ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ

Тарих деген тамаша тәмсіл, өнегесі өшпейтін өмір белгісі. Дайрабай ағаны еске алғанда осындай ой, тағылымды пікір ұялайды. Өмір жолын, елге сіңірген еңбегін ескергенде өлмейтін өнегені өзектей түседі.
Әкесі Дайрабай соғыстан броньмен қалып, МТС директоры  болады да, елдегі еңбекті еселеуге, ауыл шаруашылығы жұмыс¬тарын жедел дамыту жүктеледі. Осындай ауқымды шараны атқару үшін Дайрабайдың ұтымды ұйымдастырушылығы еске¬рілді. Майданда соғыс қызып жатқан және ауылдағы ахуал сын көтермейтін тұста халықты бірлікке шақырып, жұдырықтай жұмылуға ерекше атса¬лысқан да осы Дайрабай әке еді. Сол әке тәңірден ұл күтті. Бұған дейін екі ұлы шетінеп, көңілі алаң, күйі төмен болатын. Бірде ауылдың беткеұстар ақсақалы: – Шырағым, абыржыма, алдыңнан ақ күн атқалы тұр. Ел тұтқасын ұстайтын, елдің елеулі азаматы болатын  ұл сүйесің. Оның есімін Аққұбаш қой, – деп батасын берді. Шынында әйелі ай-күні жетіп, торсықтай ұл туды. Бұл 1943 жылдың 8 желтоқсаны еді.
Құбашы дүниеге келіп, қуанышы қойнына сыймаған ата-ана оның бола¬шағынан зор үміт күтті. Шаған ауылынан әкесі өз қолымен әкелген №3 Ворошилов мектебінде жетінші сы¬ныпты тәмамдап, Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Арманшыл жастың білімге деген ұмтылысы әке ¬аманатына орындаудың басты баспалдағы еді. Осы¬лай техник-механик мамандығын алып, теміржол саласының локомотив ¬депосына жұмысқа орналасты. Алғашқы жалақысын әкесінің қолына салып, перзенттік парыздың жарқын үлгісін көрсетті. Бұған марқайып, әкесі Дайрабай батасын берді. Араға уақыт салып, ол қайтпас сапарға аттанды. Ендігі  әулеттің салмағы  Құбаштың мойнына түсті. Мұндай жауапкершілікті, қоғам алдындағы қызметті қатар алып жүруге тиісті болатын. Сол үшін де өндірістен қол үзбей жоғары білім алуды көздеді. Сәті түсіп, Шымкентте Қазақ химия-технология институтына оқуға қабылданды. 1967 жылы институтты бітір¬ген кезінде жарты қала атанған целлюлоза-картон зауытында инженер болып қызметке келді. Жасынан жігерлі, еңбектен ерінбейтін, көпті ортақ мүддеге ұйыта білетін қасиеті аз уақыт ішінде-ақ көрінді. Оның үстіне біліктілігі тағы бар. Үлкен зауыттың үмітін жағатын, іскерлік пен тәжірибе қашанда қастерлі. Дегенмен, қатаң талап пен қырағы бақылау болмаса, өндірістің өркен жаюы неғайбыл.  Бәлкім, осы жағынан алды ма, Құбаш Дайрабайұлының қызметтік баспалдағы бір саты жоға¬рылады. Сөйтіп  цех бастығы лауазымына көтерілді.
Цех – зауыттың құрам¬дас бір бөлігі, өндіріс¬тің қайнаған қазаны. Жұмыс¬шылардың уақытылы іске кірісіп, еңбек өнімділігін ұдайы өсіріп отырмаса социалистік жарыстың сер¬пінінен қалыс қалып қояды. Міне, осы тұста Құбай Дайрабаев басқаратын цех үнемі үздіктер қатарында тұрды, күндік норманы бір жарым-екі пайыз артығымен орындап отырды. Соған сай жұмысшылар еңбекақыға қосымша сыйақы алды, әлеуметтік қолдауға ие болды.
Ал, зауыттың партком хатшысы кезінде басшылар ¬алдында партия мүшелерін барынша қолдап, жұмысшы мәртебесін көтермелеуге атсалысты. Сол кезде зауыт одаққа белгілі өндіріс ошағы саналды. Бұған Құбаш ағаның үлесі зор, еңбегі ерекше. Оның бір белгісі, ол облыстық және қалалық кеңеске депутат болып бірнеше рет сайланды.
Ел тәуелсіздік алған 1991 жылдан «Южнефтегаз», қазіргі «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ компаниясында басшы органдарда қызмет жасады. Сыр өңірінде кештеу қанат жайған мұнай өндірісінде майталман маман кәсіби тәжірибесін салды, табиғатқа залал келтірмеу жағына маңыз қойды. Метрология саласында өзінің біліктілік биігін байқатты, әріптестері арасында мықты абырой-бедел жинады. Текті тұлғаның тұғыры осылай көпке танылды. Тіл мен ділге, ұлт мерейі, азаматтар тағдыры үшін аянбай тірек бола білген күшті рух иесі 2009 жылы еңбек зейнетіне шықты. Ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалмады, оған «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген метролог» құрметті атағы берілді.
Құбаш Дайрабаевтың отбасының да қамқоры, тірегі болған еді. 1966 жылы Күлпаш апаға сүйіп қосылып, екі ұл, бір қыз сүйді. Перзенттеріне парасатты тәрбие беріп, елдің тұтқалы азаматтары етіп өсірді. Бүгінде ұрпақтарынан 8 немере, 2 шөбере сүйді.
Әрине, өмірді қамшының сабындай қысқа демей ме, ол кісі де өткен жылы өмірден өткен еді. Биыл  ұрпақтары жылдық ас бергелі отыр. «Жақсының аты өшпейді» деген бар, сол айтпақшы, оның өнегелі жолы ел жадынан өшкен емес.
Қ.ҚҰРБАН.
ТАНЫМ 18 қыркүйек 2017 г. 58 0