Біздің ауылды көрмеген кім бар?

Бүгінде Нағи Ильясов ауылының тұрғындары өнер адамдары, Қазақстанның эстрада жұлдыздарына қатысты осылай әңгіме айтатын болған. Неге десеңіз, осы күні ауылға өнер жолында жүрген әншілер, әзіл-сықақшылардың біразы келіп, ауыл жұртын қуантқан.
Олардың ауыл сахнасында өнер көрсетуіне жыл қорытындысында немесе мереке күндері шаруашылық демеушілік көрсетіп, халықтың мәдени өміріне де өз үлестерін қосып келеді. Рухани жаңғыруда айтылған ұлттық мәдениеттің өркендеуі де осындай қамқорлықтың нәтижесі болса керек.
– 2003 жылы А.Ералиев «Сыр дәні» шаруашылығын құрып, егін егумен айналысты. Сол жылы диқандар жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ең алғаш рет «Шаншар» әзіл-сықақ театры ауылымызға келген болатын. Одан кейінгі жылы «Жігіттер» квартеті концерттік бағдарламаларын ұсынды. Содан бастап жыл сайын гүлденген ауылға әртістер келіп, өнерімен ел-жұртты тәнті етеді, - деді ауыл ақсақалы Н.Қуандықов.
Ал шаруашылық төрағасы Д.Ералиев: «Қазір ауыл тұрғындары «Біздің ауылға өнер адамдарынан кім келген жоқ?» деп таңдап отыратын болған. Мұның өзі ел жағдайының жақсы екенін білдіреді. Елді мекенге өнер адамдарын халық мәдениетінің дамуына және жыл бойғы жұмыста еңбек еткен жандардың құрметіне арнайы шақырамыз» дейді. Биылғы табыс­ты жылы да ауыл тұрғындарына Қазақстанның эстрада жұлдыздары Роза Әлқожа, Нұржан Қалжан және «Күлкістан» әзіл-сықақ театры келіп, өнер көрсеткен. Ал өткен жылы Роза Рымбаева, Тұрсынбек Қабатов, 2013 жылы Төреғали Төрәлі, Қыдырәлі мен Қарақат, сондай-ақ оның алдында Жұбаныш Жексенұлы, Жанболат пен Жазира, Лена Әбдіқалықова және тағы басқа да әншілер ауылға арнайы шақыртумен келіп, концерттік кештерін өткізген. 
Көптеген меймандар ерекше дамыған ауылды көруге асық. Күнделікті қонақ арылмайтын елді мекенге еліміздің айтулы азаматтар, лауазымды тұлғалар мен меценаттар келіп жатады. Олар да ауылдың өркендеуіне қолдан келген көмектерін жасауда. Мәселен, алматылық меценат Бауыржан Оспанов биылғы жылы батырлар ауы­лына келіп, өз таңданысын білдірген. Және де өз атынан ауылдық мәдениет үйіне кинотеатр құрғызып, сый жасаған. Қазіргі таңда ауыл халқы игілігін көруде. 
Осылайша, туған жердің перзенттері ауылдың гүлденуіне атсалысып, нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетуде. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» дегеннің айғағы, нақты көрінісі деп білеміз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
Сырдария ауданы.
ТАНЫМ 09 қаңтар 2018 г. 115 0