МӘҢГІ ӨШПЕС ШЫРАҚ ЖАҚҚАНДАР

ТАҒЫЛЫМ | 05 октябрь 2013 ж. - 10:31 | Көрудің саны: 756
Дүниеге шыр етіп келген пенде баласының ішінде жалғанның жарқылына алданбай, адалдық пен адамдықтан айнымағандар санаулы-ау, сірә.. Өзі кетсе де, артында өнегелі ісі мен жолын жалғастырар ұрпағы қалған осындай жандар ғана қылаусыз құрметке ие болып, кейінгілер жадында сақталып қалады. Сан құбылған замана өкпегінің өтінде отырып, мәңгі өлмес шырақ жағып кеткен Қалыбай мен Дәмегүлді де біз осы санаулылар қатарына қостық.

ҚАЛЫБАЙ
Ақ пен қызыл арбасып, ескі мен жаңа алмасып жатқан 1922 жылы сол кездерде Тереңөзекке қарасты болған Шымбөгет аулында дүниеге келіпті. Әкесі Бекен бай болса да, барымен мақтанған жан емес екен. Қайта айналасына қайырымы мол, қолы ашық адам болыпты. Ішіп-жемнен қысылған ауылдастары Бекеннің босағасынан табылатын көрінеді. Жаңа үкімет орнағаны болмаса, ауыл сол бәз-баяғы қалпы, қойын құрттап, айранын ұрттап жүріп жатыр. Сөйтсе, Кеңес үкіметі өзі шығарған НЭП-тің (жаңа экономикалық саясат) алғашқы легінде қолында дүниесі барларды кәмпескелеуді жоспарлап отыр екен. Ұзамай байлардың жаны – талқыға, мал-мүлкі тәркіге түсетін кезең басталып та кетті. Кезінде осы шаңырақтан дәм татқандардың көбінің ниеті түзу болғанмен, «байдың үйіне барды» деген сөзден қорғалақтайтын күн туды. Осындай күндердің бірінде әкелерімен сыйлас азаматтардың бірі келді. Түн жамылып келген қонақтың сөзі үрейлі: кәмпескенің құрығына Бекен де ілініпті. Малын талауға салып, өзін Сібірге жер аудару ғана қалып тұр екен. Байлығына емес, балаларының болашағына алаңдаған Бекен аласұрды да қалды. Айналасы екі күннің ішінде естияр балаларын Қырғыз жеріне асырды. Қалыбайды Аламесектегі балалар үйіне орналастырды. Өзі баласының кенжесі Науқанбай мен әйелі Жұмакүлді немере ағасы Тоқмырзаның қолына тапсырады да, Қызылорда қаласында тұратын туған балдызы Жүсіпбайдың үйіне жетеді. Екі көзің бір-біріне жау заманда осы үйде басбағып біраз жатты. Түн баласы ғана сыртқа шығып, бой жазып қайтқаны болмаса, күндіз қарыс қадам ұзамайды. Кейінірек балдызы Жүсіпбай татар дәмі таусылып, демі үзілер сәтін болжаған жездесінің «Шырағым, менің ана дүниеге сапар шегуіме көп қалған жоқ, аз-кем ғұмырымда кісіге қиянат жасамадым, Нанымды адалдан жедім. Артым жақсы болуы тиіс. Тек бір арманым, екі жиенің жастау қалып барады. Қалыбайдың еті тірі, бала болса да, алды-артын бажайлай алатын шамасы бар. Сол жақсы азамат болып өсуі тиіс, көз қырыңды салғайсың» деген аманатын жиі айтып отырады екен. Көп ұзамай балдызымен бақұлдасып, ата-баба қонысы Шымбөгетке жеткен Бекен 2-3 күннің ішінде Алланың аманат жанын сол жерде тапсырыпты. Бұл кезде әкесі болашағынан үміт еткен Қалыбай 13 жастағы бала еді. 
Ел ішіне аштықтың дендеп кірген кезі. Аламесектегі балалар үйінде әу баста 88 бала еді, қазір қатарлары кәдімгідей селдіреп қалған. Бұлар шыбындай қырылып қалса да, жоқтайтын жан табыла қоймас. Өйткені, елде екінің бірі туған ошағын тастап, бір үзім нан іздеп сенделіп кеткен. «Ораза, намаз тоқтықта» деген тегі рас екен. Кеше ғана дайын асты ішуге ерінетіндер енді қу сүйегі салдырап, тірі аруақтың күйін кешіп жүр. Аштық та дүние сияқты адам көзін байлап тастайтын болу керек. Ел арасында жыбырлаған жәндікті қойып, кісіге ауыз сала бастағандар кездесіп қалып жатыр. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегенді қазақ тегін айтты дейсіз бе... Сексен сегіз баладан жалғыз Қалыбайдың тірі қалуына да кезінде әкесінің жақсылығын көрген жандардың шарапаты тиді. Балалар үйіндегі шаруашылық жағын басқаратын Тұрмахан балалар үйінің аспазшысы Шамкен жеңгесіне қолдағы жалғыз сиырдың соңғы идірім сүтін Қалыбайға беруді тапсырып, баланы іш сүзегінен аман алып қалыпты. Осылайша кешегі әке қайырымын ескерген жан текті әулеттен қалған ізді өшірмеді. 
Сексен сегізден қалған жалғыз Қалыбайдың ішер ас пен киер киімнен де үлкен уайымы оқу еді. Қатарлары бос уақытында қызық қуса, ол қағазға шұқшиып отыратын. Білсем деген ниет баланы Қызылорда педагогикалық училищесіне алып келді. Мұнда кейін қазақтың белгілі азаматтарына айналған сықақшы Садықбек Адамбеков, тарихшы Ибрагим Шамшатовтармен қатар оқыды. Өзгелер үшін тылсымы көп математика теңдеулері Қалыбайға күнделікті жаттап жүрген тақпақтай таныс еді. Үлгерімімен көзге түскен жас жігіт бірден топтағы оқу озаты атанды. Бірге оқыған достан өле-өлгенше хабарын үзбеген қаламгер Садықбек «Соғыс деген сұрапыл киіп кетпегенде, Қалыбай нағыз ғалым болар еді. Әттең...» деп, өкініп отырады екен. 
1941 жылдың 21 маусымы күні педучилищені бітірген кешті тойлап, түні бойы қала көшелерін кезіп, таң ата жатақханаға оралған жастарды «Соғыс басталды!» деген суыт хабар күтіп тұр еді. Алагеуімде шекара бұзып өткен неміс фашистері миллиондаған адамның өмірі мен үмітін қиып кетті. Сол миллиондардың ішінде педучилищені үздік тәмамдап, ертең Ульяновск қаласына жолдамамен аттанбақ болғандардың бірі Қалыбай да бар еді. Пролетариат көсемінің шын тегін еншілеген қаланы көру бұйырмады, оның орнына көп ұзамай қып-қызыл қырғын жүріп жатқан майданға апаратын эшелонға аяқ артты. Тағдыр алдан үміті мол Қалыбай бозбаланың маңдайына жаумен Власовтың армиясы қатарында шайқасуды жазыпты. 
Адамның шын бет-бейнесі басына іс түскенде ашылады екен. Әйтпесе, осыған дейін Сталинге сүйкімді болғандардың бірі генерал Власовты сатқындық жасайды деп кім ойлаған. Бұл келгенде армия қалың орман ішіне орналасыпты. Неміс әскерлерінің жақындап қалғаны ешкімнің ойына келмейтін сияқты. Қамсыз болмағанмен, анау айтқандай қарбалас жоқ. Жайбарақат жүрген жұрт. Бұл соғыс басталғаннан-ақ ойы бұзылған Власовтың айласы екендігін бұлар кеш білді ғой. Жауға қарсы бір оқ атпай жатып, тұтқынға түсті. Сол күйінде шып-шырғасын шығармай Германияға жеткізді. Киетіні алашұбар киім, ішетіні жылт еткен қарасы жоқ сылдыр сорпа. Қия бассаң, қарауылдар сілейтіп сойып салады. Тамақ пен киім уайым емес, таяқтан да өлген ешкім жоқ. Бар уайымы – өзі қатарластар жан алысып, жан берісіп жатқанда пенде болып, тұтқында отырғаны. Көп ұзамай, лагерьге тәуір киінген қазақ жігіттері келе бастады. Тұтқындар арасынан таңдап жүріп мұсылмандарға ғана жолығады. Жағдай сұраған болып отырып, түсінікті тілде лагерьден қашып құтылудың жолын да айтып кетеді. Гитлермен тұтқынға түскен мұсылмандардың жағдайын жасау туралы келісімге келе алмаған Мұстафа Шоқай жіберген жігіттердің ақылымен қашып та көрді. Көбі ұсталып, қасында өзбек пен орысы бар Қалыбайлар құтылып кеткендей болып еді. Көп ұзамай, қолға қайта түсті. 
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен. Тұтқында жатса да, Кеңес әскерінің жақындап қалғанын лагерьдегі дүрлігістен сезеді. Сондай күннің бірінде бұларды қойша тізіп, орман ішіне алып жүрді. Байқайды, бәрін апарып қойша қырып тастамақ. Артқы лекті бақылап келе жатқан мосқалдау неміс екен, соған жақындап тілге келді. Айдаладағы азиаттың таза неміс тілінде «Мен қатарлы балаң бар шығар, шыбын жанымды қи!» дегені аянышын оятқан болу керек, қарауыл білдірмей бас шұлғып қалды. Алла ажалдан қақты деген осы шығар, балалар үйінде Тұрмахан жанын алып қалып еді, енді, міне, өңі түгіл түсінде көрмеген неміс жанына сауға беріп тұр. Қалыбай жандәрмен ойға қарай домалай берді...
Қалекеңнің осыдан кейін неміс-поляк шекарасынан шыққаны, онда бір жылдай тұрақтап, елге оралғаны ұзақ әңгіме. Шешесі Жұмакүл бұл оқып жүргенде бақилық болған еді. Өзінен кейін қалған інісіне жанашыр болатын ағайын табылады. Студент кезінде танысқан Дәмегүл ара-тұра есіне түсіп қояды. Оқуын бітірердің аз алдында сезімін білдіріп хат жазып еді. Аралдың аруы бұған кетәрі емес сияқты. Қазір қайда жүр екен?

ДӘМЕГҮЛ
 Аралдың Ұзынқайырында туып-өсті. Аты айтып тұрғандай ауылы жан-жағын алапат теңіз қоршаған мекен еді. Шағын елді-мекендегі бар тірлік балық кәсіпшілігіне байланысты. Еңбекке жарамдылардың бәрі ауланған балықты өңдеп, жан-жаққа жөнелтіп жанталасып жататын. Бірақ, Дәмегүлдің ойы мұғалім болу. Ағасы Насыр екеуінің тілеуін тілеп отырған әкесі Оңдабай мен анасы Тұрғанға бұл ойын айтып та жүр. Басында келіспегенмен әке-шеше қыз талабына қарсы болмауды ұйғарған сияқты. Мектеп бітірісімен Қызылорданың педагогикалық училищесіне аттанды. Ана тілінен бөлек, орысшаға да мүдірмейтін ол емтиханнан сүрінбей өтіп, студент атанды. Енді жатар орынды жайластырып, ауылға қайтуды ғана ойлап тұрғанда емтиханды бірге тапсырған Зерхан атты құрбысы жолыға кетпесі бар ма... Зерхан адамды жатырқамай, бірден шүйіркелесе кететін жақсы қыз екен. Келгелі бері сөйлесіп жүр, бір артық қылығын байқаған емес. Қайта Дәмегүлді жақын тартып, сырын ақтарыла айтып жүреді. Қалада Зерханның Ибрай атты ағасы тұрады екен. Мұның жатақханаға орналаспақ ойын білген ол ағасының үйіне шақырды. Дәмегүл сол үйде өзіне өмір бойы серік болар Қалыбайды жолықтырарын білмеген де еді. Қалыбай Ибрайдың балдызы болып келеді екен. Ара-тұра келіп кетіп жүргенде Дәмегүлге көзі түссе керек, бір күні хат беріп жіберіпті. Артық-ауыс сөзі жоқ, біртоға жігітті бүл да жек көрмейді. Бірақ, ауыл қызының ұяңдығы жібермей, кездесіп қалғанда қал-жағдай сұрасудан арыға асып көрген емес. Студент кезінде мақтаулы жігіт Ульяновск қаласына жолдама алғанда бұл іштей қатты қуанған. Қалыбайдың жоғары оқу орнын үздік бітіріп, білікті маманның біріне айналар сәті жақындап қалғандай сезілген. Тек, мына соғыс... Жігітті майданға шығарып салған күні Дәмегүл түні бойы ұйықтай алмады. Көз алдынан пойыз тепкішегіне аяғын сала беріп, бұған жалт етіп қараған бозбала кетер емес.  
Оқу орнын бітіріп, Ұзынқайырына қайта оралды. Осының алдында ғана ағасы Насырдан «қара қағаз» келіп, әке-шешесі қан жұтып отыр екен. Келе шаруаға кірісіп кетті, осындағы мектепке орналасты. Қалыбай мұның сезіміне құлып салып қана қоймай, көзін де байлап кеткен сияқты. Ауылда сөз айтқан жігіт атаулыға көз қиығын да салғысы келмейді. Соғыс аяқталып қалса да, хабарсыз қалған жігітті аман жүргенінен іштей сенеді және болашақ өмірін сонымен ғана байланыстырады. Соғыс біткеніне тура жыл толғанда Қалыбайдың хабарын алып, қуанғанын көрсеңіз... Баяғы Зерханнан хат алған, Қалыбайды Қызылордадан көргенін жазыпты. Сонда Дәмегүлге құрбысы екі жастың арасын жалғаған ақ қанатты көгершіндей көрініп кетіп еді.  

ҚИЯНДАҒЫ ҚОСТАНАЙ, АЛЫСТАҒЫ АРАЛ
Неміс-поляк шекарасында жылға жуық жүрген Қалыбай елге оралды. Педучилищені бітірген дипломмен Шымбөгет мектебіне орналасты. Әйтсе де, көңілінде алаң бар, қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мұның жау қолына түскенін үлкен қылмыс санайтын секілді. Ара-тұра кеңселеріне шақырып, жауап алып қояды. Қалаға барып-келіп жүріп, Дәмегүлдің хабарына қанықты: білуінше, қыз ауылында екен. Сондағы орта мектептің директоры көрінеді. Баяғы бұл жазған хаттан кейін ешкімге көз салмай, тек өзін ғана күтіп жүрсе керек. Мұны естігенде Қалыбайдың жүрегі езіліп кеткендей болды. Ағайынға ақыл салып, шағын топпен Ұзынқайырға жетіп, Дәмегүлді үйіне әкеп түсіргенде көңілін бір демдегендей болып еді. Бірақ КГБ-ның қанын ішіне тартқан қызметкерлерінен құтылар түрі көрінбейді. Бастапқыдай емес, жауап алуды көбейткен олар дәл бір армияны сатып кеткен генерал Власов емес Қалыбай сияқты шүйіледі. Сұрамайтындары жоқ, «Тұтқында не істедің?» деген сауалға қалай жауап бересің? Құдай-ау, пенде болып, тұтқынға түскен адам не істейді, дүниенің жарығын көруді арман етіп, ішқұса болып өлмей ме... Бірақ соны мыналарға түсіндіріп көр... Ақыры сот шешімімен Қостанайдағы Рудный қаласына жер аударды да жіберді. Шіркін, қазақ әйелі-ай, сонау жер түбіне жасқа толмаған Баянын құшақтап Дәмегүл бірге барды. Немісте тұтқын болып еді, енді Кеңес түрмесінің дәмін татып жүр. Айырмашылығы, онда арсылдаған итпен айдаса, мұнда еркін жүріп-тұрады, жары мен баласы жанында. Ауыр жұмысқа жарамайтын болғасын, осындағы мектепке мұғалім болып орналасқан. Ол да көңілге демеу. Аттай алты жылын Рудныйда қалдырып, елге оралғанда Қалыбай отыздың үстіне шыққан жігіт еді. 
Ауылға оралысымен қайынатасы Оңдабай келіп кетті. Бұрынғыдай емес қартайыпты, соғыста шейіт болған ұлының қайғысын көтере алмаған енесі Тұрған да төсек тартып жатқан көрінеді. Шай үстінде Оңдабай ақсақал шешіліп сөйледі:
– Қарақтарым, көп уақыт сыртта жүрдіңдер. Біздің жай, сол сендердің тілеулеріңді тілеп отырған. Аналарың төсек тартып қалғалы біраз болды. Екеуден-екеу шошайып отырған өмірдің қызығы да болмайды екен. Қалыбайжан, сені туғанымнан кем көрмейтінім Аллаға аян. Қарсы болмасаңдар, сендерді ауылға шақыра келдім...
Ақсақалдың тілегін Қалыбайдың ағайындары да құп көріп еді. Осылайша жас жұбайлар Ұзынқайырға жол тартты. Бара сала, сондағы мектепке орналасты. Көп ұзамай тұңғышы Баян мектеп партасына отырды. Ұлдары Ерталап, одан кейінгі егіздер Берік пен Серік осында дүниеге келді. Теңіз жағалауындағы тіршілік біртіндеп өз арнасына түсіп келе жатты. Әуелі әкелері Оңдабайды, артынша анасы Тұрғанды жер қойнына арулап тапсырып, туған ауылы Шымбөгетке қоныс аударар кезде Қалыбай мен Дәмегүлді бүкіл ауыл қимастықпен шығарып салып еді. Сонда мұғалім жігіт «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деген осы екен-ау дегенді көңілге түйіп кетті. 
Туған ауылына оралып, ұзақ жылдар мектепте математика пәнінен сабақ берген Қалыбай Бекенов ел жадында жақсы ісімен қалған ұстаз болды. Ол кісі жұмыс істеген ұжым облыс бойынша тірек-мектепке айналғаны да Қалекең еңбегінің өлшеусіз екендігінің айғағы болса керек. Алмағайып уақыттың жалынына шарпылса да, ертеңге деген үмітін қалың өрттің ортасынан аман алып шығып, артына өшпес із қалдырған Қалекең 1985 жылы дүниеден озды. Бабасы Алтай, әкесі Бекен сияқты Аллаға жан берер сәтін болжаған Қалекең балаларын шақырып: «Көзім жұмылғанда қатты жыламаңдар. Мені 63 емес, 70 жас жасады деп есептеңдер. Небір сұмдықтан аман қадлып, сендерді өсірдім. Тәубе...» деп жүре беріпті. Артында қалған жары Дәмегүл немерелерінің қызығына кенелген әже болды. Осыдан 14 жыл бұрын дүние салды. 
Ұл-қыздары Баян, Гүлбану, Ерталап, Берік, Гүлсімдер әке жолын жалғастырып, физика-математика саласының мұғалімдігін таңдады. Қызы Аян ұзақ жылдар сауда саласында еңбек етті, егіздің сыңары Серік дәрігерлікті қалады. Ерболаты төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етсе, кіші ұл – Ербол мұнай саласының білгір маманы атанды. Небір тауқыметті бастан кешкен Қалекеңнің теңіздің тереңіндей сабырына Алланың берген өтеуіндей Бекеновтер әулетінің өмірі осылайша сәтті жалғасты. 

ӘКЕГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ БАСЫЛМАЙДЫ
Ұлы Ерталап Бекенов айтады: 
–Бекенов, орныңнан тұр! Бұл қай қылығың?
Әкемнің осы сөзін естімеу үшін барымды салып оқыдым, айналамдағыларға үлгі болуға тырыстым. Үйде сабақ оқуымызды барынша қадағалап, мектепте қадалып тұрып сұрайтын. Класта бір бала тәртіп бұзса, алдымен мені жазалайтын әдеті бар еді. Күнде әкемнен ұрыс ести беру оңай ма, мен де жанымдағы достарымның тәртібінің түзелуіне араласа бастадым. 
Сыр көзге аса қатал көрінетін әкем маған кісі ақысын, жол ақысын жемеуді мақсат етіп қоюды үйретті. Қазір ойлап отырсам, мен үйдің үлкені болғандықтан қалған інілерім де маған қарап, бой түзесін деген ниет екен ғой ол кісінікі. «Өмірге бала әкелдің бе, өз еңбегіңмен оқыт» дегенді жиі қайталайтын еді. 
Үй маңындағы жалғызбасты, көмекке зәру Айқай, Ұлмекен, Қытайы әжелерімізге, Тоқсанбай, Әли әкелеремізге үйінің шаруаларын бітіруге үнемі көмектестіріп, оларға кешкілік бір мезгіл кітап, журнал, газет оқып беруге жұмсап отыратын еді. Бұл тәрбиенің ең үлкені екен.  
 Туа бітті мінезінен айнымай, бізді ғұмыр бойы адалдық пен адамдыққа жетелеген әкемнің өзімен қатар оқыған қатарлары арасында да беделі күшті еді. Атақты сықақшы Садықбек Адамбеков өзін күтіп тұрған лауазымды кісілерді кідіртіп қойып, алдымен әкеме сәлем беруге келетін еді. 
Адалдығы, білімділігі арқасында аудандық олимипиадалар мен мектеп бітіретін «Алтын медаль» иегерлерінің математикадан жазған жұмысын тексертуге үнемі аудан басшылары әкемізді шақыратын. Әкеміздің еңбегі бағаланып, бірнеше жыл кешкі мектеп директоры қызметін атқарды. Осы біліктілігі ескеріліп, ауданда бірінші болып 1969 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Баланың бақытын бар байлықтан биік қойған әке-шеше арқасында біз ештеңеден таршылық, тапшылық көрмей өстік. Біздің тәрбиемізді әкем қадағаласа, анам марқұм қыздарының ақылды, жан-жақты болып өсуін мақсат етті. Шешем «Ерін тірегім, пірім, табыскерім деп сыйлаған әйел ғана мақсатына жетеді» дегенді жиі айтар еді. Шүкір, осы тәрбиенің арқасында ешқашан біздің әулетке қатысты жағымсыз әңгіме естілген жоқ. 
Жатқан жерлерің жұмақ болсын, әке, ана! Сендерден алған тәрбиені балаларымызға сіңіре алсақ өмірдегі басты мақсатым орындалды деп білер едім. 
Қызы Гүлбанудың естелігі: 1960 жылы 1 класқа баратын болдым. Бала болсам да, мектептің қандай боларынан хабарым бар. Өйткені, әкем де, анам да мұғалім. Қоңырау соғылды да, әкем класқа кіріп, сабақ өте бастады. Балалық қой, сабақта отырғанымды ұмытып кетіп, әкеме еркелесем керек. Сонда ол «Қызым, енді сен маған мына балалармен бірдейсің. Өйткені, сен менің оқушымсың» деді жәймен ғана. Әкемнің осы сөзі жадымда жатталды да қалды. Содан 7 класты бітіргенше әкемнен сабақ алдым. 
Бір кластағы 25 оқушының 20-сын озат, оқу екпіндісі етіп шығару әкемнің ғана қолынан келер еді. Сырттан келген тексерушілер «Бекеновтің біз білмейтін құпиясы бар. Ол кез келген баланы үздік оқушыға айналдыра алады» деп, бас шайқап кететін. Мұғалімдер бөлмесіндегі «Озат мұғалім» деген тақтада әкемнің суреті тұрғанын мақтан тұтатынбыз. Осылайша ата-анам бізге мұғалім атты мамандықтың қадірлі екенін ұқтырып кетті. Мен де әке жолын қуып, физика-математика пәнін таңдадым. Қырық жылға жуық еңбек етіп, зейнетке шықтым. Жолдасым Әмит екеуміз ұл-қыз тәрбиелеп, қазір солардың қызығына кенеліп отырмыз. Ұстаз деген атқа кір жұқтырмай кеткен ата-анамның өнегесін әлі де үлгі тұтып келемін.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.

Сондай-ақ... оқыңыз:

БАТЫР БАУКЕҢНІҢ ҰРПАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР

БАТЫР БАУКЕҢНІҢ ҰРПАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР

1987 жылы жаз айында жерлесіміз, белгілі жазушы Дүкенбай Досжанов еліме есеп...
ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

Ұстаз – ұлағатты жан. Ұстаз шәкіртімен бақытты. Шын мәнінде ғұлама ғалым да,...
ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АДАМ

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АДАМ

Ауыл ақсақалдарымен сәлемдесіп, бір жағы күндегі қым-қуыт тірлікпен ақылдаспақ...
ҚҰБА БИ

ҚҰБА БИ

Құба би Өтебайұлы (1700 ж. – 1796 ж.) – би. Кіші жүз ішінде Шөмекейден шыққан. Сыр,...
ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

Біздің «Қармақшы» ауылында Марал бабаның шөбересі Әмит ишан (Абдулхамит) және оның...
ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТАЛАНТ

ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТАЛАНТ

Қалта телефон сырбаз сыңғырлады. Құлаққа тосып едім, әйел кісінің дауысы ап-анық...
Пікір: