ДАРАБОЗ ДӘРІГЕР

ТАҒЫЛЫМ | 28 желтоқсан 2013 ж. - 17:44 | Көрудің саны: 557
Есімдері елге танымал айтулы азаматтар қашанда санаулы. Заманында топ бастаған тұлғалар ешқашан тасада қалған емес. Осындай азаматтардың бірі, тіпті бірегейі, адам жанының арашасы болып жүрген Сырдария аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, хирург Шынтас Зетов десем, асыра айтқандығым болмас.
Шынтас – менің замандасым. Кезінде Тереңөзек ауданында қызметте болып, Шәкеңмен талай мәрте тұз-дәмдес болғаным бар. Тумысынан етек-жеңі кең пішілген, тұлғасы биік, көкірегі кең сарай, жүрегі жомарт жанның шипа қолынан өмірлік тірлігінің, азаматтық ірілігінің шуағы төгіліп тұрады. Бір таңғаларлығы, Шынтас сонау 1972 жылдан бері осы уақытқа дейін, яғни 41 жыл бойы өмір үшін арпалысқа түскен жандардың басты байлықтары – денсаулықтарын түзеу үшін ғұмыр кешіп келеді.
– Маған, – дейді жылы ғана жымия сөйлейтін Шынтас, – талай-талай басшылық қызмет ұсынылды. Құй сенерсіздер, құй сенбессіздер, мен келісім бермедім. Өйткені, мен үшін адамдар денсаулығын сақтаудан қымбат жұмыс жоқ дер едім. 
Айтса айтқандай, 1966-1972 жылдары Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетінен дәріс алған оның еңбек жолы осы аудандық ауруханада ота жасау бөлімінің ординаторы қызметінен бастау алады. 1974 жылы хирургия бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалған ол бүгінгі күнге дейін осы салада жемісті еңбек етіп келеді.
«Тектіден текті туар, ата жолын қуар» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Әкелері Ізет ақ бас толқындармен арпалысумен өмір кешкен балықшы болса, өмірге 13 бала әкелген Батыр аналары Ақбазар әже бүгінде 9 ұл мен қыздың ұялары мен қияларында қызыққа кенелумен жүріп келеді... жүріп келеді...
Бір ерекшелігі, Шәкең базбіреулер тәрізді көлгірсуді, болмаса «мен... мен...» деп кеуде керуді білмейді. Керісінше, сөйлесе жалтақтамай, өз ойын кесіп айтады, жалғандыққа бармайды, жылы ғана жымиып жүріп келеді. Шамасы, текті әулеттің тұяғына әкесінен қалған аманат болса керек.
Шынтастың шипалы қолымен жылына 250-300-ге жуық ота жасалады екен. Ал, 41 жылдан астам уақытта 11500-ден астам науқасқа ота жасаған. Саралап айтар болсақ, ішкі құрылысына, қан тамырларына, сүйекке, гинекология ауруларына, оны айтасыз, бауыр, бүйрек, жүрекке ота жасау оңайлыққа түспесі анық.
Шынтас жайлы айтқан ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты болуы үшін бір-екі нақты деректерге жүгінелік. 1978 жылы аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта шалғай жатқан Іңкәрдария елді мекенінен суыт хабар келіп жетеді. Ауылдық ауруханада қан кетіп жатқан жүкті әйелге шұғыл көмек керек. Ол кезде электр желісі жоқ. Дизель отынымен моторға ток беріліп, аурухана кабинетінде жүкті әйелге тиісті операция жасалып, сағымданып бара жатқан өмір есігін қайта ашады.
– Аудандық ауруханада, – дейді аурухананың бас дәрігері А.Арғынбаев, – Шынтастың шипа қолымен жылына 20-25 әйелге кесарево әдісімен ота жасалып, өмірге келген сәбилер Шынтас есімін еншілейді. Бүгінде ауданымызда бірнеше ондаған Шынтастар бар.
1982 жылы аудандық ауруханаға 65 жастағы Алексей есімді азамат жүрек жарақатымен (пышақ жарқаты) келіп түседі. Өмір мен өлім арпалысы басталады. Шипагер Шынтас науқастың көк тамырына наркоз беріп, жүрек жарақатын тігуге ота жасайды. Өмірге аман-есен оралған қарт бүгінде 96 жасқа келіп, өзіне өмір сыйлаған Шынтасқа шынайы алғысы мен ақ батасын берумен жүр.
Шынтас Зетов қоғамдық өмірге да белсене қатысады. Кезінде дүркіреп тұрған, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болса, бүгінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі. Аудан халқының сенімін арқалаған аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мәслихаттағы жетекшісі. Шынтастың биылғы жылы Алматы қаласында өткен хирургтардың халықаралық конгресс съезіне делегат болып қатысуы да дәрігердің мәртебесі болса керек. 
Айта кету керек, Шынтастан тәлім-тәрбие алған дәрігерлер жеткілікті. Оларды санамалап айту әсте мүмкін емес. Бір ғана дерек. Шынтастың шәкірті Әлібек Ысқақов – медицина ғылымының кандидаты, Алматы қаласындағы министрліктің ауруханасында бөлім меңгерушісі болса, Алик Ысқақов та медицина ғылымының кандидаты атанып, Алматы қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді.
«Қосағыңмен қоса ағар» деп атам қазақ айтқандай, жұбайы Құралай ақ жаулықты абзал ана, аяулы жар, ұлағатты ұстаз болып, ел алғысын арқалаумен келе жатыр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дегендей, осы бір өнегелі шаңырақтан өмірге төрт ұл, екі қыз келіп, ұлдары ұяға, қыздары қияға қонды. Әкесінің жолын қуған үлкен ұлдары Арман Шымкент қаласындағы ауруханада кардиолог, жоғары санатты дәрігер болса, Асқары Шығыс Қазақстан облыстық туберкулез ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты, Әлия Астана қаласында дәрігер-эндокринолог қызметін атқарып, халық денсаулығын сақтауды мұрат тұтқан. Асхаты Астана қалалық құрылыс-жоспарлау бөлімінде архитектор-дизайнер болса, Әселі Қазақ мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінен дәріс алып, бүгінде Қытайдың Пекин қаласында магистратурада білімін жетілдіруде. Кенже баласы Бексұлтан – Оңтүстік Қазақстандағы М.Әуезов атындағы университеттің 2-ші курс студенті.
Жоғары санаттағы дәрігер Шынтастың ел-халық алдындағы ересен еңбектері де ескерусіз қалған емес. 1989 жылы «Кеңестер Одағы Денсаулық саласы үздігі» белгісімен марапатталса, 2012 жылы «ҚР денсаулық саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алды. Елбасының «Алғыс хатын» алған ол «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, аудандық, облыстық деңгейдегі мадақтаулары бір төбе. Биылғы жылы ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай Мемлекет басшысының Жарлығымен Шынтас Зетов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бар ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнап, өзгелерге деген шапағатын шашумен жүрген замандасымыз Шынтас – көкірегінде оты, жүрегінде жылуы бар осындай дарабоз дәрігер, жайсаң жан.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҚАЙРАТКЕР

ҚАЙРАТКЕР

«Алтын тоның болғанымен, жағасы мен жеңі қымбат, қанша батыр болсаң да, халқың менен...
ТАҒАЙЫНДАУ

ТАҒАЙЫНДАУ

Облыстық медицина орталығының басшысы қызметіне медицина ғылымдарының докторы,...
ЕҢБЕКПЕН ЕҢКЕЙГЕНДІ ЕЛ АЛҒЫСЫ ТІКТЕЙДІ

ЕҢБЕКПЕН ЕҢКЕЙГЕНДІ ЕЛ АЛҒЫСЫ ТІКТЕЙДІ

Өткен күндерге көз тастасақ алыста қалған сияқты, бірақ жүрекке жақын. Әсіресе,...
САЙЛАУ ІСІНІҢ АКАДЕИМГІ

САЙЛАУ ІСІНІҢ АКАДЕИМГІ

Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне ересен еңбек етіп жүрген ағаларымыз аз емес. Солардың...
ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДА ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

Жұмыс бөлмесіне жарқылдай күліп, аңқылдай сөйлейтін бір азамат кіріп келді....
ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

Сырдария аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Социалистік Еңбек...
Пікір: