“ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚТЫҢ” АРБАКЕШІ

ТАҒЫЛЫМ | 19 октябрь 2013 ж. - 10:38 | Көрудің саны: 1 155
Ақын, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров 1903 жылы туған. Тұңғыш "Сырдария” атты өлеңі 1925 жылы "Еңбекші қазақта” жарияланды. 1928 жылы "Жалшы” деген атпен жеке жинағы жарық көрді. "Екпін” (1932), "Шахтер” (1934 ж) "Өлеңдер жинағы” (1935 ж) баспадан шықты. "Келес қызы”, "Мақташы қыз” атты дүниелерінде еңбек адамдарының ерлік еңбегі бейнеленді. "Қажымұқан” (1952), повесін жазды, "Мың бір түнді” (1949, 1955, 1962) аударды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында төртінші Украина майданындағы қазақ тілінде шығатын газеттерде жұмыс істеді. Соғыстан оралған кезеңдерде жазушылар одағында, баспаларда, туған жердегі мәдениет ошақтарында еңбек етіп, өшпес із қалдырды. Бауыр басқан жерінен топырақ бұйырды.
Соғыстың аяқталған шағы. Мәскеуден шыққан пойыз жүйткіп келеді. Паровоз түтінін будақтатып, жеңіс қуанышына ортақтасқандай белгі бергендей боздады. Қызыл вагон іші өңшең соғыстан қайтан жауынгерлер. Бір вагонда Кеңес Одағының үш бірдей Батыры келе жатыр. Солдат біткен осы үшеуді қоршап алған. Ортада ақын, жазушы Қалмақан. Ой, Қалекең әңгімені төгілтті-ай. Ескі қиссаларды жатқа айтады. Әңгімені Бұдабайдан бастап, ақын Нартайдың жырларын төге айтады. Парсы тілдерінен хабары мол Қалекең "Мың бір түндегі” хан, уәзірлердің, ханшайымдардың әңгімелерін мөлдірете төгетінін қайтерсің. Жұлдыздарын жарқыратып Жақыпбек Махамбетов, Нағи Ілиясов, Жаппасбай Нұрсейітовтер қолға түскенде қояндай болған немістің солдат, генералдарының кескін-келбетін майын тамыза айтқанда ішек-сілең қатады. Жаппасбай ауылдан бір құрдасы "ауылда тұз жоқ!” деп хат жазғанын тілге тиек етіп, әскерден бір қап тұзды арқалап келе жатқанын айтса, Қалмақан Берлиннен бір қаптың аузын буып, кітап алып келе жатқанын жыр етіп айтып келеді. Қызық өмір-ай, бір солдатта бір қап тұз, екінші офицер, аға лейтенант Қалмақанда бір қап кітап! Шаруа қазақ Жаппасбайда тұз, ақында кітап?!
– Жәке бір қап тұзыңыз не? – дейді солдаттар қаумалай түсіп.
– Ой, ауылым "Қызылтуда” тұз жоқ көрінеді. Барған бойда үйді-үйге таратып беремін. Астың дәмі тұз емес пе? Ауылым тұздан тарығып отырса керек.
– Түу, Жәке-ай ауылда тұз бар. Сізді әншейін әуреге салған ғой құрбыларың.
– Шынымен солай ма? – дейді аңғал батыр Жаппасбай.
– Сіздің бір қап кітабыңыз не? – дейді сәлден соң солдаттар Қалмақанды ортаға алып.
– Бұл – қазына, сендер не білесіңдер, бір қап толы алтын арқалап келемін. Сендер мұның құнын білмейсіңдер. Ауылға барған соң бұл кітаптарды біртіндеп аудартам, бүкіл батыс, шығыс классиктерінің дүниесімен жерлестерімді сусындатамын! – деп Қалмақан от шашқан көзімен маңайына көз тастағандай болды.
Иә, елге қайтқан батырлар мен жауынгерлер Арал тұсына келгенде қуаныштарында шек болмады. Толқын атқан Аралдың ауасын жұтып, жерлестерінің құрмет-қошеметтерін көрді. Содан Қызылордаға келгенше ән-жыр қалықтады. Әр стансада ақын-жыраулар құшақ жайды. Ақын Нартайдың, Ақмырзаның бригадасы жырдан шашу шашып, бес жыл бойы неміспен арпалысып шаршап-шалдыққан ағаларының көңілдерін көкке көтеріп, қуаттандырып тастады. Жаса, Жеңіс! – деген Нағидың дауысы саңқ етті.
Иә, сол әскерден оралған ағалардың біразымен кейін бейбіт еңбекте тұз-дәмдес болдық. Жаппасбай – шахтер, Нағи мен Жақыпбек колхоз, кеңшар төрағасы болды. Ақын Қалмақан жазушылығын бастады.
Сонау елуінші жылдың орта шенінде Шиелі аудандық "Өскен өңір” газетінде қызмет істейтін кезім. Қызылордадан партия қатарына өте алмай, содан "ауданға барсаң тез өтесің” деген ақылмен Шиеліге келгенмін. Аудандық газетте журналист Дүйсенбі Ысмайылов жауапты хатшы екен. Ішіміздегі жазғышымыз Дүйсенбі. Өлең, мақаланы бұрқыратады. Төрт беттік газетті Дүйсенбі, Шәден Бектасов, Жүніс Шәукебаев төртеуміз толтырамыз. Сырқатынан айықпай жүрген Сейітқасым Сейтенов оқта-текте соғады. Шағын әзіл-сықақтарын жазып, әңгіме-дүкен құрып кететіні бар.
Бір күні ортамызға әдеби қызметкер болып Қалмақан аға қосылды. Алматыдан салтаң келгенін, әйел-бала шағалары Сырға келмейтін сыңай байқатса керек.
– Бұл кім? – дейміз Дүйсенбіден.
– Бұл ақын, жазушы Қалмақан, Шиелінің тумасы, мына "Бақтыата” деген жердегі №16 ауылдың азаматы. Соғыс алдында талай өлең-жырларын жаттап өскенбіз. Алматының дымқыл ауасы жақпай, бұдан былай Сырдың құрғақ ауасында жүруге дәрігерлер нұсқау берсе керек.
– Ой, әлгі "Мың бір түнді” мөлдіретіп аударатын, "Қажымұқанды” жазатын Қалмақан Әбдіқадыров пе? – дейміз Шәден екеуміз. Жата-жастана оқыған кітап қой, "Мың бір түн!”
Сонымен, Қалмақан ағамен аудандық газетте қызмет жолымыз басталды. Теміржолдың арғы бетінде жеке бір үйде жалғыз тұрды. Газеттің партия, комсомол, совет тұрмысы деген бөлімдері бар. Нөмір сайын сол жайында материал әзірлеу керек. Еңбек адамдары, шопандар, егін орағы, мал қыстату туралы очерк, суреттеме, репортаж жазу тағы бар. Қалмақан аға осы дүниелерді жазуға қатты қаналады. Қаламы жүрмейді. Біз таңырқаймыз. Содан Қалекең апта сайын бір жәшік вино алуды шығарды. Бәрімізге бөліп береді. Қалекеңе берілген тапсырма мақаланы кезектесіп жазамыз. Сөйтіп, ақын, жазушыны газет күйбелеңінен құтқаруды дәстүрге айналдырдық.
Бір күні Қалекеңе "Мың бір түнді” аударғаны үшін Алматыдан он мың сомдай ақша келді. Қалекең келген ақшаны өз отбасына түгелдей бөліп берді. Мұныңыз не дейміз?
– Ә, Алматыда ақын, жазушылар қаламақыны осылай отбасына бөледі. Мен де солай істедім. Мың сомын "ұры” қалтама бөліп салдым, – деп қарап тұр. Мұны сендерге жұмсаймын, мені мақала жазудан құтқарсаңдар, жүйрік атқа мініп, елге шыққандай боламын.
Біз Қалмақан ағаның мінезіне талай таңырқадық. "Мың бір түнді” мөлдіретіп аударған, "Қажымұқан”, "Келес қызы” атты повесті жазған, талай поэма, өлең-жыр жазған Қалекең газет жырларына келгенде аяғына жемсау түскен жүйрік аттай қиналады. Жалпы, ақын, жазушыны газеттің күйбең тірлігіне салып, жанын қинағанымыз обал болғанын сол кезде байқамаппыз.
Бір күні Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов Қалекеңді суыт шақырды. Жүзі жайдары, ақын-жазушыны бірден түсінетін Исекең:
– Қалеке, елге оралғаныңыз құтты болсын. Сізбен кездесудің сәті бүгін түсті, айып етпеңіз. Қуаныштымыз. Сізге бір су жаңа автоклуб алғызып, мына "Қарғалы” бойындағы малшыларға қызмет көрсететін "Қызыл отауға” меңгеруші етуді бюро мүшелері қуаттап отыр. Қалай қарайсыз?
– Рахмет, Исатай. Келісемін. Менің қолым «Қызыл отау» ғой, – деді Қалекең жүзі жадырап ауыр жүк арқасынан түскендей. Мына газетің маған қиын соқты!
– Мен өз қаламақыма Алматы облысының "Политотдел” колхозына радио торабын тартқыздым, ауылда кітапхананың кітап қорын толықтырдым. Ендігі арманым "Қарғалыны” түлетсем деймін.
– Арманыңыз орындалсын, көмектесеміз, – деп Исекең қолын қысты.
Ақын, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров «Қызыл отау» жұмысын жандандырды. "Қарғалыда” мектеп-интернат үйін салдырды. "Жарты ауыл” елді мекенінде мектеп үйі іске қосылды. Бүгінде сол "Қарғалы” ауылы көркейіп, гүлдене түсуде. Аудан орталығындағы кітапхана Қалмақан Әбдіқадыров атында.
Ақын Қалмақан 1964 жылдың 30 сәуірінде дүние салды. Зираты Шиелінің "Алғабас” ауылында. Шиеліге кіреберістегі үлкен жолдың бойында ақын Қалмақанның үлкен форматты суреті тұр. Көзге оттай басылады, тағзым етеміз.

***
Айтулы ақын, жазушы Қалмақанның туғанына биыл 110 жыл толды. Ақын "Сыр сарбаздары” атты "Келес қызының” бір тарауының циклі іспеттес кітап жазу ойында бар еді. Сол арман жеткізбеді. Жинастырып, құрастырар азамат болса ғой, шіркін!
Бір күні Шиелі аудандық "Өскен өңір” газетінде Қалекеңмен әңгіме-дүкен құрғанымыз бар. Майын тамызып, қызық естелік айтқаны күні кешегідей көкіректе сайрап тұр. Бұған да елу жылдан асыпты. Жүйткіген уақыт ғой!
– Мен әскерде пулеметші болдым, талай немістің көзін жойдым. Көздегенім қалт еткен емес. Сендер білмейтін шығарсыңдар, бала кезім жалшылықпен өтті. Байдың қойын бақтым. Еңбегіме арық тоқты алатын едім, ол алмай жатып, жолда өлетін. Содан менің өлең-жырға әуестігімді бірден байқаған "Еңбекші қазақтың” жауапты хатшысы Бейімбет Майлин қызметке алды. Қызмет болғанда – "Еңбекші қазақтың” арбакеші. 1925 жылы 22 жасымда "Қалмақан арбакеш” атандым. Өлең-жырларымды бұрқырата жаздым. Көзімді ашқан, мені танытқан – "Еңбекші қазақ”.
– Апта сайын "Еңбекші қазақты” арбаға тиеп алып, ауыл-ауылға таратамын. Арбада шоқпардай кекілі бар "Кертөбел”. Жануар ұзақ жолда сыр бермейді. "Еңбекші қазақты алып қал!” деп әр ауылға өлеңдетіп барамын. Сонымен, қойшы, астана Алматыға көшкенше арбакеш болдым. Қала маңайындағы отыз болыс менің екінші үйім болды. "Еңбекші қазақтың” тұңғыш насихатшысы, әрі белсенді таратушысы болғаныма ризамын. Бейімбет Майлиннің тәрбиесін көрдім, қаламымды ұштады. Шіркін-ай, Бейімбет нағыз сөз шебері еді ғой, – деп Қалекең сөзін жалғастыра бергені, естен кетпейді.
Сан-алуан пікір ойға оралады.
Ақын, жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың есімі Қызылорда орталығындағы бір көшеге берілсе, артық болмас еді-ау деп ой түйемін. Есімі осылайша жаңғырса ғой.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

Сондай-ақ... оқыңыз:

«АЛТЫН КҮЗ» ЖИЫН-ТЕРІМ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАР КЕЗ»

«АЛТЫН КҮЗ» ЖИЫН-ТЕРІМ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАР КЕЗ»

Газет тілшісімен болған сұхбат барысында әңгіме ауанын осылай бастаған Шиелі...
«ТЫҢДА МЕНІ ЖҮРЕКПЕН»

«ТЫҢДА МЕНІ ЖҮРЕКПЕН»

Қызылорда қаласындағы А.Пушкин атындағы орталық қалалық кітапханада «Тыңда мені...
ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛҒА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛҒА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сыр бойындағы шығармашылық өкілдерінің басын қосқан Қазақстан Жазушылар одағы...
БИІК ШЫҢ, АСУ БЕРМЕС АСҚАР АҚЫН

БИІК ШЫҢ, АСУ БЕРМЕС АСҚАР АҚЫН

 Жуырда Сырдың саңлақ ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің шығармаларына арналған «Биік...
ЖАҚСЫ ЖЫР – ЖАН ДАУАСЫ

ЖАҚСЫ ЖЫР – ЖАН ДАУАСЫ

Қазіргі таңда қолға алынған «Халық тарих толқынында» атты арнайы тарихи зерттеулер...
ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТАЛАНТ

ТУҒАН ТОПЫРАҒЫНА ТАРТҚАН ТАЛАНТ

Қалта телефон сырбаз сыңғырлады. Құлаққа тосып едім, әйел кісінің дауысы ап-анық...
Пікір: