ЕЛ-ЖҰРТ ЕСҚОЖАНЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

ТАҒЫЛЫМ | 16 ноябрь 2013 ж. - 11:13 | Көрудің саны: 443
Өзім айрықша қадір тұтып, құрметтейтін Есқожа  Бергенбаев туралы мақаланың тақырыбын ұзақ ойландым. Мұны оқығанда болмысынан қарапайым, көзіне мақтаса, өзін қоярға жер таппай ыңғайсызданатын Есағаңның не дейтінін алдын ала сезіп отырмын. Жауабымды да дайындап қойдым. "Есаға, Құмкөл мұнайын игерудегі сіздің еңбегіңізге лайықты баға беретін уақыт жетті. Ол туралы біз айтпағанда, кім айтады?”
Сыр елінің "қара алтын” өндірудегі тарихы ширек ғасырдан енді асты. Сол тарихты жасаушылардың, Құмкөлдің қазығын қағып, негізін қалаушылардың бірі Есқожа Бергенбаев жетпіс жастың белесіне шығып отыр. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері қарай қанаттас, қызметтес болғандықтан Есағаң туралы жазуды өз мойныма алдым.   
Маңғыстаудың маң даласына алғаш табан тіреген адам оның еш жерде қайталанбайтын дара табиғатына, шет-шегі көрінбейтін тегіс жазығына таңдай қағары сөзсіз. Сексенінші жылдардың бас кезінде қолымда Қазақ политехникалық институты берген дипломым мен "Қазмұнайгазбарлау” тресінің "Маңғыстаумұнайбарлау” кешенді экспедициясына жіберген жолдамасы бар жас маманмын. Біршама уақыт  осы түбекте алғаш рет "қара алтын” атқылап, аса бай мұнай-газ кеніштері табылғанын білеміз. Ералы ауданындағы экспедицияның базасы үлкен мекеме екен. Дипломдағы "инженер” деген жазуға қайта-қайта қарап, кеудемізді мақтаныш кернеп жүрген шағымыз. Тіршілігі қым-қуыт өндіріс басындағылардың ешкімге қарауға мұршасы жоқ. Мұнда келген соң жоғары білімді маман екенімді дәлелдейтін құжатымды жинап қойып, бұрғышының көмекшісі болып шыға келдім. Бүгінгі күннің биігінен ойлап отырсам, сол кезеңнің маман тәрбиелеудегі төменнен жоғарыға өрлететін осынау озық әдісі қаншама жастың талабын шыңдады, оларды өз ісіне шебер етіп шығарды.  
Есқожа Бергенбаевпен "Өліқолтық” деген жерде 1983 жылы таныстым. Автокөлік басқармасының бастығы екен. Мекеменің бүкіл техникасына жауапты адам.  Ең алғашқы 4000-4500 метрлік ұңғымаларды қазып тұзасты қабаттарынан мұнай іздеген кез. Өліқолтық аты айтып тұрғандай, сордың ортасы, бұта түгілі, шөп өспейді. Бұлай аталу себебі, теңізден жел соққанда су шайып кетеді де, орны сор болып, кеппей қалып қояды. 
Өліқолтықтағы биіктігі 53 метр "Уралмаш-3Д” бұрғылау қондырғысы басындағы мұнайшы-геологтардың бейнетін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алып қондырғыны сорға апару, оған жол салу, көшіру тегеуріні мықты адамдардың ғана қолынан келеді. Сор түгілі қара жерде атқарылуы оңайға соқпайтын жұмыстың басында Есағаң да жүрді.  Бұрғылау алаңында адамдар айлап жатады. Он  бес күндік деген аты ғана. 
Есағаң Аралдың тумасы екен. Мені бірден бауырына тартты. Жерлес, одан әрі ағалы-інілі болып өмір сүрдік. "Сольтрестегі” мектепті бітірген соң Павлодар индустриялық институтына түскен. 1969 жылы институт түлектерін бүкіл Одақ көлеміне тарата бастағанда, оған Батыс Қазақстан геологиялық басқармасына жолдама беріледі. Қолында кітап толы шабаданы бар жас жігіт алдымен сол кездегі Шевченкоға, қазіргі Ақтауға барды. Ұзақ жол Ералы ауданынан да тоқтамады. Әрі қарай жалғасып, "Маңғыстаумұнайгазбарлау” тресінің Ақсу геологиялық партиясынан бірақ шығарды. Ол уақытта Қансу, Доңға, Өзен енді барланып, Жетібай мұнай беріп жатқан. Техниканың неше атасы бар, кранның бірнеше түрі, бульдозер, тартқыш, эксковатор, тракторлар.  Трест 1974-1975 жылдары Қаражамбас, Қаламқас, Бозашыны барлап, мемлекеттік комиссияға тапсырған. Жалпы "Маңғыстаумұнайгазбарлау” 40-қа жуық кен орнын барлап, жер қойнауындағы "қара алтын” қорын анықтаған. Осындай ерен еңбегі үшін 3 адам Лениндік сыйлыққа, 5 адам КСРО Мемлекеттік сыйлығына, 2 адам Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 
Мұнайдың барлануы мен ізделуінің машақаты көп болғанымен, геолог болуды армандайтындар көп. Көпшілікті айлық жалақысының жоғарылығы, жабдықтау мәселесінің оң шешім тапқаны қызықтырды. Жұмыстың ауырлығына, кеніш басындағы темір вагондағы тірлікке, күндізгі ауысымдағы ауыртпалыққа төзетіні де содан. Бірақ адамдардың темірдей төзімінің, құрыштай қайратының арқасында Маңғыстау мұнай-газ секторы бүгінгі биігіне жетті. "Қара алтынды” түбек Кеңес Одағындағы алдыңғы қатарлы мұнайлы аймақтардың үштігіне енді. Тарихы жарты ғасырдан асып кеткен Маңғыстау мұнайының жылнамасында біздің Есағаңның да аты құрметпен аталады.
Сексенінші жылдардың соңына қарай КСРО Мұнай министрлігіне қарасты "Маңғыстаумұнай” бірлестігіндегілерден Қызылорда облысында Құмкөл деген кеніш ашылғалы жатқанын естідік. Майталман мұнайшы Мұрат Саламатов жаңа өндірістің тізгінін ұстаған соң Есағаңды шақыртады. "Мен мұнайшы емеспін ғой” дегеніне, "маған мұнайшыдан бұрын ұйымдастырушы керек” депті сонда. Маңғыстауда шыңдалған кадрдың қадірін білгені ғой. Есағаң 1986 жылы Кұмкөлге кетті. Жаңа ұйымдастырылып жатқан мекеменің машақатты тірлігін тәжірибелі, көнтерлі, қиындықтан жол таба алатын Есағаң сияқты азаматтар дөңгелеткенін батыл айта аламын. 
Нөлден бастап игерілген кенішке алғашында  тұрғын вагондар мен бұрғылау қондырғылары және техникалар Маңғыстаудан әкелінді. Кен орнының қамтамасыз ету базасынан шалғай жатуы, ауа райының қолайсыздығы басталған іске бөгет бола алмады. Құмкөл мұнайгаз өндіру басқармасы 1988-дің наурыз айында ашылды. Бірақ әлі өндіріс жоқ.  Ең алғашқы мұнай алуды 1990 жылға жоспарлаған. Мұнайды жергілікті халықтың игілігіне айналдыруда сол кездегі басшы Еркін Әуелбековтің сіңірген еңбегін ел біледі. 
Қойын құрттап, айранын ұрттап, қоңторғай тірлік кешкен мұндағылар мұнайшы болмақ түгілі, қалқиған мұнараларға үрке қарайтын. Жаңалықты жатырқағандар көп болды. Мекемеге қыл аяғы кеңсе де бөлінбей,  біршама уақыт өжірені паналағаны бар. Есағаңның теміржол тармағын алуға, оған жақын жерден база салуға жұмсаған күш-қайраты орасан. Сортаң жерге төрт қазық қағып база ашуға, жыл жарым уақыт асфальт зауыттың түтініне тұншығып жұмыс істеуге тура  келді.  Қазір ғой, соның бәрін жай ғана күліп еске алады.
 Саламатовтың шақыртуын алғанда Ералыда комсомол, партия жағында қызмет істеп жүрдім. Аудандық партия комитетінде мұнай өндірісі саласына жетекшілік ететін нұсқаушымын. Бір-екі жылдан кейін партия мектебіне жол түсетін сыңайы бар. Елге қайтудың реті келген соң, мансапты, үйді тастап өндіріс бөліміне келдім.   
– Ол жақта жағдайың барын білем, бірақ сәті түсіп тұрғанда елге қайт, – деді Есағаң да. 
Мұнда Маңғыстаудығыдай жағдай түсіңе ғана кіреді. Үй жоқ, үй болмаған соң күй де жоқ. Саламатовтың да, Бергенбаевтың да қолында тұрған ештеңе жоқ. Қызылорда облысы аграрлық аймақ болғандықтан өндірістің өркендеуіне қалыпты жағдай жасауға бейімделмеген. Бір жағынан  облысты индустрияландыру соңына дейін зерттелмегені аңғарылады. Мамандар Жетібайдан, Өзеннен іссапарға ғана келеді. Мұнда тұрақтау ойларында жоқ. Көп ұзамай Оңтүстік Торғай ойпатындағы мұнай-газ кеніштерін іздестіруді жеделдету жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, Қазақ ССР Геология министрлігінің құрамында Сырдария мұнай-газ барлау экспедициясы құрылды. Жергілікті мамандар Ащысай, Оңтүстік Ақшабұлақ, Блиновский деген кеніштерді ашты. Бір бригада Өзбекстаннан, 2 бригада Ақтөбеден әкелінді. Қызылорда үшін тың салада еңбек етуге ниеттілерді күндіз шырақ алып іздесең таппайсың. Негізгі мамандар мен жұмысшыларды Маңғыстаудан ЯК-40 ұшағымен тасымалдап, ауыстырады. Құмкөл тарихында Саламатовтың Газлиден мұнайшыларды отбасымен көшіріп әкеліп, маман тапшылығын шешкені айтылады. Білікті басшының тапсырмасын орындауда, 40 отбасыны жаңа жерге орналастыруда,  оларға жағдай жасауда Бергенбаевтың қамқор пейілі мен қолтаңбасы қалды.
"Оңтүстікмұнайгаз” өндірістік бірлестігі  құрылғанда  құрамына механикаландырылған жылжымалы колонна, технологиялық көлік, өндірістік-техникалық қамтамасыз ету және жұмысшыларды толықтыру басқармалары енді. Есағаң жабдықтау басқармасын басқарды. Уақыт дөңгелегін кері айналдырып, Кеңес Одағының күйреуге бет алған 1989-1990 жылдарды еске алайық. Ескі байланыстар мен бір орталықтан басқарылатын жүйе құрдымға кетті. Сол аумалы-төкпелі кезеңде Есағаңның іскерлігі байқалды. Айта кетейік, Құмкөл батыстағыларға қарағанда жобаланып салынған кеніш болып есептеледі. Мұнай министрлігінің де тегеурінділігі шығар, Есағаңның басшылығымен Құмкөлдің басына  чех вахталық қалашығы, фин асханасы әкелінді. Арыстай азаматтар  үйдегі 3-4 баласына тамақ тауып беруге шамасы жетпей жатқан өліара шақ. Жабдықтаумен айналысатын Есағаңның қарамағындағы мыңдаған адам 3 мезгіл тамақ ішеді. Жатын орны жайлы, бару-қайтуы  бүге-шігесіне дейін ойластырылған. Көп ұзамай жұмысшылар саны еселеп көбейді. Бәрінің ішетін суына дейін Бергенбаевтың мойнында. Мұнай берген соң, 1990 жылы мұнайшылар жағдайы бұрынғыдан да жақсарды. Байқап қарасам, Есағаң ылғи қиын да қысылтаяң жерлерде жүреді екен. Тірлікте адамның қажеттілігі таусылмайды емес пе? Ол еңбек адамының жағдайын жасауды, сосын барып жұмыс өнімділігін талап етуді өмірлік мұратына айналдырды.
Кейін Есағаң кеніш канадалықтар қолына өткенде әкімшілік жағында басшының орынбасары болды. Шетелдіктер ол кісінің біліктілігін, білімділігін, адамгершілігін бағалады деп есептеймін. Тоқсаныншы жылдардың соңындағы дағдарыс компанияның жаңа иелерін де тығырыққа тірей бастады. Қызметкерлерге айлық жалақыны жартылай төлеуге мәжбүрлік туындаған кездер болды. Дүниежүзілік нарықтағы құлдыраған мұнай бағасы бірталай жоспарды қайта жасауға, құрылымды бейімдеуге ықпал етті. Осы тұста бұрынғы бірлестіктен мекемелер өз алдына бөлініп шығып, мердігер бола бастады. Мұнай-кен орындарындағы процестерді басқару үшін автоматтандырылған жүйелер, заманауи жабдықтар қолданылды. 
2000- жылдың басында мені "Қазақойл” басшылығы "Өзенмұнай” кенішіне қайта оңалту және сауықтыру жөніндегі Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобаны басқаруға шақырды. Бұл жоба бойынша 40-50 жігітті Америкаға Хюстон қаласына оқуға жіберуі олардың мұнай өндірудегі жаңа технологияларды бүге-шігесіне дейін меңгерген маман болуын қамтамасыз етті. Ұлттық компания ұстанған саясаттың жемісі көз алдымызда. Қазір АҚШ-та білім алған мамандардың алды шетелдік компанияларда, "Қазмұнайгазда” бас маман болып қызмет істеп жүр. Осы кезде жаңа техника мен технологияларды игеруге шетелдік мамандар атсалысып, "ТДЕ”, "Халибортон”, "Кардвел”, "Кремко” техникасын оқытып, Өзен мұнай кенішіндегі өндірісті бір қалыпқа келтіріп, одан әрі көбейтуге қол жетті.    
Сол жылдары Қызылордада да үлкен жоба басталды. "Харрикейн Құмкөлмұнай” компаниясы  қолға алған "Құмкөл-Жосалы” жоғары қысымды мұнай құбыры – бұрынғы Одақ көлемінде болмаған жоба.  Құбырды пайдалану басталған тұста мені бас менеджер қызметіне шақырды. Бұл жоба бойынша адам қолымен атқарылатын жұмыстар барынша азайтылған. Келіп-кетіп жатқан мұнай қашықтықтан бақыланады.  Ресейдің "Транснефть” мұнай тасымалдаушы ұлттық компаниясы 60 цистернаны 82 минутта құйып шыққан технологияны пайдаланғанымызды көріп "қазақтар алға озып кеткен екен” деп таңданысқан еді.
Бүгінде осынау игілікті пайдалана отырып, маңдайы күнге, табаны құмға күйіп, мұнай өндірісінің бейнетін көрген Есағаң сияқты ағаларға құрметің еселене түседі екен. Ал Бергенбаев  ізінен ерген інілерінің ізетін көріп жүрсе де, баяғы байыпты қалпында. Маңғыстаудан бері әріптес болып келе жатқан жігіттер іссапарларда, телефон шалғанда Есағаңды сұрайды. Бір кездері ол кісімен қойын-қолтық жұмыс істеп, Құмкөлді игеруге атсалысқан Жеңіс Жалғасов "Тарбағатаймұнай” компаниясының басшылық қызметінде, Алик Айдарбаев Маңғыстау облысын басқарады. Марат Қожабеков  кәсіпкер, Базарбай Нұрабаев Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы, Сүлеймен Атаниязов құрылыс компаниясының жетекшісі. Төлеген Хасанов "Теңізшевройлда” менеджер, Қабыл Қыстаубаев Атырау төтенше жағдай департаментінде басшылық қызметте. Әрдайым "Ақсақалымыз аман ба?” деп, ілтипаттарын жеткізіп жатады. Есағаң болса өмірлік жары Орынша жеңгемізбен балалардың, немерелердің ортасында мәнді ғұмыр кешіп отырғанына шүкіршілік етеді.  Жетпіс жасыңыз құтты болсын, Есаға!
Ғалым БАЙМАНОВ,
инженер-мұнайшы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫНАН 184 МЛН. ТЕҢГЕ ӨНДІРІЛДІ

МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫНАН 184 МЛН. ТЕҢГЕ ӨНДІРІЛДІ

«Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті мемлекеттік мекемесінің Қызылорда...
ДАРАБОЗ ДАРА ТҰЛҒА

ДАРАБОЗ ДАРА ТҰЛҒА

Дана халқымыз: «Асыл туған адамның, алтын жетпес нарқы бар. Жақсы менен жаманның,...
МҰНАЙШЫЛАР МЕРЕЙТОЙЫ

МҰНАЙШЫЛАР МЕРЕЙТОЙЫ

Жұмада Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «ҚазГерМұнай» БК»...
АКАДЕМИКПЕН КЕЗДЕСУ

АКАДЕМИКПЕН КЕЗДЕСУ

Тағдыр маған осы бір қазақтың біртуар азаматы, ғұлама ғалым, қоғам, мемлекет...
ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КӨҢІЛДІ КЕШ

ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КӨҢІЛДІ КЕШ

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында көңілді тапқырлар...
ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ ЕҢБЕККЕ ОРНАЛАСТЫРУ ЖАЛҒАСУДА

ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ ЕҢБЕККЕ ОРНАЛАСТЫРУ ЖАЛҒАСУДА

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ жүйесін...
Пікір: