ДАРАБОЗ ДАРА ТҰЛҒА

ТАҒЫЛЫМ | 19 қазан 2013 ж. - 10:35 | Көрудің саны: 671
Дана халқымыз: «Асыл туған адамның, алтын жетпес нарқы бар. Жақсы менен жаманның, аспан мен жерде нарқы бар» дегендей, жақсы адамның өзі де, сөзі де, ісі де, бейнесі де өшпейді, жалғасын табады, табыла береді. Осындай, баға жетпес із қалдырған ағамыз Қонекеңді білмейтін азамат кемде-кем шығар. Қонекең Қармақшы ауданында өмір есігін ашып, Шиеліде тәжірибе жинақтап, Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудандарында бірінші басшы болып шыңдалды. Абырой мен беделге, халық сүйіспеншілігіне бөленді, өнегелі өмір сүрді.
Мен, ол кісіні 1969 жылдың желтоқсан айында әскер қатарынан борышымды өтеп, партиялық есепке тұрарда қабылдауында болғандықтан білемін. Қабылдауында болғанда мұқият сөйлесіп, қандай оқу орнын бітіргенімді, отбасы жағдайымды сұрастырып, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Төлеген Әбілдаевқа тапсырма беріп, аудандық киножүйелері кеңесі төрағасы қызметіне жіберді. Бір жылдан соң аудандық комсомол комитетіне қызметке ауыстым. Ол кісіні жиі көретін болдық. Жастар арасында қандай бір жиын, пленум, тағы басқа шара болмасын уақыт тауып қатысатын, ақыл-кеңесін беріп, талап қоятын. Жастарды тәрбиелеу, олардың арасынан белсенділерді кадрлар резервіне қоюға үлкен мән беретін. Конекеңнің тікелей араласуымен жас маман-кадрларды еңбекте шындау мақсатында сол жылдары «Тереңөзек» совхозында (қазіргі Шаған ауылы) механикаландырылған комсомол-жастар күріш звеносы құрылып, үлкен жетістіктерге жетті. Звено құрамындағы жастардың барлығының жоғары немесе арнаулы орта-білімдері болды. Оларды жоғарғы білімді агроном Алдаберген Құлбаев басқарды. Құрамында жас-мамандар Наушабай Өмірбаев, Тілек Аяпов, Нүрділда Лекеров, Дінислам Сматов, Асарбек Тәуекелов, Нығметжан Алдабергенов, Көбейсін Сәттібаев, Иса Оразбаев сияқты комсомол мүшелері бар. Бертін келе осы азаматтардың көпшілігі партия қатарына қабылданып, кейін олардың арасынан совхоз партия комитетінің хатшысы, кеңшар директоры, бас агроном, бас экономистер, мекеме басшылары шықты.
Семей облысы, Шұбартау ауданы комсомол-жастарының республикада қой санын 50 миллионға жеткізу туралы бастамасы ауданда кең қолдау тапты. «Қараөзек», «Іңқәрдария» қой совхоздарында мектеп бітіруші түлектерінің есебінен «Жас дәурен», «Сұңқар» комсомол-жастар шопандар бригадасы жасақталып, нәтижелі жұмыс істеді. Бұл бригадалардың ерекшелігі – оларға мал бағатын жерлерінде тұрғын үйлер, демалатын, спортпен айналасатын нысандар салынды, тұрмыстық қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Бір-екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап болған соң оларға жоғары оқу орындарына жолдамамен оқуға түсуге жағдай жасалды. Комсомол-жастар бригадаларын құру, олардың тиянақты жұмыс істеуіне жағдай жасау өндіріс, құрылыс, транспорт, тұрмыстық қызмет салаларында да кеңінен орын алды. Осы бригадалардың жұмысы тікелей Қонекеңнің бақылауында, қамқорлығында болды.
Қонекеңнің кадрға деген қамқорлығын мен өз басым көрдім. Оның қарауында жұмыс істеп, іскерліктің, еңбекқорлықтың, тазалықтың куәсі болдық. Сол кісіге ұқсауға тырыстық. Менің аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің ңұсқаушысы, Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы сатысына дейін көтерілуім қамқор аға Қонекеңнің арқасында деп есептеймін.
Ал, енді тарихқа сәл-пәл шегініс жасайтын болсақ, Қазантаев Қонысбек Төрешұлы Сыр жерінде аласапыран басталып, қазан революциясы зардабынан туған жерінен үдере көшіп-қонып жүргенде дүниеге келген екен. Зорлық-зомбылықты, аштықты, жоқшылықты көріп өскен Қонысбек аға Қазалыдағы орыс-қазақ педагогикалық оқу орнын бітірген тұсында, яғни, 1942 жылы фашистерге қарсы қан майданға аттанып кетті. Табаны күректей үш жыл соғыс даласын көзімен көріп, от пен оқтың ортасынан тағдырдың жазуымен 1945 жылдың күз айында Қонекең аман-есен елге оралды.
Соғыстың қиыншылығын, әскери темір тәртіпті көріп келген ол бейбіт өмірдің қайнаған еңбегіне белсене кірісіп кетті. Жастайынан білімге құмарлығы, еңбекқорлығы, ізденімпаздығы арқасында Қармақшы ауданында жауапты партия, кеңес жұмыстарын атқарып жүргенінде, Шиелі аудандық Кеңесі атқару комитетінің орынбасарлығына, кейін оның төралығына жоғарылатылды. Шиелі ауданында он жылдан астам жұмыс істеп, артында игі істер, зәулім үйлер мен ғимараттар, мәдени ошақтар мен мектептер қалдырды. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленді, көптеген пікірлес аға-інілер тапты, оларға қамқорлық көрсетіп, өсулеріне жағдай жасады.
Өткен ғасырдың 60 жылдары Қызылорда облысында күріш өндіруді ұлғайту мақсатында жерлерді инженерлік жүйеде тегістеу, ирригациялық және мелиоративтік жұмыстар жүргізілді. Жаңадан шаруашылық орталықтары салынды, әлеуметтік нысандар қарқын ала бастады. Осынау бетбұрыс кезінде шаруаны жетік білетін маман, іскер, жігерлі басшы ретінде Қазантаев Қонысбек 1963 жылдың күзінде Сырдария аудандық өндірістік басқармасы партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол кезде Сырдария мен Тереңөзек аудандары біріктірілген еді. Аудан экономикасы нашар дамыған, халықтың әл-ауқаты төмен, шаруашылықтар майда колхоздардан құралған. 1964 жылдан бастап бұл майда колхоздар біріктіріліп, оның орнына ірі мамандандырылған совхоздар құрылды.
1966 жылдың күз айында Сырдария ауданы екіге бөлініп, қайтадан Тереңөзек ауданы құрылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Қонысбек Қазантаев тағайындалды. Бұл жылдары ауданда қыруар жұмыстар атқарылды, күріштік жерлерді тегістеу, оның өнімділігін арттыру, мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде ірі қара, жылқы, түйе, қой малдарының басып көбейту, ет, сүт, жүн, қаракөл елтірісін өндіруді ұлғайту қолға алынды.
1970 жылдың аяғында, сол кездегі бесжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден Тереңөзек ауданы көш басында болды. Ауданда құрылыс жұмыстары да үлкен қарқын алды. Қазіргі екі қабатты тұрғын үйлер, аудандық мәдениет үйі, №35, №36 орта мектептердің, бірнеше балабақшалардың, аудандық қазынашылық, атқару комитетінің, байланыс торабының ғимараттары сол кезде бой көтерді. Көшелер жөнделіп, асфальттар төселді.
Қонекең кадрларды іріктеу, тәрбиелеу, тағайындауға үлкен мән берді, іскерлегіне, тазалығына, орындаушылық қабілетіне, тәртібіне қатаң қарады. Әрине, өмір болғасын «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды» дегендей, жұмысын алып жүре алмаған, қателік жібергендер де кездесіп отырды. Бірақ Қонекең барынша әділдікпен қарап, жамандыққа жібермеді, жазаламады, қуғындамады, сотты қылмады, қайта қолынан келетін жұмысқа немесе мамандығына жіберіп отырды.
Қонекеңнің тазалығы киім киісінен бастап, сөйлеген сөзінен, іс қимылынан, отбасындағы қарым-қатынасынан «мен мұндалап» тұратын. Ол кісінің басы білімділікке, жүрегі жылулыққа, қолы тазалыққа толы болды десек, артық емес. Өйткені соңынан өсек-аяң, жаман сөз ерген жоқ.
Тағдыр Қонекеңді тек басшы болуға жазған, ал егерде ол ғылыммен айналысса, танымал академик, шығармашылықпен айналысса, көрнекті ақын, жазушы немесе кез келген мамандықтың кәсіби шебері болар еді деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, Қонекең Сыр елінде із қалдырды. Сол салған ізбен аудандар атағы, даңқы жалғасты, жалғасып келеді, жалғаса береді. Өйткені, дара тұлғаның өнегелі де өркенді ісін енді ізбасарлары, шәкірттері, ұрпақтары жалғастыруда.
Сәбит ОТЫЗБАЕВ,
еңбек ардагері.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ХАЛЫҚ СҮЙГЕН ҚАЙРАТКЕР

ХАЛЫҚ СҮЙГЕН ҚАЙРАТКЕР

...Жер бетіне кісі келеді екен, Алла берген кесімді мерзімін жүріп өтеді екен. Бірақ...
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Елі үшін еңбек еткен ердің ісі қашанда көптің аузында болары сөзсіз. Сонау Кеңес...
ТАҒАЙЫНДАУ

ТАҒАЙЫНДАУ

Облыс әкімінің 2013 жылғы 30 қыркүйектегі №219-ө өкімімен Нәметша Сержан Қасқырұлы...
СЫРДАН ШЫҚҚАН ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР

СЫРДАН ШЫҚҚАН ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР

Кеше облыс орталығында Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры Сүлеймен Есқараевтың...
ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

Сырдария аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Социалистік Еңбек...
ПАРТИЯ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

ПАРТИЯ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Шиелі аудандық филиалының кезектен...
Пікір: