АБЫЛАЙ ХАН

ТАНЫМ | 05 октябрь 2013 ж. - 10:23 | Көрудің саны: 2 847
АБЫЛАЙ ХАНXVІІІ ғасыр қазақ елі тарихында қасіретті де ерлікке толы кезеңдердің бірінен саналады. Оның басты себебі, сол кезде қазақ даласы Жоңғар басқыншыларының аяусыз шапқыншылығына, Қоқан, Парсы, одан кейін Қытай феодалдарының шабуылына қатты ұшырады. Қазақ хандығы ол кезде Жетісу өлкесінен айрылып, орасан зор әлеуметтік-экономикалық күйзелістерді бастан кешірді. Сол себептен де жоңғарлардың 1723 жыл мен 1725 жылдардың арасындағы шапқыншылығы қазақ халқы өмірінде «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталуы кездейсоқ емес еді. Сонымен бірге бұл кезең қазақ тарихында өзінің үлкен ерліктерімен белгілі болды. Ш.Уәлихановтың сөзімен айтсақ, ол дәуір жанқиярлық ерлік пен арманшыл романтизмге толы.
Қазақ еліне қанды қолын салған Жоңғар шапқыншылығына қарсы бүкілхалықтық қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі болған Абылай, оның тарихта алған рөлі жайында көп айтылып жүр. Ш.Уәлиханов өзінің «Абылай» атты мақаласында: «В предании киргизов Абылай носит какой-то поэтический ореал, век Аблая у них является веком киргизского рыцарства» – деп жазған екен.
Қазақ халқын талай хандар билеген. Бірақ Абылай хан болған дәуірде Шыңғыс әулетінен тараған ханзадалардың құны құлдыраған кез еді. Ел басына күн туған кезде қазақ елінің ханзадалары тақта емес, ұрыс алаңында сынға түсті. Халықтың ары мен намысын қорғар ер, күрес стратегиясын болжар көреген, тұрмыс қарекетін, көңіл күйін, айтпай білетін қажырлы қайраткер ғана сүргелең де дүрбелең, от жалынды, дабылды да дауылды кезеңнің сынынан өте алды. «Құлаш бойым құласа да, тіккен туым құламасын!» деп ту көтерген ұлы Шыңғыстың ата дәстүрінің шын мәніндегі мұрагерлері азайған шағы еді. Малды, дәулетті, феодалдар болса, жүз елу жылдан астам жаугершілік кезінде бір жұттық емес, бір шабудан қалмайтын. «Байтал түгіл бас қайғы» деген мәтел сол кезде шыққан-ды.
Бұқар жырау өзінің атақты жетінші толғауында айтқандай, «арғымақ жалсыз, ер малсыз» болатын. Ғұлама жырау өзінің он екінші толғауында:
«Алтыншы тілек тілеңіз:
Алты қанат ақ орда,
Ардақтаған аяулың,
Күнінде барып біреуге
Тегін олжа болмасқа» – деп тегін айтпаған-ды. Міне, осы сәтте
«Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп», –
қазақ еліне ойран салғанда:
«Қиядан қияу төгілсе,
Атының басын тартпаған,
Қисапсыз жау көрінсе,
Түршігіп беті қайтпаған» –
Бұқар баба айтқандай,
«Батыр шыққан даңқыңнан
Қазақ атты халқыңнан»
Міне, Абылай осы легион батырлардың батыры болып қана қоймай, оларға қолбасшы дәрежесіне көтерілді. Ол басқа атақты батырлардан қара қатарынан суырылып шықты. Ол кезеңде болашақ Абылайды барша қазақ қолы Сабалақ санатында таныған кезі еді.
«Қалтылдай жүріп күнелткен,
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің», – деп Бұқар жырау Абылай ханның алдына талай рет көсілдіре тегіннен-тегін бетіне салық қылмаған-ды.
Ендеше, Абылай түн Шыңғыс әулетінен бола тұра қарадан шығып, хан атанды. Қарадан шыққан әскери элита, елге билік айтқан шешендер мен көсемдер оның тірегіне айналды. 
Саяси аренаға жиырма жастан жаңадан ғана асқанда шығып, дүниеден қайтқанға дейін Абылай қатардағы мемлекет қызметкері ғана емес, жоғары мәртебелі адамдардың, одан қалды патшалардың аузынан түспеген ардагер тұлға. Қалай болса да олар Абылай басқарған қазақ халқының тәуелсіздігін мойындаған. Абылайдың пікірімен санасқан. Онымен саяси-экономикалық қатынастарға түскен. Абылай өлгеннен кейін де тәуелсіз хан болды деп есептеген. Мысалы Ш.Уәлихановты наградтау туралы өтінішке Россияның әскери министрі князь Долгоруков былай деген: «владитель» деген сөздің мағынасы, державный обладатель, верховный правитель, государь. Былайша айтқанда, тәуелсіз мемлекеттің басшысы. Дегенмен де Абылайға саяси мінездеме беру үшін, біріншіден, Абылай өжет, ер жүрек, ешнәрседен сескенбейтін, тайсалмайтын тұлға болған. Абылай айтқанынан қайтпаған, алдына қойған мақсатына жетпей тынбаған. Мұны дәлелдейтін көптеген тарихи деректер бар. Ол халықтың жадында да сақталған. Үмбетей жырау Абылайға:
«Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда.
Алғашқы бақыт тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда.
Қанжығаға бас байлап,
Жау қашты деп айқайлап,
Абылайлап шапқанда.
Сол ерлікпен хан болдың,
Барша әлемге даң болдың» – дейді.
Екі жыл жоңғар тұтқынында болған Абылай өжеттігімен, ақыл-ойының, парасатының нәтижесінде төніп тұрған ажалдан абыроймен босанып шыққан. 
Екінші, Абылай өткір ойлы терең білімді, шешен болғаны айтылады. Түркі халықтарының тілін айтпағанда, Абылай парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген. Жоңғарияда тұтқында болғанда Абылай монғол тілін жетік үйреніп, оқи да, жаза да білген. 1760 жылы патша шенеуніктерімен бір кездесуінде ел жағдайы туралы әңгіме болғанда Абылай былай дейді: «Әр халық өз түсінігі бойынша өмір сүретін, орыстар даналығымен, қалмақтар тапқырлығымен, ал біз қазақтар байлығымен». Осы сөздерді тыңдаған қазақтар бұл әділ сөз деп құптаған.
Үшінші, Абылай реалист саясатшы болған. Былайша айтқанда, қоғамдық өмірге, халықаралық жағдайларға шындық тұрғысынан қараған мемлекеттік қайраткер. Қоғам ішіндегі мәселелер болсын, мемлекет арасындағы қарым-қатынас болсын, Абылай оларға реалистік тұрғыдан қарап, шешу үшін күрескен. Деректерге қарағанда, Абылай мәселені Кеңеске салудың алдында мұқият зерттеп, соның дұрыс шешілуіне бар күшін салып отырған. Өз пікірін тұжырымдағанда ғана ханға, хан болмай тұрып, не басқаларға, сұлтандарға, билерге, батырларға жалтақтамаған. Өз ойын, пікірін дұрыс деп есептесе, соны дәлелдеп, жүзеге асыруға бар күшін салған.
Төртінші, көрегендікпен қатар Абылай сабырлы, шыдамды саясатшы болған. Алдына қойған мақсатына жету үшін ол қандай да болсын, қиыншылыққа, ауыртпалыққа төзіп, күте білген. Абылай сегіз қырлы, бір сырлы болған мемлекет басшысы. Бірақ, оның қателіктері болған шығар, қатыгездігі де болған шығар. Оның барлығына шындық тұрғысынан әділетті баға беру қажет. Біздің ойымызша Абылайдың айтылған қасиеттері азып-тозған, құлдырай бастаған қазақ мемлекетін қайтадан жаңғыртып, қазақтың сана-сезімін ұлттық деңгейге көтеруге себін тигізді. Абылайдың саяси қызметін екі кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезеңде Абылай сұлтан ретінде ел басқарды. Бұл кезең ұзақ уақытқа созылды. 1730 жылдан XVІІІ ғасырдың 70 жылына дейін, хан болып сайланғанға дейін.
Екінші кезең – хан болып сайланғаннан кейін, өмірінің аяғына дейінгі кезең.  
Бірінші кезеңнің басында-ақ Абылай қоғамдағы саяси өмірге белсене қатысып, көптеген үш жүздегі сұлтандардың алдына озып шығып, өзінің ерекше орнын алды. Сол кезден бастап Абылай алдына жан салдырмай, алды-артын мұқият ойлап, мемлекеттік мәселелерді шешетін кемеңгер саясатшы екенін жұртқа таныта білді. Белгілі ғалым Е.Бекмаханов Абылайды ханның көмекшісі деген болатын. Шынын айтсақ көп жағдайда Абылай ханның да қызметін атқарды. Әсіресе, шет елдермен қарым-қатынас жасасқанда, шет мемлекет басшылары нағыз хан Әбілмәмбеттің саясатын менсінбей, Абылаймен араласа бастаған. Россия патшасы Абылайды хандыққа көтеруді ұсынған. Қытай императоры да Абылайдың хан болуын қалаған. 1763 жылы Қытай императоры Абылайды хан деп ерекше грамота да жіберген. Бірақ Абылай мұндай ұсыныстарға қызықпаған. Оның себебі ежелден қалыптасқан тақ мұрагерлігін бұзудың қайыры болмайтынын жақсы білген. Абылайдың мақсаты қазақ мемлекетін нығайту, тәуелсіздігін күшейту болғандықтан ол осы мақсатқа жетуді көздеген.
Абылай қазақ сахарасының даналығын, күш-қайратын бойына сіңірді. Ұзақ зерттеулер нәтижесінде Шоқан былай деп көрсетеді: «Как бы ни было в 1739 году мы находим его самым сильным из владельцев Средней орды, и русское правительство по преймуществу сносится Аблаем...» 
Абылай, сөз жоқ, өз заманының озық ойлы азаматы болды. Өзінің қас дұшпаны, жоңғар билеушісі Галдан Цереннің: «Ол заманынан жүз жыл бұрын ерте туды, бүкіл әлемді билеу қолынан келеді» деуі тегіннен-тегін айтылмаған болар. Басқаша айтқанда, кісі есігіндегі құл Абылай бүкілхалықтық қайраткер болып танылғанда 28 жаста еді. Ал, ресми хан болып таққа отырған кезеңде ол іргелі мемлекет қалыптастырды. XVІІІ ғасырда евразиялық сахарада Петр І, Екатерина ІІ, Галдан Церен сияқты әлемге есімі әйгілі мемлекет қайраткерлері қатарына қазақ жұртынан тек қана Абылай ғана көтерілді.
XVІІІ ғасырда шығыста халықаралық саясаттың негізгі күші Ресей империясы еді. Петр І патша Индия мен Қытай, барша шығыс пен сауда жолдарын иемденуді армандады. Осы мақсатқа жету үшін Орта Азия мен Қазақстан еліне бойлап та, ендеп те ену керегін ол жақсы түсінді. Сонау қанішер Ермак топ бастап, одан қалды өзі ұйымдастырған Беркович-Черкасский И.Д.Бухгольц, И.М.Ликарев, т.б. басқарған әскери барлау экспедициялары орыс өкіметіне өте маңызды материалдар әкелді. Міне, осы сәтте «барша Азия елдері мен жерлерінің кілті мен қақпасы» қазақ елі екенін Петр І түйіндеді. Ғасырларға созылған дипломатиялық әскери, әкімшілдік-отарлау саясаты Петр І-дің мұрагерлеріне атадан балаға еншілегені, міне, осылай тиді.
Ұлы Бұқардың отыз бірінші толғауындағы:
«Күн батыстан бір дұшпан,
Ақыр да шығар сол тұстан.
Күн шығысқа қарайды,
Шашын ылғи тарайды» – деп түйіндеуі осыдан болатын.
Кешегі идеологияландырған догматты ойлау шырмауында болған кезде осы бір тарихи шындықты айтуға да батылдық жетпеді. 
XVІІІ ғасырдың орта шенінде Абылай шығыспен де, батыспен де сауда-саттық жүргізу ісіне назарын аударды. «1762-1764 жылдар арасында, – дейді қазақ тарихының Геродоты атанған А.Левшин, – қазақ даласында айырбас сауда орындары көбейді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда жүргізілетін болса, енді Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Мұның соңғысы Абылайдың орыс өкіметінен сұрауы бойынша ашылды». Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының батысынан басталып, Шыңғыс тауына бөктерлеп, Ертіс өзенінің сол жағын бойлай шығысқа-Қытайға қарай сауда жолы салынды. Халық оны «Абылай жолы» деп атады. Міне, осылай экономикалық байланыс арқылы саяси қарама-қайшылықтар тоңы жіби түсті. Осы тұста орыс шығыс саясатының жандайшабы Қазанның мырзасы А.И.Тевкелев Абылай ханды қазақ елінің «ең қу, ең ықпалды» билеушісі деп мойындады. Голдан Церен өлгеннен кейін қалмақтардың берекесі кете бастады.
А.И.Левшин өзінің «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде «Умный предприличивый султан Аблай не упустил воспользоваться ссорами владельцев зюнгарских и всячески содействовал продолжению их междоусобий, понимая совершенно сколь необходимо для его собетвенного спокойствия и для внешней безопасности всех орд казачвих раздробление и обессиление древних врагов их» – деп әділ бағалады.
Басқаша айтқанда, Абылай өз заманының тынысын да, ағысын да, барысын да терең түсінген қайраткер еді.
Шығыс тарихын зерттеуші ғұлама тарихшы В.Бартольд айтқандай Абылай хан «XVІІІ ғасырдағы хандардың ішіндегі ең құдіреттісі болды» деп түйіндейді. Абылай хан тарихтан өз орнын ала алмады. Себебі, Совет дәуірінде идеологияландырған тарих ғылымы хан тұқымынан шыққан құба қалмақтарға ұлт-азаттық күресті ұйымдастырған Абылайды тіпті батырлар санатынан шығарып тастады. Біздің отандық тарихнамаға Абылайдың Ресей мен Қытайдың ортасында өз алдына тәуелсіз саясат жүргізген қайраткерлігі ұнай қоймады, ол орыс-қазақ қарым-қатынасына көлеңке түсіретіндей көрінді. Орыс мемлекетіне бодан болған Әбілхайыр ұлттық батыр саналды да, ал тәуелсіз Абылай «екіжүзді» болып көрсетілді. 1944 жылы ВКП(б) Орталық комитеттің хатшылары Г.М.Маленков, А.С.Щербаков атына тарихшылар мәслихатын шақыруға байланысты арнайы хат түсірілді. Бұл документте Абылай хан туралы М.Әбдіхалықов, А.Панкратова редакциясымен шыққан Қазақ ССР тарихының концепциясы «Ленин және Сталин іліміне ревизия» деп танылды. «Бұл кітапта, – делінген документте, – орысқа көзбояу бодан бола тұра, Қытай императорына боданмын деп мойындаған Абылай дәріптеледі. Ол екі күшті мемлекеттің арасында қалып, дұрыс бағдарламалар алмады, екіжүзді және қайшылығы мол саясат жүргізді. Тарихшы М.Қозыбаев кезінде «Бұл саясат қазаққа кеселден басқа ештеңе әкелмеді» – деді. Сондықтан Г.Александров, П.Паспелов, П.Федосеев қол қойған бұл документте «Қазақ ССР» тарихы «идейное оружие буржуазным националистам в их борьбе против ленинско-сталинской политики укрепления дружбы народов Советского Союза» деп бағаланды. Осыдан көптеген жылдар бұрын болашақ көрнекті тарихшы, сол кітап авторларының бірі Е.Бекмахановтың да тағдыры шешіліп қойған еді. 70-80 жылдары империялық көзқарас бір сәт толастамады. Мысалы, зерттеуші В.С.Кузнецов «Амурсана» атты кітабында Абылайды қу, алаяқ, зұлым адамзат мәдениетінің надан қаскөйі ретінде суреттейді. Зерттеуші, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Р.Б.Сүлейменов өзінің бір еңбегінде В.Кузнецовты әділ сынға алды. 
Абылай туралы деректер жинаған Шоқан оның «пендешілігін В.Кузнецовтан бұрын жазған-ды». Абылайдай тарих кейіпкерін империялық індеттен ауырған Кузнецовқа ұнамады екен деп, қалайша алаяқ, зұлым, надан деп айтамыз. Керісінше, тарихқа зорлық жасап отырған В.Кузнецовтың өзі надандықтан құралақан болмаса керек.
Абылайдың ғылымдағы осы бір тағдырының астары империялық дәстүрде жатыр. Көреген қайраткердің ұлттық мүддені қорғағаны империялық салтқа жат, ал ол болса тек империя әміріне құлшынған тарихи кейіпкерлерді дәріптеді. Абылай сияқты дана саяси қайраткер ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, болашақты болжап өз халқын егемендікке жеткізген тарих каһармандары кешегі жеке басқа табыну, одан қалды әкімшіл-әміршіл система, мифке айналдырған идеология заманында тарих табалдырығында қалдырылды. Жаңа ойлану, толғану заманасы Абылайдай бабаны өз халқына қайтарды, тарих төрінен орын беріп, оның аруағын асқар шыңға көтерді. Қазақ халқы қанша жасаса, аруақты Абылай аты, оның даңқы сонша жасай бермек.
Өтеубай Қожақұлы,
тарих ғылымдарының докторы, 
профессор.




Сондай-ақ... оқыңыз:

ҚАЗАҚ КӨРКЕМӨНЕРІНІҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ

ҚАЗАҚ КӨРКЕМӨНЕРІНІҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ

Иманжүсіп Құтпанұлы – сөз жоқ, қазақ көркемөнерінің көрнекті тұлғасы. Өнерпаз...
ОТАНШЫЛ БОЛ, ЖАС ҰРПАҚ!

ОТАНШЫЛ БОЛ, ЖАС ҰРПАҚ!

Қазіргі кезде тәрбиенің жан-жақты, сан қырлы, әдіс-тәсілдерін жас ұрпақтың бойына...
АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

Кең-байтақ еліміздегі секілді Қарағанды облысында да мәдениет пен өнер ұйымдарының...
ҚҰТТЫҚТАУ

ҚҰТТЫҚТАУ

Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Сізді және Сіз...
АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

Сейсенбінің кешінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында...
XVІІ-XVІІІ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

XVІІ-XVІІІ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

XVІІ ғасырдың басында ішкі тартыстар нәтижесінде Қазақ хандығы әлсіреді. Тәуекелдің...
Пікір: