ТАЗЫНЫ ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?

Аталарымыз адам серігіне айналған тазыны басты байлықтың біріне балаған. Қазір бұл ит тұқымын көре алмай пұшайман күйге түсіп жүрген жайымыз бар. Ілгеріде басқаша болғанын бәріміз білеміз. Әрбір қазақтың шаңырағында кем дегенде бір-екі тазыдан болар еді. Қазір оны ауыл түгілі, аудан-қаладан таба алмайтын жағдайға түстік. Елімізде олардың саны мыңға да жетпейді екен. Осыдан-ақ тазының жағдайын түсіне беріңіз.
Кезінде Сыр өңірінде қазақы ит тұқымдары көп болатын. Өкініштісі, бүгінгі таңда соның бәрі арманға айналды. Қазір жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген ит көп. Алайда, қазақтың жанына жақын тазы мен төбеттің орны бөлек.
Кинология деген ұғым бар. Грек тілінен тәржімалағанда kynos – ит, logos – ілім дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, кинология ит өсіру туралы ғылым саналады. Ол ит анатомиясы мен физиологиясын, үй иті тұқымының шығу тегі мен эволюциясын, оларды өсіру, қолға үйрету, қоректендіру, шаруашылыққа пайдалану мәселелерін зерттейді. Оған жай дүние есебінде қарап келеміз. Иттерді зерттеуге көңіл бөліне бермейді. Баяғы жайбасарлық әдетімізбен жүрміз. Күндердің күнінде әлем жұртшылығы алдында тазының қазақтың жансерігіне айналғанын дәлелдей алмай қалуымыз да әбден мүмкін.
Айтса айтқандай, біз бүгінгі күні көптеген ұлттық құндылықтардан ажырап қалып отырмыз. Ол жайында баспасөз беттерінде аз айтылған жоқ. Қымыз бен көкпар мәселесі біздің еңсемізді түсіргені жасырын емес. Енді олардың қатарына тазы мен төбет қосылса, бас шайқап, бармақ тістегеннің көкесі сонда болар еді. Әзірге біздің бұл байлығымызға көз аларта қойған ешкім жоқ. Дегенмен, сондай сыбысты құлағымыз шалып қалғаны жасырын емес. Тегіміз бір түріктер дүниежүзілік кинология орталығына біздің тазыға ұқсайтын иттің түрін тіркетуге күш салып жүргені оқта-текте айтылып қалып жүр. Егер дәл осы жағдай орын алған жағдайда бізге тазыны қазақы тұқым екенін дәлелдеу қиынға соғатын түрі бар. Өкінішке қарай, сол хабарды естігенмен, біз бәз-баяғы қалпымызбен жайбарақат жүріп жатырмыз. Біз де жеті қазынаның бірі саналған тазыны әлемге танытамыз десек, сол бағытта жүйелі жұмыс жүргізгеніміз артық емес.
Қорқыт ата атындағы университеттің оқытушысы Оразхан Айдаров қазір қазақ тазысының құмай деген түрі жоғалып кету қаупінде тұрғанын айтады. «Айдың күні аманда оны құртып алсақ, келешек ұрпаққа не дейміз? Бізді осы жағы ойландырып отыр. Рас, дүниежүзілік кинологиялық орталыққа тазы қазаққа тән тұқым түрінде тіркеле қоймаған. Түріктер соған ұқсайтын ит тұқымын тіркетіп қойса, бізге қиын тиетін түрі бар. Ел арасында төбет пен тазы тұқымын сақтап қалуға көңіл бөліп жүрген адамдар баршылық. Алайда, оларға ешқандай қолдау жасалып жатқан жоқ. Соның салдарынан жылдан жылға қазақы ит тұқымдары құрып бара жатыр. Қолдағы деректерге сүйенсек, осыдан жарты ғасырдай бұрын елімізде саны 10 мыңға жуықтайтын тазы болған екен. Қазіргі күні олардың саны 300-ге әрең жетеді. Жалпы, қазақтың саятшылық өнерінде тазымен аңға шығудың маңызы ерекше деп айта аламын. Бұл – қазаққа ғана тән тұқым. Одан ажырап қалмауымыз тиіс. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізгеніміз артықтық етпейді. Оған немқұрайды қарамайық дегім келеді» - дейді ол.
Әлемдік кинология орталығына тіркелу үшін иттің тегі сараланады. Оның қаны ғылыми тұрғыда сараптаудан өткізіледі. Сондай-ақ, олардың саны кем дегенде еркегі мен ұрғашысын қосқанда 1000-ға жетуі қажет. Өкінішке қарай, қазір біздің қолымызда оның үштен бір бөлігі ғана бар. Аңшылыққа құмар қазақ тазысының орнына тегі белгісіз басқа ит тұқымдарын ертіп шығатын болды. Дәл осындай көрініс қазақы аймақ – Сыр өңіріне де тән құбылысқа айналды. Ал табиғи тазы біздің жіті көңіл бөлуімізді күтіп тұр.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ТАНЫМ 10 тамыз 2017 г. 27 0