ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АДАМ

ТАҒЫЛЫМ | 05 октябрь 2013 ж. - 10:44 | Көрудің саны: 681
Ауыл ақсақалдарымен сәлемдесіп, бір жағы күндегі қым-қуыт тірлікпен ақылдаспақ болып, туған ауылым, Қызылжармаға бет түзедім. Жол бойы ой үстіндемін. Кешегі өткен ағаларды еске аламын... Қалмақ ағай, Дауылбай, Бегай, Мінайдар, Сейтжағыппар, Тұраш ағайлар. Бәрі де өмірден озып кеткен. Апырм-ай «алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, уақытымен өлінер, баяғыдай көрінер» деген осы екен-ау... Кімге барам, ақылдасар кім бар?
Соншама тығырыққа тірелгенім не? Ау, орнында ізбасар ағаларым бар емес пе. Иә, бар. Шүкір, «ат тұяғын тай басқан» елміз ғой. Сонда кім? Ат басын қай үйге бұрмақпын. Озіммен өзім сырласа келе бір шешімге тоқталдым. Жаңабай ағай. Иә, өзіме кезінде сабақ берген, асқақ арманға жетелеп, мамандық таңдауда да жол көрсеткен көреген адам. Осы ойымның дұрыстығына Жәкеңмен кездескен соң көз жеткіздім. Жәкең өз ойын тереңнен қозғайды.
Әкесі Торғай ақсақал елге қадірлі, ортасына сыйлы азамат еді. Бірнеше колхоз, совхоздарда зоотехник болып қызмет атқарды. Жарықтық жұмыстың көптігіне қарамастан өзінен өрген ұл-қыздарына ұлағатты тәрбие бере білді. Өмірде адалдықты ту етіп ұстаған жан болатын.
– Кішкентай бала кезіміз еді, – деп еске алады Жаңабай ағай. – Бірде бес-алты бала бірігіп ауылдағы бір бағбан шалдың қорасынан әңгелек алып жегеніміз бар. Соны сезді білем, әкем ертесіне қорадағы бақшалықтан ерте піскен бір әңгелекті үзіп алып, әкеліп алдыма қойды. Ештеңені сезбестен бала көңілмен дөңгеленген тәттіні соғып жатырмын. Әкем болса мейірлі жүзімен маған қарап қояды. Мені «тойды-ау» деген мезгілде сәл күлімдеген қалпы тіл қатты: – Қалай, кешегі әңгелектен тәтті ме екен?– Жүзім ду ете қалды.
– Балам, бұл әңгелектің тәтті болатын себебі, сен күнде бұл дақылды өз қолыңмен суарасың, баптайсың. Ал, адал еңбекпен жеген дәм қашанда тәтті.
Осы бір әке ұлағаты әлі күнге естен кетер емес. Әлі күнге дейін адалдықты ту етіп келеді. 
Жәкең бізге сабақ берген тұста қылшылдаған жас жігіт болатын. Өнерлі еді. Гармоньды шалқытып тартқанда, оған қосылып қоңыр даусымен ән салғанда, құдды үлкен сахнада өнер көрсететін атақты әртістерге ұқсап кететін. Соған еліктеп біздің кластың жартысына жуығы гармонь тартуды үйреніп алды. 
1976-1989 жылдары Сырдария ауданына қарасты №144 орта мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде педагогикалық білім беру саласын басқарудың әдіс-тәсілдерін терең меңгеруге қол жеткізді. 
1989 жылы Жаңабай ағайға үлкен сенім артылып, Сырдария ауданына қарасты Талсуат ауылында жаңадан ашылған №178 мектептің алғашқы директоры қызметіне кірісті. Бұл қызметте де ол өзінің сол уақытқа дейін жинаған іс-тәжірибесін, бар ынта-ықыласын аямай, білікті басшы екендігін дәлелдей алды. Аз уақыт ішінде жаңа мектептегі жаңа ұжымды қалыптастырып, білім ордасына қажетті қосымша ғимарат құрылысын және оқушыларға білім беруге керекті заманауи құрал-жабдықтарды толықтырып, қамтамасыз етуде аянбай тер төкті.
1993-2004 жылдар аралығында Жәкең Қызылорда қаласындағы №173, №10 және Сақтапберген Әлжіков атындағы №144-ші орта мектептерде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 
Жаңабай Ибрагимовтің 31 жыл бойғы білім ордаларындағы басшылық қызметі мен ұстаздық ісі де ескерусіз қалған жоқ. Әр жылдарда Қазақ ССР Оқу министрінің, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталды.
Бүгінде сонау 1971 жылдан бастап мектеп қабырғаларында білім алған әр жылдардағы түлектер «Жаңабай ағайдың шәкіртіміз» дегенді мақтанышпен айтады. Олардың алды қазіргі таңда елге белгілі ағалар, көп сыйлаған тұлғаларға айналды. Бірқатарын атап айтар болсақ, медицина ғылымдарының кандидаты, Астана қаласы денсаулық сақтау департаментінің бірінші орынбасары Сәбит Әбдірайымов, Орал облыстық соты төрағасының орынбасары Зәуреш Қиясова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, физика ғылымдарының кандидаты Ұлтай Ешімова. Ал, кейінгі толқындары әр салада өз ісінің майталман мамандары болып жүр.
Жаңабай ағай мен Алтын апай өздерінің құтты шаңырағында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Сенім артқан ұрпақтары да ата-ана үмітін барынша ақтау жолында. Өскен, өнген, өнегелі отбасынан шыққан күйеу баласы мен келіндері де Жаңабай әулетінің мерейін үстем етіп келеді. 
Осылайша еңбек жолын абыроймен атқарған жаны жайсаң, ақылшы ұстаз – Жаңабай Торғайұлы Ибрагимов, міне, бүгін Пайғамбар жасы 63-ке толып отыр.
Орынбасар ӘЛЖІК,
шәкірті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.



Сондай-ақ... оқыңыз:

ОТАНШЫЛ БОЛ, ЖАС ҰРПАҚ!

ОТАНШЫЛ БОЛ, ЖАС ҰРПАҚ!

Қазіргі кезде тәрбиенің жан-жақты, сан қырлы, әдіс-тәсілдерін жас ұрпақтың бойына...
ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

Ұстаз – ұлағатты жан. Ұстаз шәкіртімен бақытты. Шын мәнінде ғұлама ғалым да,...
“НҰРБАҚЫТТАН” ТАРАҒАН ШУАҚ

“НҰРБАҚЫТТАН” ТАРАҒАН ШУАҚ

Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылы еңбектен бақытын тапқан ерлер түлеткен...
БАЛҒЫНДАРДЫҢ БАҚЫТЫ – «АЛТЫН ҰЯ»

БАЛҒЫНДАРДЫҢ БАҚЫТЫ – «АЛТЫН ҰЯ»

Бала – ұрпақ жалғасы, ел болашағы. Сондықтан оларға дұрыс тәрбие беру, олардың...
ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

«Елдің атын ер шығарады» демекші, қасиетті Сыр өңірінің мақтанышына айналған,...
ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

Біздің «Қармақшы» ауылында Марал бабаның шөбересі Әмит ишан (Абдулхамит) және оның...
Пікір: