ЕУРОПАҒА ӨНІМ ЖӨНЕЛТІП, РЕСЕЙГЕ ЗАУЫТ САЛДЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен теңіздің Солтүстік бөлігін сақтап қалу нәтижесінде, САРАТС-1 жобасына 85,8 миллион АҚШ доллары тұратын жобаның қаржысын Дүниежүзілік Банк пен Қазақстан Үкіметі бөлді. Сонымен, «Әйтек» пен «Ақлақ» су тоспасы салынып, «Көкарал» бөгеті іске қосылды. Ғасыр жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Өткен ғасырдың 1960 жылдары «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің құрамында 22 балық колхозы, Қызылорда, Қазалы, Ақтөбе, Ауан, Бөген, Ұзынқайыр, Ұялы, Арал балық зауыттары, Қуаңдария және Бөген балық аулау мемлекеттік базалары болып, бұл шаруашылықтарда 10 мыңнан астам адам жұмыс істеген.
Сол «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің заңды жалғасы іспетті әуелі «Атамекен» балық өнеркәсібі» ЖШС болып құрылып, қазіргі таңда «Арал балық өңдеу зауыты» болып өзгерген зауыттың құрылысы 2007 жылдың 26 шілдесінде басталып, 2009 жылдың қаңтар айында іске қосылды. Осыдан 10 жыл бұрын іргетасы қаланған ғимарат Оңтүстік Кореяның жобасымен салынған. Барлық өндірістік цехтары, тоңазытқыш камералары және де тұрмыстық бөлмелері еуростандартқа сай салынды. Аталған зауытқа балық Аманөткел, Қарашалаңнан келеді. Сырдария өзенінің жағасында орналасқан Қызылжар, Құмбазар, Қаратерең, Жаңақұрылыс, Райым, Бөген, Қарашалаң елді мекен  тұрғындарының тіршілігі осы балық шаруашылығымен байланысты.
Елбасының арқасында САРАТС жобасының бірінші кезеңінің жемісін көріп келеміз. Өлген теңіз қайта тірілді. Жоғалған 22 балықтың түрі қайта келді. Қазір Арал балық өңдеу зауыты жылына 6 мың тонна өнім шығарады. Олар Ресей, Грузия, Украина, Әзербайжан, Польша, Германия, Түркия мен Данияға экспортталуда. Ресейдің Дмитровоград қаласында балық зауытын салып, іске қостық.
Айтайын дегенім, «Бақыт» шаруа қожалығы он бес жылдан бері осы аймақта балықшылармен іскерлік байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Қазір балықтан ұн-жем жасаумен бірге, экспортқа сапалы балық өнімдерін шығарып отырмыз. Қаншама адам тұрақты жұмысқа тартылды. Қарамағымызда Бөген мен Тастүбекте 2 заманауи балық тоңазытқышымыз бар. Олардың әрқайсысы тәулігіне 15 тонна балық өнімдерін қатырады. Қарамағымыздағы 100-ге жуық қайықтың 35-і каюталы қайық.
Зауыт құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Теңіз тарландарының айдын төсінде де, зауытта да емін-еркін еңбек етулеріне барлық қолайлы жағдай жасалған.
Иә, сонымен, облыс бойынша теңіз бен көлдерден ауланатын балықтың 90 пайызы Арал ауданының үлесінде. Балық аулау, оны өңдеу көлемі жыл сайын артып келеді. Жүздеген, мыңдаған жұмыссыз жандар балық өңдеу, аулау жұмысымен қамтылған. Барлық балық түрлері өңделіп, өнімдеріміз нарықта тиімді бағада сатылуда.

А.ЕРХАТОВ,
«Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС
директоры.
ТАНЫМ 05 қазан 2017 г. 41 0