СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АЗАМАТ

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АЗАМАТБақдәулет Дербісәліұлының ел экономикасын арттыруға елеулі үлес қосатын жұмысшы кадрларын даярлау саласында  жүргеніне  отыз жылға жуықтапты. Сонау сексенінші жылдардың орта шенінде сол кездегі №9 кәсіптік-техникалық училищеде басталған ұстаздық жолы күні бүгінге дейін сәтті жалғасуда. 2005 жылдан бастап №6 кәсіптік лицейде оқыту шебері, арнаулы пән және әдіскер-оқытушы болып қызмет  атқарып келе жатқан Бақдәулеттің есімі қазір көпшілікке кеңінен танымал. Оны әріптестері де, кәсіптік білім саласының басшылары да мақтан тұтады. Оның  себебіне көз жүгіртіп көрелік.
Б.Дүрманов өзінің еңбек жолын алғаш бастаған кезінен-ақ кәсіптік салада маман кадрлар даярлауға белсене араласып келеді. Ұжым арасында беделді, еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандарға өзінің іс-тәжірибесін үйретуден еш жалықпайды.  Жауапкершілігі мол, мінезі ашық, әріптестерімен тез тіл табыса алатын ұстаз Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен алған білімін шәкірттеріне жеткізуде уақытпен санаспай еңбектенді. Соның нәтижесінде оның ұстаздық жолы да өзгеге үлгі етерліктей болып қалыптасты. Ізденімпаз ұстаз бірнеше рет республикалық, облыстық конференциялар мен семинарларға, педагогикалық оқулар мен байқауларға қатысты. Уақыт көшіне ілескен оқытушының ізденіспен жазған ой-тұжырымдары мен ғылыми еңбектері арнайы жинақтарға енгізіліп,  республикалық және халықаралық деңгейде таратылды. Кей еңбектері  облыстық, республикалық  баспасөз беттерінде жарияланды. 
Бақдәулет шығармашылықпен жүйелі айналысады. Ол мамандықтарға байланысты қазақ тілінде оқулықтар жазды, орыс тіліндегі оқулықтарды жинақтап, қазақшаға аударды. 2009 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Электромонтер» атты оқулықтан басталған кітаптар көші «Тігінші. Пішуші. Модельер», «Аспаз», «Ағаш шебері – құрылысшы», «Жылу техникасын жөндеу және пайдалану» атты еңбектермен толықты. Мақтанарлығы сол, бұл оқулықтардың барлығы дерлік республиканың  кәсіптік-техникалық салалары мен  оқу орындарында кеңінен қолданылады. Осы еңбектері үшін Бақдәулет Дүрманов 2009 және 2010-2011 жылдары «Фолиант» баспасының мадақтамасы мен арнайы дипломын иеленді және 2020 жылға дейін авторлық құқыққа ие болды. Сонымен қатар оның ғылыми еңбектері Сыр өңірінде шыққан «Шыңдалған ұжым» кітабына, облыстық білім басқармасы, облыстық  білім беру қызметкерлерінің  біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының ұжымдық жинақтарына енгізілген. 
Жоғары санатты оқытушы әрі тәлімгер-ұстаз Бақдәулет Дербісәліұлы жас жұмысшыларды үйретіп, тәрбиелеудегі қол жеткізген жетістіктері үшін  «Еңбектегі үздік жетістігі», «Алтын дән», «Алтын қолды шебер» белгілерімен  марапатталды. Білім саласында өткен облыстық  түрлі байқаулардың жеңімпазы танылған тәжірибелі ұстаз бірнеше рет ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім саласының Құрмет грамоталарымен, облыс әкімшілігінің Алғыс хаттарымен, ал өткен жылы «Қызылорда облысының білім ісінің үздігі» медалімен марапатталды. 
Ұлағатты ұстаз үшін биылғы жыл табысты әрі ерекше жыл болды. Бақдәулет Дүрманов еліміз бойынша «Үздік педагог» атағын жеңіп алып, ҚР Білім және ғылым министрінің қолынан «Үздік педагог» медалі мен 1,7 млн. теңге көлемінде сыйақы алды. Сөйтіп ол өзі еңбек ететін Құрылыс және бизнес колледжінің айын оңынан туғызды. Оның  бұл табысына облыстың  техникалық және кәсіптік білім саласының мамандары да қуаныш білдірді. 
Өз жұмысына адал, әділетсіздікке төзбейтін Б.Дүрманов колледждің саяси-қоғамдық өміріне де белсене араласады. Ол әрі сезімтал, адам тағдырына жанашырлықпен қарайтын сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Оны бәріміз мақтаныш тұтамыз. Әрдайым биіктен көріне беруіне тілектеспіз.
Гүлжаһан НЫСАНҒАЛИЕВА,
Қызылорда құрылыс және бизнес  колледжінің өндірістік оқу шебері.  

ТАҒЫЛЫМ 31 қазан 2013 г. 628 0