ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН БАПКЕР

ТАҒЫЛЫМ | 19 ноябрь 2013 ж. - 10:30 | Көрудің саны: 424
Алпыс жастың асқаралы шыңына шыққан соң ба, өткен жылдар өрнегі көз алдыңда көлбеңдей тұра қалады екен. Көргендерің мен көңілге түйгендеріңді кейінгі ұрпаққа ұлағат етуді де мұрат тұтасың. Талайлармен тұз-дәмдес, ағалы-інілі болып сыйласқандықтан болар, бұл өмірден жалғанға мезгілсіз сағымданып кете барғандарды да іздейсің. Сондай мейірімді де мәрт жігіт, спорт саласының серкесі, ағалы-інілі болып сыйласқан бауырым Ербол Ботабеков болатын.
Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр-ай десеңші. Күні кеше ғана жайбарақат мінезімен, өз ортасына қалтқысыз қызметімен көпшілік құрметі мен қошеметіне бөленіп жүрген Ерболды сұм ажал арамыздан мезгілсіз алып кетті. Аз ғана ғұмырын жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруге бағыштаған, өзіммен қызметтес болған інім жайлы бір үзік сыр айтуды парыз санадым.
Ербол Қадырбайұлы 1963 жылдың қараша айында Қызылорда қаласында дүние есігін ашады. 1991 жылы Алматы қаласындағы дене тәрбиесі институтынан дәріс алған оның еңбек жолы №7 орта мектептен бастау алған еді. Ал, 1993 жылдан бастап №171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі, осы пән бірлестігінің жетекшісі болған ол бар ғұмырын жастарға тәлімді тәрбие берумен өмірден өтеді.
Мен білетін Ербол жас ұрпаққа сапалы білім, тәлімді тәрбие беру ісінде қандай бір дәрежеде қызмет атқарса да ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен, айналасындағы адамдармен тіл табыса білу қарапайымдылығымен өзгелерден оқ бойы озық жүретін. Өйткені, Ербол мінезге бай, сабырлы да салмақты абзал азамат болатын. Әлдекімдер тәрізді ашу шақырып, біреуге дауыс көтеруді білмейтін. Содан болар оның дос-жолдастары көп болатын.
Ерболдың мамандығы дене тәрбиесі мұғалімі болғандықтан ол бар өмірін білімді ғана емес, білекті балғындар да тәрбиелеуге бағыштады. Спорт саласының серкесі болған оның алған асуы мен шыққан шыңын санамалап айту әсте мүмкін емес. Содан да басты-бастыларына ғана сөз кезегін берелік. Ербол 2010 жылы қалалық мектепаралық «Кока-кола былғары доп» жарысына өзі тәрбиелеп жүрген №171 мектеп оқушыларын қатыстырып, бас жүлдені қанжығаларына байласа, сол жылы өткен облыстық сайыста да бас бәйгені еншіледі. Осы жылы Семей қаласында өткен «Кока-кола былғары доп» додасының республикалық жарысында бірінші орынды иемденіп, Қазақстан Республикасы атынан Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласында халықаралық деңгейде өтетін футбол жарысына жолдама алады. Халықаралық деңгейде өткізілген футбол сайысында ІV орынды иемдену тектен-тек болмаса керек. 
Ерболдың ел-халық алдындағы еңбегі де ескерусіз қалған емес. Қалалық, облыстық білім бөлімінің мақтау қағазымен бір емес, бірнеше рет марапатталған ол жоғарғы санаттағы ұстаз атағын иеленді.
Ербол өнегелі де өркенді отбасының иесі болатын. Жан жары Жанна Айдарбекқызымен шаңырақ көтеріп, өмірге Мақсат, Эльвира, Бағжандай перзенттерін әкеліп, енді ғана қызығына кенелермін дегенде мәңгілікке мезгілсіз кетті ғой. Енді әріптестері балғындардың бапкерін еске алу турнирін өткізбекші.
Серік БЕКМҰРЗАЕВ,
№171 орта мектеп мұғалімі.
Қызылорда қаласы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

Жұмыс бөлмесіне жарқылдай күліп, аңқылдай сөйлейтін бір азамат кіріп келді....
БАЛҒЫНДАР БАПКЕРІ

БАЛҒЫНДАР БАПКЕРІ

Балауса қарсыласы Ангелинаны бірден жойқын соққылардың астына алды. Ол қашанғы...
ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

Алаштың анасы атанған Сыр өңірі еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге...
ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

Ұстаз – ұлағатты жан. Ұстаз шәкіртімен бақытты. Шын мәнінде ғұлама ғалым да,...
ҰЛАҒАТТЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАНДАР

ҰЛАҒАТТЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАНДАР

Әдетте ұстаздарды ұлы тұлғаға теңеп жатамыз. Бұл дұрыс та. Алайда, кейде осынау...
ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

Сырдария аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Социалистік Еңбек...
Пікір: