бөліктерін резекциялау, ішекаралық безді сылып тастау, т.б. операция түрлері тәжірибеге енгізіліп,  жасалған. Жаңа әдістемелерді тану талпынысы, эксперимент жасаудағы батылдығы мыңдаған адамдардың өмірін құтқарды.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы науқастың жан әлеміне үңіліп, өткір қандауырдың жүзіндегі суық­тықты сездірмей, жылы сөзі мен жанашырлығын аямаған Сағымбай Құлсартов сияқты «алтын қолды» дәрігердің жасаған еңбегі ізсіз емес. Отандық медицинаның үздіктері атан­ған шәкірттері, өз ісінің шебері ретінде мойындалған беделі бар. Өмірден көрген-түйгені мол, еңбегінен берекет тапқан адамдардың арамызда жүргені қандай жақсы.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
ТАҒЫЛЫМ 26 ақпан 2018 г. 172 0