АЛТЫН ЖҰЛДЫЗДЫ АЗАМАТ

1937 жылы қыркүйек айының аяғында Қиыр Шығыстан сталиндік қуғын-сүргіннің әсерінен, яғни, депортациялық жолмен корей халықтары Қазақстанға көшіріледі. Осы корей халқының бірсыпырасы біздің Қармақшы ауданына келді. Оларды аудан басшылары қыстап шығуға жертөлелерге 48 отбасын, яғни, шағын екі артельді орналастырды. «Червонная Земля» төрағасы Пак Ин Гван, «ІІІ Интернационал» төрағасы Цай Ден Хак Қашқансу табанына қоныстанды. Yшінші ұйымдастырылған колхоз төрағасы Ким Тен Сем Бозарқаш («Утренная Заря») колхозына орналасты. Сөйтіп, жаңа қоныстанушылар көңіл елегінен өткізе келіп, бұл өңірдің күріш егісіне қолайлы екенін анықтады. 
Ежелден еңбекқор халық осы өңірді құтты орынға айналдыруға құлшына кірісті. Сол уақытта аудан көлемінде 38 колхоз болатын. Құрылыс салуға бейім адамдар жинақталып, сұрыпталып, үш айдың ішінде колхозшылар тұратын үйлер салынды. Бірінші қыркүйек күні балалары оқитын жаңа мектеп үйінің құрылысы аяқталғаны тарихтан белгілі. Бұл біздің, қазақ халқының қонақжайлылығы, мейірмандығы, басқа ұлтты бөтенсімейтін бауырмалдығы екенін айтпай-ақ сезіндіреді.
Алғашқы жылы Цай Ден Хак басқаратын колхозда 48 тұрғын үй, 120 еңбекке жарамды колхозшы болған. Ал, 1940 жылы колхоз шаруашылығы едәуір ұлғайып, үй саны 84-ке жетіп, колхоз мүшелері көбейе түскен. Сол жылдары көктемгі егіс науқанына 5 автомашина, 11 атсоқа, 7 шөп оратын косылка, 44 арба, тағы да басқа ауыл шаруашылығы құралдары тартылған. 150 бас ірі қара, 50 бас жылқы, 180 бас қой өсірілген. Ауыл адамдары Ұлы Отан соғысы жылдарында «Тыл да майдан!» деген коммунистік ұранмен еңбек еткен. Соғыс басталған жылдың күзінде колхоз диқандары егілген 215 гектар күріштен 3689 центнер өнім алуды қамтамасыз етіп, оның 2450 центнерін мемлекетке тапсыруды аса жауапкершілікпен іске асырды.
1944 жылы, Ұлы Отан соғысының ауыр кезінде, Грузия Республикасындағы Месхетин таулы өңірінен түрік ағайындар Қазақстанға жер аударылды. Сол уақытта Қармақшы ауданының Қашқансу ауылдық кеңесіне 28 отбасы көшіп келді. Түрік ағайындарға қолдан келгенінше көмек берілді. Ал, 1950 жылдары еліміздің майда колхоздары іріленіп, біріктіріле бастады. Міне, колхоз экономикасының шарықтап көтерілуі де осы жылдардан бастау алатынын көнекөз қариялардың әңгімесінен талай естіп едік.
1950 жылдың қыркүйек айында Қашқансу табанындағы шағын «Червонная Земля», «ІІ-Интернационал» мен «Бозарқаш» маңындағы «Утренная Заря» колхозшылары өз еріктерімен біріктіріліп, жаңа колхоз «ІІІ-Интренационал» деп аталды да, сол колхоздың төрағасы болып мінезі қарапайым, адами қалпы өте таза, талантты басшы, іскер азамат Цай Ден Хак сайланды. Міне, сол жылы күріш егісінің көлемі 750 гектарды құраса, ірі қара малы 1600 бас, қой саны 9000-ға жетіп, күріштің әр гектарынан алынған орташа өнім 18-20 центнер аралығында болды. Бұл сол кезеңдерде өте жоғары көрсеткіш болатын. Ал, 1956 жылы колхоздың жалпы егіс көлемі 1851 гектарға жетіп, оның 700 гектары таза күріш егісі болды. Бұл жылы колхоз еңбеккерлері күріштің әр гектарынан 38,2 центнерден өнім алып, бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізілді. Соның нәтижесінде колхоз төрағасы Цай Ден Хакқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Колхоз көшелеріне асфальт төселді, жаңа тұрғын үйлер, мәдениет үйі, қонақ үй, жаңа мектеп, колхоз басқармасының ғимараты, мал фермасы орталығы, сүт комплексі, тағы да басқа әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, әрбір тұрғын үйлерге сол кездің өзінде ауыз су кіргізіліп, аяқ су апарылған еді. Елдің келешегін алыстан ойлаған көреген басшы ағамыз Цай Ден Хактың өмір өнегесі, ісі мен жасаған еңбегі халықтың жүрегінде өшпес әріппен жазылып, ұрпақтан ұрпаққа тарайтын тұлға болды.
Цай Ден Хактың өмір жолына жіті үңілсеңіз, қиыншылыққа тап келген жастық шағын, өз тұстастарынан бөле жарғанмен өзіндік ерекшелігі, соқтықпалы-соқпақты ерекше болғанын көресіз. Елді өсіріп, еңбек етемін дегендерді өрге қарай сүйреп, өзінің бүкіл ғұмырын ел келешегіне арнап, өркениет көшіне ілестірген осынау абзал жандардың өзінше салып кеткен соқпағын елі ұмытпайды. Күні кеше ғана арамызда жүрген осынау ғажап жандардың рухы өшкен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, олардың адамдық тұлғасы ұлттың бейнесіне айналып кеткен. 
Ұмытпасам, 1962 жылы болу керек, мектепте оқушы кезімізде көршілес ІІІ-Интренационал колхозына жүгері жинау үшін көмекке бардық. Сол кездің өзінде ол көмекке барған оқушыларға, өз еңбеккерлеріне жасап жатқан жағдайларының керемет екендігіне бала да болсақ көз жеткізгенбіз.
Ол кісі көп сөйлемейтін, мақтануды, мадақтауды, артық, көпірме сөз айтуды жақтыра бермейтін. Асыра айтуға, құрғақ уәде беруге өте сараң болатын. Бірде аудандық партия комитетінде аудандық комсомол комитеті бірінші хатшысы ретінде кездесіп, сол кезде жас күрішшілер арасында Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хак, жас механизаторлар арасында Социалистік Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуов, жас шопандар арасында Социалистік Еңбек Ері Әділбек Хайруллаев атындағы жүлде ұйымдастырып, оны жыл қорытындысымен аудан жастарының үлкен жиынында тапсыратынымызды айтып, сол жүлдені өзіңіз тапсырасыз деп, қолдау көрсетуді сұрадым. Әңгіменің мән-жайын мен айтып болмай-ақ түсіндім деп, менің қолымнан алып еді. Цай Ден Хак ағамыз өте жаңалыққа жаны құмар кісі болатын.
Цай Ден Хак ағаның тағы бір көрегендігін байқағаным, мен аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс жасайтын кезімде жеке азаматтарға автокөлік беру жөніндегі аудандық комиссия төрағасы жұмысын қоса атқаратынмын. Ол кісі ІІІ-Интернационал колхозынан жеке автокөлікке сұраныс салғандар үшін жекеменшік үйі бар ма деген анықтамасының болуын сұрауымды, соны комиссия отырысында басшылыққа алуды сұрады. Кейіннен білгенімдей, олар жеке үй салмайды, машина алуға құмар. Қажет болған жағдайда алған машиналарын екінші біреуге сатып, ақша тауып, тіпті күріш егуге құштар тұрғындардың болмай бара жатқанын және колхоздың табысы барлық тұрғындарды жеке тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндіктің жоқ екенін алдын ала ойлағаны деп білдік. Кейіннен ол кісінің қойған талабы аудан бойынша іске асып, сол тәртіппен жұмыс жасалған еді. Аудандағы сауын сиырлардың тұқымын асылдандыруға әуелі мұрындық болып жұмыс жасаған да осы кісі болатын. Көршілес Байқоңыр ғарыш айлағын салып жатқан әскерилермен де алғаш тіл табысып, жақсы пайдаланған да осы ағамыз еді.
Бірде кабинетіме келіп, Жосалы совхозының директоры Жақсылық Жалғасбаевтың үйіне бірге баруымды сұрады. Жәкеңнің жолдасы Любаның анасы төсек тартып жатып қалған екен. Люба және оның анасы да корей ұлтынан болатын. Байқасам, сол кісінің көңілін сұрауға барғаны белгілі болды. Біраз әңгімелесіп отырып, қиын кезеңдерді еске алып, көзіне жас алып, толқығанын сол жерде көріп едім. Ол кісінің жүрегі жұмсақ, нәзік болатын. Алдына барған кісінің әңгімесін аяғына дейін тыңдайтын. Өте қарапайым адам болатын. Табанды, жігерлі, жаңалыққа құштар, адамгершілігі мол адамдарды ұнататын. Менмендікті құдай да қолдамайтынын жақсы сезінетін. Қанша жыл басшы бола жүріп, өзін халықтан жоғары қойып көрген емес. Бұл Цай Ден Хак ағаның бойына туа біткен қасиеті болатын.
«ІІІ-Интернационал» колхозы күріш өндірудің озық технологияларын іске асырған аса ірі күріш фабрикасына айналып еді. Онда талай майталман күрішшілер мен жас кадрлар, басшылар өсіп шықты. Бірлігі мол 17 ұлт пен ұлыстың басын құраған облыстағы іргелі шаруашылық болды. Сол колхозда көп жыл бас агроном болып, ауыл шаруашылығының білгір маманы атанған, қазір «Жаңажол» жауапкершілігі серіктестігін бұрынғы «ІІІ-Интернационал» колхозының жеткен биігінен асырып, табысын молайтып, облыстағы ең үздік күріш фабрикасына айналдырып отырған Цай Ден Хак ағамыздың шәкірті Қылышбек Әбішов өзінің ағасын сағынышпен еске алады. Жақсы адам жөнінде жылы лебіз, мақтау, мадақтау айту қандай ғанибет! Осындай айтулы азамат бей-берекет сөзге құмар болмаған, көзге түсуге құлшынысы жоқ, әрдайым бетегеден биік, жусаннан аласа қалпын мәңгі сақтап өткен Цай Ден Хак ағамыз болатын.
Нұртілеу САЛЫҚОВ.
Қармақшы ауданы.
ТАҒЫЛЫМ 26 қазан 2013 г. 515 0