Ағылшындардың полосы қазақтардың шөген ойыны болып шықты

Ғасырлар бойы өзіндік құнын жоғалтпаған қазақтың ұлттық ойындарында ойнаушының жас ерекшеліктері ескерілген, соған орай бөлінген. Кейбір ойындар баланың сана-сезімін дамытуға бағытталса, енді бірі әскери дайындық түрінде өткен. Мәселен, "бәйге", "көкпар", "асық ойыны", "теңге алу", "хан талапай", "садақ тарту", "тоғызқұмалақ", "соқыр теке", "ақ серек, көк серек", "сиқырлы қоржын" тағы да басқа ойындар балалардың физикалық дене-бітімінің дұрыс жетіліп, дамуына әсерін тигізеді. Еңбекке қарым-қатынасын артырып қана қоймай, зеректікке, білгірлікке, батылдыққа, тапқырлыққа тәрбиелей отырып, ақыл-ойының дамуына да септігін тигізеді. Сондықтан ұлттық ойынды дәріптеушілер аталған ойын түрлерін жаңғыртып келеді.
Бүгінде осы ойындардың ішінде жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресіне ерекше көңіл бөлініп, дамып келе жатыр. Енді бұл ойындар қатарын шөген яғни, поло ойыны толықтырып отыр.
Шөген ойыны көшпелі халықтан шыққан. Яғни, шөген – (шоған, човган) ерте заманнан бар ұлттық ойын. Бабаларымыздың шөген ойынын ойнағаны туралы деректер Жүсіп Баласағұнның "Құдатғу білік", Махмұд Қашқаридің "Диуани лұғат ат-түрік" атты түркі жазба ескерткіштерінде айтылған.
Десек те, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары осы ойын туралы танымал ғалым, этнограф, лингвист, филолог Асқар Егеубаев айта бастаған. Ол аталған екі еңбекті транскрипциялап, қазақ тіліне аударған кезде шөген ойыны туралы жазылғанын оқыған.
Шөген ойынын Ұлы қытай қорғаны мен Каспий теңізі аралығын мекендеген көшпелі халықтардың ойнағаны туралы тарихи деректер бар. Тіпті, қытай халқы да бірнеше жылдарға кейін шегіне отырып, шөгеннің шығу тарихын өздерінен бастау алғанын дәлеледегісі келген.
Шөген негізінен әскери ойынға жатады. Оның тарихын зерделеп, зерттеген этнограф Халиолла Ахметжан былай дейді:
– XIVғ. Фирдаусидің "Шахнаме" шығармасы негізінде жасалынған миниатюралар шөген ойынының Орталық Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көшпелі халықтан шыққанына дәлел бола алады. Иран Ханзадасы Сиявуш Тұран патшасы Афрасиабқа қонаққа келген уақытта тұран бекзадаларымен шөген ойнаған. Негізі шөген – көкпар, аударыспақ тәрізді әскери ойын болған. Жаугершілік заманда соғыста басты олжа ат болып саналады. Ойын тәртібі бойынша, атты жараламау маңызды. Негізінен ақсүйектер мен бекзадалар ойыны деп саналған шөген атты қолға үйреткеннен кейін көшпелі халық арасында пайда болғаны анық.
Бүгінде бұл ойынды ағылшындар полоға айналдырып әлемде бәсекеге түсіп жүр.
Тарихи бастауын Орта Азиядан алғанмен, шөгеннің Еуропаға, одан бүкіл әлемге таралуына орта ғасырлардағы саяси қақтығыстар, сауда-саттық негіз болған. Тарихи деректер бойынша, Шыңғыс ханның ұрпақтары Мәуеренахрды, Бабыр Үндістанды жаулап алғанда осы ойынды алып барған екен. Тарихшылар ХІХ ғасырда үнді жерін отарлаған ағылшындардың осы спорт түріне қызығып, Еуропаға алып барғандығы жайлы дерек келтіреді. Үнді тілінде бұл ойынды «пулу» деп атаған. 1862 жылы ағылшындардың қызығуымен Еуропаға жетіп, «атты хоккей» деген атаумен Батыс елдеріне жаппай тарала бастайды. Кейін поло деген атауға ие болған.
Алдымен тарихына зер салған шөген ойынын ұйымдастырушылар, қазақтың ұлттық ойыны екені дәлелденген соң, оны дамытуды қолға алған. Осы мақсатта 2012 жылы елімізде Шөген федерациясы құрылған. Қазір балалар арасында шөген ойынын дамыту мақсатында Шөген академиясы жұмыс істеуде. Онда 60-қа жуық бала шөген ойынын тегін үйреніп жатыр.
2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан шөген федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Халықаралық поло федерациясының Бас Ассамблеясында мүшелікке қабылданды. Қазіргі уақытта Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында өңірлік федерациялар ашылып, шөген клубтары жұмыс істеп жатыр. Енді Қызылорда облысында ашылу көзделуде.
Дереккөз: Ғаламтор бетінен.
ТАНЫМ 08 тамыз 2017 г. 41 0