ҰЛТ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУДАҒЫ ҰСТАНЫМ

ТАНЫМ | 17 сәуір 2017 ж. - 17:27 | Көрудің саны: 92
ҰЛТ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУДАҒЫ ҰСТАНЫМБиыл ұлтымыздың біртуар тұлғалары негізін салған Алаш қозғалысы мен Алашорда автономиялы үкіметінің құрылғанына – 100 жыл. Осыған байланысты облыстық-тарихи өлкетану музейі шаралар өткізіп жатыр. Ал Алаш қозғалысының тарихтағы рөлі, қазақ халқының сол тұстағы өмірі, еңбектері, Алаш арыстарының архивтік құжаттары, фотокөшірмелері және сол кезеңдегі зиялы қауым өкілдерінің тұрмыста пайдаланған заттары экспозиция төрінде тұр.
Жалпы, «Алаш» ұғымы (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) түркі халықтары бөліне қоймаған кезде дүниеге келген. Алаш партиясының өмірге келуі, біріншіден, қазақ елінің қоғамдық дамуының жаңа экономикалық, саяси, рухани негізде қайта құру қажеттілігінің пісіп-жетілгенін, екіншіден, Ресей империясының Қазақстанда орнатқан отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағанын көрсетті. Ресей империясы құрамында Алаш автономиясын құру туралы ұсыныс жария етіліп, ұлт зиялылары басшылық еткен Алашорда үкіметі құрылды. 1917 жылғы 12-26 шілде аралығында Орынборда өткен бірінші бүкілқазақтық съезде қазақ интеллигенциясы үшін аса маңызды ұлттық мәселелер талқыланып, көпшіліктің қолдауымен «Алаш» саяси партиясы құрылды. Оның негізін қазақ халқының санасын жоғары көтеру арқылы бостандық идеясын ұсынып, ұлт мүддесін қорғауда бір ізгі бағыт ұстанған Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы және тағы басқалар қалады.
Осы жылы қазақ баспасөзінің қалыптасуы жалпыазаттық қозғалыспен тығыз байланысты болғаны байқалады. Өткен ғасырдың басындағы «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Үш жүз», «Ақ жол» және «Айқап» басылымдары ұлт мүддесіне қатысты мәселелерді қозғап, құнды мақалалар жариялап отырған. Ә.Бөкейхановтың жетекшілігімен 1913-1918 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақ» газеті ұлт-азаттық қозғалыстың үніне айналды.
Газет-журнал оқысаң,
Көзіңді, қазақ, ашасың.
Дүние халің білмесең,
Ілгері қалай басасың? – деп ұрандаған «Қазақ» газеті ұлттық мемлекет құру, халықтың санасын ояту, сауаттандыру, отарлық езгіге қарсы күрес идеологиясын қалыптастыру бағытында үлкен рөл атқарды. Осы арқылы жалпыұлттық басылым деңгейіне көтерілді.
1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында бүкілқазақтық екінші съезд өтті. Онда бүкіл қазақ жерін біріктіретін Алаш автономиясын (қазақ мемлекеттігін) құру, Алаш ордасын (Алашорданы сайлау) және «халықтық милиция» аталған Алаш автономиясының қарулы күштерін жасақтау жөнінде шешімдер қабылданды. «Алаш» қайраткерлері дайындаған саяси құжат 10 баптан тұрды. Онда «Алаш» партиясының мемлекеттік құрылыс, жергілікті бостандық, жер, дін, сот, оқу-білім мәселелері жөніндегі мақсат-міндеттері тұжырымдалды. Бағдарламадағы ең негізгі мәселе – жер мәселесі. Қазақ жерінің байлығы қазақ елінің меншігі болуы тиіс. Осыған байланысты заң қабылданып,  қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жобаны жасаушылар – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес  Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдулхамид Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов. Алаш басшылығы жобада әлеуметтік-саяси міндеттерді эволюциялық реформа жолымен шешуді көздеді. Мәселен, «қазақ автономиясында жерсіз қазақ бұқарасы жер еншісін алып болғанша переселендердің келуі тоқтатылуы тиіс. Жер үлесін алдымен патша заманында ата қонысынан ығыстырылған жергілікті халық алуы керек» деп мәселені төтесінен қойды. Ең бастысы, «Жерді сатуға тыйым салынады. Алаш автономиясының жері – үсті қазба байлықтары, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болып табылады» деп, ұлттық мемлекет ретінде жердің құнды екенін баса көрсетті. Алаш партиясының бағдарламасы мен Алаш қайраткерлерінің қазақ съездерінде оқыған баяндамалары, өзекті мақалалары қазақ газеттерінде үзбей жарық көріп тұрды.
«Алаш» партиясы және зиялылар жасаған еңбектер төл тарихымызда мәңгілікке сақталып қалды. Бостандық жолында құрбан болған Алаш арыстарының еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары орындалды. Тәуелсіз Қазақстан соның дәлелі іспеттес.

Кенжегүл ИБРАГИМОВА,
музейдің ғылыми-қызметкері.

Сондай-ақ... оқыңыз:

Мұстафа Шоқай ескерткіші ашылды

Мұстафа Шоқай ескерткіші ашылды

28 наурызда Қызылордада Алаштың және Түркі әлемінің ардақтысы Мұстафа Шоқайға...
«Дидар» ақпараттық клубы ашылды

«Дидар» ақпараттық клубы ашылды

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар ...
Өткен ғасыр жаңғырығы

Өткен ғасыр жаңғырығы

Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Алаш партиясына –100...
Бүгін - Мұстафа Шоқайдың туған күні

Бүгін - Мұстафа Шоқайдың туған күні

Бүгін - Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі...
«АЛАШ АРЛАНДАРЫНЫҢ» АРЫНЫ

«АЛАШ АРЛАНДАРЫНЫҢ» АРЫНЫ

Қызылордалық «Алаш арландары» клубы Таразда өткен ҚР қазақ күресі федерациясының...
АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДА  – “АЛАШ ЖОЛЫ”

АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДА – “АЛАШ ЖОЛЫ”

Сыр өңірінің ақпарат кеңістігіне жаңа басылым келіп қосылды....
Пікір: