«БӘЙТЕРЕК» – БАЙҚОҢЫРДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Бүгінде аспан әлеміне алғаш жол салған «Байқоңыр» кешенін ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту шаралары қолға алынды. Бұл осыдан біршама уақыт бұрын «Байқоңырдың» болашағы бар ма?» деген күмәнді сұрақтарды сейілтті. Әлемге әйгілі айлақтан «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделілік танытуда. Еншілес екі мемлекет дамытуды жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап кетті.
Кешеннің көкжиегін кеңейтудегі басты шараның бірі – «Бәйтерек» жаңа зымыран айлағын салу. Одан бөлек Байқоңыр қаласын жан-жақты дамыту да жоспарға енгізілген. Бұл Қазақстанның ғарыш саласының тынысын ашады. Осыған орай биылғы маусым айында Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысы өтті. Бұл кездесуде аталған жұмыстарды тездетіп, зымыранды ұшыру мерзімін 2025 жылдан 2022 жылға ауыстыру мәселесі қаралды. Осылайша, екіжақты жобалар нәтижесінде айлақтың жаңа тынысы ашылады.
Жаңадан салынатын «Бәйтерек» кешенінің ұшырылу аймағын Қазақстан тарапы дайындамақ. Ал зымыранды құрастыру Ресей жағының еншісінде. Мұнан бөлек осы ауқымды жоба аясында Байқоңыр қаласын да жан-жақты дамыту көзделіп отыр.
Қос тараптың бірлескен бағдарламасында жұлдызды қаланың әлеуметтік мәселелерін шешу қарастырылған. Атап айтсақ, соңғы 10 шақты жылдың көлемінде мұнда бірде-бір тұрғын үй салынбаған. Келер жылы 5 көпқабатты үйдің құрылысын қолға алу көзделіп отыр. Сонымен қатар, тұрғындар қала іргесіне келіп тұрған газдың игілігін көре алмай отыр. Осыған орай, қаланы көгілдір отынға қосу биылдан басталады. Қазіргі таңда Байқоңыр қалалық әкімшілігі алғашқы кезектегі 6 нысанды әзірлеп қойған. Алдағы қараша айында газ беріледі. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы өз қамқорлығына алған 6 мектеп пен балабақша да табиғи отынның игілігін көреді.
Қала ішінде қарқын алатын жобаларда жол салу мен орталық алаңдарды жөндеу бірінші кезекке қойылып отыр. Бұл – тұрғындар сұранысы. Сондай-ақ, жұмыс көздерін ашу жолдары да қарастырылады.
Бүгінде экономиканы әртараптандыру – мемлекеттің басты бағытының бірі. Сондықтан жергілікті тұрғындарды тек ғарыштық салаға тәуелді ету тиімсіз. Оның үстіне қазір ғарыштық бағдарламалар да азайып келеді. Бұл – тек бізге қатысты ғана емес, әлемдік құбылыс. Сондықтан кешенді туризм бағытында өрістету де қолайлы болмақ. «Байқоңыр» – бренд. Жаһан халқының алғашқы зымыран ұшқан айлақпен танысқысы келетіні анық. Енді шетелдіктердің осы қызығушылығын орайын тауып, олжаға айналдыру да алдағы уақыттың еншісінде.

М.ҚҰРМАНӘЛІ.
ТАНЫМ 05 қазан 2017 г. 43 0