АСЫЛ МҰРАНЫ ДӘРІПТЕГЕН

Қазір нәзік жібек матаға жүнді кіріктіріп киім дайындау сәнге айналды. Бағып қарасаңыз, сахна жұлдыздарының өзі осындай киімге әуес. Бірақ, осы дүниелердің түп-төркіні киіз басу өнерінен бастау алатынын бірі білсе, бірі мүлде бейхабар. Ұлы өнерді ұлықтаған «СырЭтноДизайн» қоғамдық қорының жетекшісі, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Айдана Әлайдарова біз мысалға келтіріп отырған киімдерді дайындап, текемет басып, киізден түрлі кәдесый жасап шығарады. Бір жылдары Моңғолия еліне барып, жүнді қалай кәдеге асыру керектігін, одан қандай бұйымдар жасауға болатынын да толық зерттеген. Енді, міне, өзінің бар білгенін қызылордалық қыз-келіншектерге үйретіп жүр. Көне өнердің жаңа тынысын ашуды мақсат ететін шебер жуырда «Экспо – 2017» халықаралық көрмесінде де ұлттық дәстүрді дәріптеді. Табиғи шикізаттан дайындаған дүниелерімен шетелдіктерді тамсандырды, өнімдерінің ерекшелігімен таңырқатты. Оның айтуынша, көрмеде саяхатшыларға киіздің киесін түсіндіріп жатудың қажеті болмаған. Себебі, олар табиғи өнімді қуана-қуана сатып алған көрінеді. Емдік қасиетін де тілге тиек етсе керек.
– Жүннен жасалатын өнімдер экологиялық таза әрі табиғи. Ең бастысы, мұнда ешқандай тігіс қолданылмайды. Екі қолға бір іс таппай үйде отырған нәзік жандылардың енді қолөнер бұйымдарын жасап, нарыққа шығаруына мол мүмкіндік бар. Бірақ біз қолда барды пайдалана алмай отырмыз. Елімізге жүн өңдеу жөніндегі кластер құру қажет. Бізде мал шаруашылығы болғанымен, оның жүні мен терісін өңдеу жолға қойылмаған. Жүн мен тоқыма жіптерін өңдейтін зауыттар мен фабрикалар көптеп ашылса дейміз. Салада атқарылатын жұмыс көп. Бүгінде мұндай заттарға сұраныс жоғары, әсіресе шетелдіктер ерекше қызығушылық танытып жатыр. Шілде айында біз мамандандырылған көрмеге ұлттық нақыштағы бұйымдарымызды қойдық. Тұтынушылар көңілінен шықты, сұраныс бары байқалды. Бүгін де 10- 20 тамыз аралығында көрме шеңберіндегі Қызылорда облысының мәдениет күндері өтетінін естіп қуанып отырмын. Өйткені мұнда әріптестер өз тауарын сатылымға шығарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнердің дамуына үлес қоса алады, – дейді ол.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз қазіргі кезде Жамбыл өңірінен алынған, тазаланып, түтілген жүнді қолданатынын, 7 жылға жуық уақытта осы өнерді өзгелерге үйретуді мақсат тұтқанын алға тартты. Бірақ шыдам мен креативті ойлауды талап ететін кәсіптің бұл саласына көбі шыдай алмай, жарты жолдан қалдырып кеткен екен. Осыған қарамастан, демеушілер табылып, арнайы тренингтердің ұйымдастырылуы тоқтамапты. Ал Айдана Әлайдарова халқымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтап, көмескіленіп бара жатқан ұлттық өнерді қайта жаңғырту жолында әлі де аянып қалмайды.

Мөлдір СНАДИН.
ТАНЫМ 08 тамыз 2017 г. 37 0