ХАЛЫҚ СҮЙГЕН ҚАЙРАТКЕР

...Жер бетіне кісі келеді екен, Алла берген кесімді мерзімін жүріп өтеді екен. Бірақ сол жолды кім қалай жүріп өтеді? Мәселе осында... Сенен Алланың сұрайтыны да сол.
Уақыт өткен сайын кезінде бағасына жете білмеген тұлғалардың адалдығын түсінеміз, олардың артында қалған парасатты ой-пайымына, зерделі сөзіне, ыждағатты ісіне тәнті боламыз. Ризашылық сезіммен еске алып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге тұтамыз. Елі үшін туып, елі үшін еңбек еткен азамат, дара тұлға, білікті басшы Қонысбек Қазантаев Тереңөзек ауданын басқарған уақытта адалдықтың арқанын керіп, әділдіктің, турашылдықтың туын желбіретті. Тереңөзек ауданын күмбезді биікке көтерді, ауылдарды қайта түлетті, жасартты, жайнатты.
Ауданның болашағын тереңінен ойлап, кемеңгерлік қасиетімен ерекшеленген Қонысбек Төрешұлының ауданның гүлденіп, көркеюіне қосқан үлесі елеулі екенін бүкіл аудан жұртшылығы, әсіресе қарапайым адамдар әр уақытта құрметпен еске алатынының куәсі болып жүрміз.
Қонекең экономикасы, әлеуметтік жағдайы тұралаған ауданға басшылық қызметке келісімен өзінің алдына ірі де күрделі істерді шешуді мақсат етіп қойды. Соның ішінде 30 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістелді. Ондаған ауыл орталығы жаңадан салынып, қала типтес бейнеге енді. Жаңадан мектептер, бала бақшалар, ауруханалар салынды. Аудан ырысты да күрішті ауданға айналды. Мал басы артты, ет,сүт өндіру еселенді.
Қызмет бабын асыра пайдалануға, жеткен жетістікке тоқмейілсуге ешқашан бармады, өзгелерге де жол бермеді. Оның басшылық дәуірінде бүкіл аудан жұртшылығы жұмылған жұдырықтай, тас түйін болып, жасампаздыққа жұмылдырылды. Сол атқарылған істердің игілігін аудан халқы бүгін де көріп, пайдаланып келеді.
Тереңөзек күріш совхозы «Күріш фабрикасы» атанды, облыста тұңғыш рет мемлекетке миллион пұт күріш өткізген миллионер шаруашылыққа айналды. «Шіркейлі» совхозы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ильич, Қазақ ССР 50 жылдығы атындағы кеңшарлар жүзмыңдықтар қатарынан орын алды.
Сауыншы Қызкенже Пірішова, күрішшілер Қыдырқожа Майлықожаев, Бексұлу Синаева, Күләш Әсімова, Райкүл Жалғасбаевалар Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болып сайланды. Жүздеген диқан, малшы, механизаторлар жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болды. Қонекең тәрбиелеген шәкірттері Сейілбек Шаухаманов еліміздің екі облысын басқарды, Сәмит Далдабаев облыстың бірнеше ауданын, Жорабек Сарбалақов облыстық тұтынушылар одағын жемісті басқарды. Ондаған азаматтар елге қадірлі, сыйлы, қоғам және мемлекет қайраткерлері дәрежесіне көтерілді. Қонысбек Қазантаев қатал, талапшыл болды, барынша әділ болды. Қонекеңнің дәйекті, әділ, шынайы сынынан, қатал тезінен шыңдалған басшылық қызметтегі азаматтар өмірден өздеріне лайықты орындарын тауып, еліміздің игілігі жолында аянбай еңбек етті, абыройға бөленді.
Қонекең негізсіз тапсырма бермейтін, қарамағындағыларға орынсыз талап қоймайтын. Аудан шаруашылықтарындағы күріш егісінің әрбір атызына дейін керзі етік киіп, жаяу аралайтын, малдың жағдайын көзімен көретін. Егіншімен ғалым-агрономның тілінде, малшымен ғалым-зоотехниктің тілінде сөйлесетін, ақылдасатын, кеңес беретін. Шынайы жағдайға қарап шешім қабылдайтын, міндет жүктейтін. Оларға үйрететін, өзі де олардан үйренетін. Іс басындағы азаматтар ол кісіге нақты жағдайды баяндап, жалған ақпарат беруден бойын аулақ салуға, шынайы нәтижеге қол жеткізуге қалыптасты.
Қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленов:
«Сыр бойында болыс көп,
Ең жақсысы Қонысбек» деп жоғары бағалаған.
Қонысбек Қазантаев – шын мәнісінде адалдығымен, әділдігімен, еселі еңбегімен Сыр елінің құрметіне бөленген қоғам және мемлекет қайраткері.
Ауданда қызмет істеген дәуірінде Қонекеңнің ел үшін, халық үшін төккен тері, істеген еңбегі мемлекет тарапынан, аудан жұртшылығы тарапынан жоғары бағаланды. Қонекең КПСС-тің ХХV съезіне делегат болып қатысты. КСРО-ның ең жоғары наградасы болып саналатын Ленин орденімен үш рет, Октябрь революциясы, Құрмет Белгісі ордендерімен, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 2 рет Құрмет грамотасымен марапатталды. Тереңөзек кентіндегі өзі тұрған көшеге есімі беріліп, үйіне мемориалды тақта қойылды.
Есімі елімізге белгілі Қонысбек Қазантаев көзі тірі болса 90 жасын дүрілдетіп тойлап, Сырдария ауданы халқының құрметіне бөленіп, төрде отырса жарасып тұрар еді. Өкінішке орай, бүгінде Қонекең арамызда жоқ. Қонекең пенделікке парасатын, ұсақтыққа ірілігін, кісәпірлікке кісілігін, қараңғылыққа жарығын қарсы қойып, еңкеймей, тізесі дірілдемей, ұнжырғасы түспей, қайсар қалпында Отан, ел мүддесінен ауытқымай дүниеден өтті. Бұл айтылған мәселелердің барлығы сөзіміздің басында келтірілген адам өмірінің басты сауалдарына, азамат ретінде ұстануға тиіс өмірлік қағидаларына қайраткердің қаншалықты сәйкес тіршілік еткендігін көрсетеді деп ойлаймын. Бақилық өмірінде Жаратқан иеміздің сұрағына Қонекең: «Тірлікте сауапты, игілікті істер жасадым, халықтан алғыс алдым, ынсабымды тыйып жүрдім, сүрінгенді сүйедім, деміккенді демедім, жер бетіне жарығым көп түсті» деп жауап берген шығар, жарықтық.
Қонекең – ел азаматы, қарапайым халықтың қамын ойлаған үлкен парасат иесі. Оның ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болады деп есептейміз.
Жақсының өзі кетсе де, көзі кетпейді. Ақыл-парасаты мол халықтың қамын өз басынан артық қойып, дүние-байлық жинауды мақсат тұтпаған, талапшылдық пен әділдікті қос қанатындай қатар ұстаған Қонысбек Төрешұлының өмірі кейінгіге өнеге.
Сырдариялықтар ел үшін туған Қонекеңдей ерді әрдайым құрметпен еске алатынына шүбәм жоқ. Ардақты тұлғаның 90 жылдық мерейлі тойын сабан тоймен ұштастырып, аудан бойынша дүркіретіп өткізіп, Қонекеңдей арысқа құрмет көрсетсе, ауданнан бір мектептің атын Қонысбек Қазантаевтың атымен атаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мұндай мерейлі шара арыстарын ардақтай білген, бірлігі ұйыған сырдариялықтарға тән қасиет.
Аббас КАМАЛАТДИН,
Сырдария ауданының құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты.

ТАҒЫЛЫМ 19 қазан 2013 г. 715 0