ТОРЫШТАҒЫ ТАСТАР

Адам баласының өмірі қызық. Кейде ең жақын араласқан досыңмен жылдар бойы хабарласпай кетесің. Тіпті, қанша жерден сағынсаң да, сол досыңа баратын уақыт таппайсың. Себеп: жұмыстан қолың босамайды, тіпті, күйбең тірліктің өзінен бас алмайтын кездер болады. Сондай күндердің бірінде студент шағымызда бірге оқыған Нұржан Нұрманов есімді жігіт хабарласты.  Бүгінде Ақтауда тұратын досым өзі тұратын қалаға қонаққа шақырды. Сол аймақтың киелі жерлеріне саяхаттауды теріс көрмейтінімді айтқанымда, «Бекет ата» мен «Торыш даласын» ұсынды.

«Бекет атаны» бұрыннан естіп, біліп жүрміз. Ал, «Торыш даласы» құлаққа бейтаныстау естілді. Содан не керек, ғаламторды ақтарып мәлімет іздей бастадым. Сөйтсем, бұл сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес керемет жер екен. Торыш жайлы жазылғандарды оқып, оның бүгінгі күнге дейін бағасын ала алмай жүрген аймақтың бірі екенін түсіндім. Ол киелі Маңғыстау жерінде орналасқан. Бұл аймақта неше түрлі домалақ тастар бар. Құдды бір қолмен жасап қойған секілді. Дегенмен, ондағы табиғат тамашаларын көргенде еріксіз елітеді екенсің. Бұл даладағы құпия сырын ғалымдар да тап басып айта алмай келеді. Адам бойындай алып тастар тұтас бір алқапты алып жатыр. Ғылымда мұндай дөңгелек пішіндес тастарды конкреция деп атаушылық бар. Ол – радиал-сәулелі құрылым. Көбіне конкрециялар болпылдақ шөгіндіден жиналып, шағыл құмдар және балшықтардан қыртысталады. Ғалымдардың айтуынша, осыдан 120-180 млн жылдай бұрын дәл осы далада тосын құбылыс орын алған болуы әбден мүмкін. Ол шамамен мезозой дәуіріне сәйкес келеді.

Жергілікті жұрт бұл тастарды аңыз-әңгімелермен байланыстырады. Есте жоқ ескі дәуірде Маңғыстау жеріне санынан адам жаңылатын жау келіпті. Олардың көптігі сонша, тіпті, ана шеті мен мына шетіне адамның көзі жетпейді екен. Жер қайысқан қолға жергілікті жұртта қарсы тұрарлық қауқар болмайды. Олар Жаратқанға жалбарынып, дұшпаннан құтқаруды сұрайды. Бір ғажабы, осы кезде адам сенгісіз оқиға орын алған. Күн күркіреп, найзағай ойнайды. Нөсерлеп жауын жауады. Бүгінде Торыш жерінде жатқан домалақ пішіндес тастар сол кезде пайда болыпты. Жаудың әрбір адамы тасқа айналған. Шар тәрізді конкрециялар осылайша пайда болған көрінеді. Ел аузындағы аңыздар осыны меңзейді. 

Торышқа бармасам да, оның суретіне қарап тәнті болдым. Барып көретін жер екен деген ойға келдім. Қазақ даласында бұдан да басқа әлі қанша біз білмейтін киелі орындар бар. Олардың барлығы «Рухани жаңғыру» арқылы насихатталып, ел-жұртқа таныстырылса, нұр үстіне нұр болатын еді. Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын Қазақстан жері кеңдігімен де, киелілігімен де ерекше әрі қасиетті екенін ұмытпайық.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

ТАНЫМ 23 қыркүйек 2017 г. 419 0