КІШІ МҰЗДАНУ АҚИҚАТ ПА, АҢЫЗ БА?

Табиғат заңдылықтарының өзгеру ырғақтылығын осы уақытқа дейін дөп басып айтып берген ғылым жоқ. Өйткені, біз табиғатпен етене араласқан сайын, оның ашылмаған сырына тап болып отырамыз. Әлемде бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
Ғалымдардың соңғы кездегі зерттеулері бойынша, Жер планетасы тұрғындары кезекті кіші мұз дәуірін күтуде. Кіші мұз дәуірі мен мұз дәуірінің арасында үлкен айырмашылық бар. Кіші мұз дәуірі Күн белсенділігінің төмендеуіне байланысты туындайтын құбылыс.
Ғалымдар мұздану дәуірінің басталатын уақыты 2014 жылдың қысы деп болжаған болатын.
Кіші мұздану дәуірі мұз дәуірі тәрізді онша қорқынышты емес. Бірақ, соған қарамастан, ол әлемдік климат және экономикаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, суыну кезеңі әрбір елде, әсіресе, солтүстік жарты шарда, полярлық территорияларда жылу энергиясының қажеттілігін тудырады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының кейбір салалары, егіншілік жүргізетін жерлер де оңтүстік аймақтарға ығысады. Адамзаттың табиғатқа сөзі өтпейді. Біздің қолымыздан келетін нәрсе, табиғаттың тосын қылығына алдын ала қамданып, дайындалу ғана.
Еске ала кететін бір жайт, осыдан бұрын да Жер бетінде бақыланған кіші мұздану Марс, Меркурий және Шолпан планеталарында да байқалған. Бұдан шығатын қорытынды, Күн жүйесіндегі планеталардың бәрінде Күн белсенділігінің төмендеуі бірдей және бір уақытта әсер еткен. Ал, ғаламдық жылыну жайында болған шу негізсіз. 90-шы жылдардан бері Күннің белсенділігі сатылы түрде төмендеп келе жатыр, – дейді ресейлік астрофизик Хабибулла Абдусаматов.
Дәл қазіргі уақытқа Күннің 24-ші 11-жылдық циклі сәйкес келіп тұр. 24-цикл 2008 жылдан бері басталуы керек еді. Бірақ бұл цикл бірнеше жылға кешігіп, Күннің полюстерінің өзгерісі 2009 жылы басталды. Күннің солтүстік полюсінің өзгеруі дәл қазіргі уақытта жүріп жатыр, ал, оңтүстік полюстің өзгеруі тек 2013 жылдан басталды. Еске сала кететін жайт, 24-ші цикл – тарихтағы бақыланған циклдардың ішіндегі ең әлсізі. Егер де 24-ші цикл болжанған уақытта аяқталмаса, Жер планетасын кезектегі жаңа, бірақ ұзақ кіші мұздану дәуірін күтіп тұр.
Кіші мұздану дәуірі дегеніміз не, не себепті болады және сипаты қандай?
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, осы 100 жылдықтың 10-жылдарынан бастап Жер планетасы ғаламдық кіші мұздану дәуірін басынан өткізеді. Кіші мұздану дәуірі дегеніміз – жер бетінде әрбір 250-350 жыл сайын қайталанып тұратын ғаламдық суыну периоды. Бұл дәуірдің басқа дәуірлерге қарағанда басты ерекшелігі: жылы ауа райының көп болмауы, қыс мезгілінің ерте түсуі және қатты суық болуы, жаз мезгілінің әдеттегіден суық болуы, нөсерлі жауындар мен ызғарлы күзге байланысты.
Кіші мұз дәуірі Күн белсенділігінің азаюына байланысты және әрбір 250 немесе 350 жыл сайын қайталанып отырады. Бұл дәуір кезінде жер бетінің орташа температурасы 1 немесе 1,5 градус 0-ден төмен болады. Күн белсенділігінің азаюы, альбедо күшіндегі өзгерістер, булану, басқа да парниктік газдардың концентрациясының азаюы кіші мұздану дәуіріне әкеліп соғады. Бірақ, жоғарыдағы айтылған себептер әсерінен суыну процесі бірден басталмайды. Себебі, әлемдік мұхиттың инерциясының әсері процестің басталуына өзінің кері әсерін береді. Яғни, әлемдік мұхит Күннен келген энергияны өзара қалыпқа түсіріп отырады.
Кіші мұз дәуірі не себепті болады? Кіші мұз дәуірінің басталуына себеп өте көп. Бірақ, солардың ішіндегі ең негізгілері: Күн белсенділігінің азаюы, Гольфстрим ағысының баяулауы және Батыс желдер ағысының күшеюі, ультракүлгін сәулеленудегі ауытқушылықтың артуы, жанартаулар белсенділігінің артуы себеп болады.
Кіші мұз дәуірі әлемдік экономикаға айтарлықтай зардабын тигізуі мүмкін. Мысалға айтатын болсақ, көлік қатынасы орнаған ірі өзен-теңіздердің қатуына байланысты мемлекеттер арасындағы сауда-саттық тоқтауы мүмкін. Сол секілді қыстың ерте түсуіне байланысты ауыл шаруашылығы шығынға ұшырауы ықтимал. Қыстың ызғарлы болуына және қардың көп түсуіне байланысты шет ауыл-аудандарға астықтың жеткілікті түрде жеткізілмеуі, соның нәтижесінде тапшылықтың туындауы пайда болады.
Өткен 2017 жылға қараған қыста Еуропаның көптеген елінде, Америка құрылығындағы қыстың қатаң, қардың мол түсуі, Еуропадағы ірі өзендердің қатуы осының дәлелі.
Адамзат тарихында кіші мұздану дәуірі ең соңғы рет XVI-XVII ғасырларда байқалған. Әсіресе, Еуропа нағыз экологиялық және экономикалық ауыртпалықты өткерген.
Көне жазбадағы деректер бойынша, нөсер жауындар мен ызғарлы қыс егіннің жиналып үлгермеуіне, Англия және Шотландиядағы өте ірі жеміс бақшаларының үсіп қалуына, Шотландия және Солтүстік Германиядағы жүзім және шарап шаруашылығының тоқтауына, қар өте аз мөлшерде түсетін Италияның 20-30 сантиметрлік қар астында қалуына себеп болған.
1560 жылдардан бастап Күн белсенділігі күрт төмендеп кеткен. Соның нәтижесінде өзендерге мұз қатып, кеме қатынасы тоқтаған. Кейбір деректерге қарағанда, өзендер қыркүйек-қазан айларынан бастап қата бастаған.
1756 жылдың қысы өте суық, ызғарлы болғаны соншалық, Ресейдің Мәскеу қаласында 2000-ға жуық адам және мыңдаған жылқы суықтан үсіп, қырылған. Ал, 1808-1809 жылдары басталған орыс-швед соғысында орыс әскері Балтық теңізін мұз үстінде жүріп өткен.
1771 жылы Сібірге келген швед саяхатшысы И.Фальк өз естелігінде былай деп жазған: «....климат өте қатал, қыс қатыгез әрі ұзақ....тамыз айынан бастап жаңбырлы күз басталады. Қазан-қараша айларынан бастап сәуір айларына дейін созылатын ызғарлы қыс түседі».
Кіші мұздану дәуірі Қазақстанда және Орта Азияда қандай сипатта жүріп жатыр. Ресейлік астрофизик Хабибулла Абдусаматовтың айтуына қарағанда, ғаламдық жылыну дәуірі аяқталды. 2014 жылдың қысынан бастап жер температурасы күрт төмендейді. Оның негізгі себебі: Күн белсенділігінің 90-шы жылдардан бастап күрт төмендеуі. Кіші мұздану дәуірі қазіргі кезде Жер планетасының барлық континенттерінде орын алуда. 2014 жылдың қысында 0-ден төмен 30 градус аяздан соң, 50 метр биіктіктен құлайтын,
Солтүстік Америкадағы, АҚШ және Канада мемлекеттерінің шекарасында орналасқан Ниагара сарқырамасы санаулы сағаттың ішінде мұз сүңгілеріне айналды. Еуропада нөсерлі жауындар мен қатыгез қыстың болуы. Оңтүстік-Шығыс Азияда, әсіресе, Жапонияда 2012 жылы бір мезгілде бірнеше тайфун орын алды. Эль-Ниньо осцилляциясы 5 жылдың ішінде 3 рет қайталанды. Қазақстанда 2012, 2013-2014 жылдар аралығындағы қыста кіші мұздану белгісі білінді. Мысалға, Қызылорда облысында ауа температурасының төмендегені соншалық, жер қыртысының бетіндегі тоң қабатының қалыңдығы 120 сантиметрге дейін жеткен.
Ал, 2013-2014 жылдары Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыстың ерте түсуіне байланысты, астықтың түгелдей жиналып үлгерілмеуі көрініс берді.

Оразхан АЙДАРОВ,
география ғылымдарының кандидаты.
ТАНЫМ 06 қаңтар 2018 г. 39 0