СЫРДЫҢ СЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Сырдария ауданы Ақжарма ауылында рухани мұрамыздың бірі – айтыс аламаны өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын негізге алған өнер додасын аудан әкімдігі мен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ұйымдастырды.
Аймақтық жас ақындарды жиған айтулы дода рухани-діни қайраткер Садық ахун Қодарұлының есімімен «Сырдың сырлы тұлғасы» деп аталды.
Айтыскерлерге жеребе тасталып, алғашқы жұп шымкенттік Дәурен Ысқақ пен сырдариялық Мұхаммеджан Мансұров сөз сайысына шықты. Қара сөзден шапан киген, оны кие тұтқан жас ақындардың айтысы көпшілік көңілінен шықты. Ал, екінші жұп қармақшылық Сырым Әділбеков пен қызылордалық Шыңғыс Құдайбергенов шаппа-шап айтыстың нақ үлгісін көрсетті. Өз кезегінде ақтөбелік Нартай Төлеуқұл мен Қызылорда қаласының атынан сынға түскен Төрехан Совет тақырыпқа тереңнен бойлап, орнықты ойларын, пайымды пікірлерін жыр жолдары арқылы жеткізе білді. Айтыстың төртінші жұбы шиелілік Бекжан Ержігіт пен тараздық Рай Дөңбай және бесінші жұп аралдық Бексұлтан Орынбасаров пен Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы жырға шөліркеген халыққа тамаша тарту жасады.
Айтыстың екінші айналымына сахна мәдениетін сақтап, өз ойын қарсыласына да, көрерменге де жеткізе білген төрт ақын жолдама алды. Ақтық бәсекеде Бексұлтан Орынбасаров пен Мұхаммеджан Мансұров айтысса, Рай Дөңбай мен Сырым Әділбеков жұп құрады. Өнер тартысына төрелік еткен Заметдин Ибадуллаев бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (150 мың теңге) Тараз қаласының тумасы Рай Дөңбай иеленді. Жүлделі І-орын (100 мың) қармақшылық Сырым Әділбековке, ІІ-орын (80 мың) Аралдан Бексұлтан Орынбасаровқа және ІІІ-орындарды Мұхаммеджан Мансұров (Сырдария ауданы) пен Нартай Тілеуқұл (Ақтөбе қаласы) өзара бөлісті. Ал, Садық ахун Қодарұлы атындағы арнайы жүлде және 60 мың теңгелік қаржылай сыйақы Шымкент қаласынан келген ақын Дәурен Ысқаққа бұйырды. Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына  ие болды.
Айтыстан соң Садық ахун Қодарұлының рухына арналып ас беріліп, Құран бағышталды.
Ой сананы кемелдендіретін жыр додасы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ТАНЫМ 26 желтоксан 2017 г. 71 0