ҚАЗАҚ КӨРКЕМӨНЕРІНІҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ

ТАНЫМ | 05 октябрь 2013 ж. - 10:49 | Көрудің саны: 1 387
Иманжүсіп Құтпанұлы – сөз жоқ, қазақ көркемөнерінің көрнекті тұлғасы. Өнерпаз тұлғасының қыр-сырын толық тану мен таныту үшін, біздіңше, оның ақындығы, сазгерлігі, әншілігі деген мәселелер жеке дара алынып та, тұтастай да зерттеліп, зерделене беру керек. Бұл орайда Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Муса, Иманжүсіп секілді әнші-ақындар, сал-серілер шығармашылығының халық әндерінен тамыр тартатынына назар аудармасақ болмайды. Ал, халық әндеріміздің бүкіл көркемөнеріміздің негізі болатыны, оның әнші-ақындар шығармашылығымен бірге ұлы Абайдан басталатын кәсіби жазба әдебиетіміз бен өнеріміздің қалыптасуына қосылған қомақты үлес, ағысты арна екені дау тудырмайды. Қазіргі қазақ әдебиеті мен өнері үшін нәр болған, құнарлы топырақ – халық әндерін әдебиеттану, өнертану сынды ғылым салалары әлі де болса зерттей түсу қажет. Халық әндері тек қазақ халқының емес, әлемдегі барлық халықтардың бүгінгі өнерінің бастау бұлағы болған. Халық әндері туралы айтылған ұлы ойшылдар пікірлеріне назар аударып көрсек, Лев Толстой ән-өлеңнің сөзіне, мәтініне ерекше мән берген, өлеңнің әні мен әуенін сөздің ырғақпен айтылуы үшін ғана қажет деп, оларды өлең сөзінен кейін қояды. Ал В.Белинский «Тіпті музыкадан айыруға болмайтын мынадай лирикалық шығармалар бар. Мысалы, орыстың халық әндерінің дені халық зердесінде маңыздылығымен сақталып келе жатқан жоқ, бірақ оларды сақтап келе жатқан құрастырудан пайда болған үндердің музыкалылығы, өлеңдердің ырғағы, әнге салып айтқандағы сарыны, әйтпесе қарапайым адамдарша айтқанда, оның даусы», – деп халық әндерінің болмыс-бітіміндегі әннің, саздың маңыздылығына ерекше мән береді. Әңгіме қазақ халқының әндері, әдебиетіміз бен өнеріміздегі ән-өлеңге ауысса, біз үшін жоғарыда айтылған екі пікірдің де аса маңыздылығын айта кетуіміз керек. 
Иманжүсіп өнері біріншіден осы халық әндерінен бастау алады. Сөзіміз дәлелді болу үшін халық әні «Ағажан, Ләтипа» мен Иманжүсіптің әні «Сарыарқаның» бірінші нұсқасын салыстырып көрейік. «Ағажан, Ләтипа» да, «Сарыарқа» да қысқа қайырылады, екі шумақтан, қайырмадан ғана тұратын бұл өлеңдер 11 буынды қара өлең ұйқасымен шығарылған. Екі өлеңнің де мәтінінде артық-ауыс, мағынасыз тұрған сөз жоқ.
«Ағажан, Ләтипадағы»:
«Ләтипаның қолында гауһар жүзік,
Бозбалалар қарайды көзін сүзіп,
Бір ауыз сөз естімей жүрсем-дағы,
Кете алмадым өзіңнен күдер үзіп», – делінетін жолдар өлеңнің идеялық мазмұнына тікелей қызмет етіп тұр. Байқағанымыздай, бұл жолдар бізге беймәлім автордың өлең персонажы – Ләтипаға арналған көңілін, сезімін білдіреді, яғни, ғашықтық сырға толы мазмұндық мотивтен тұрады. Өлең қайырмасында осы ой тереңдетіле түседі. 
«Ағажан, Ләтипа,
Гүлмайдан, Ләтипа,
Бірде ашық, бірде ұяң,
Беу-беу, Ләтипа».
Осы шумақ пен қайырманың өзінен көп сыр аңғарылады. Өлең мазмұнында ғашықтық сезім жайлы айтылумен қатар, өлең кейіпкері Ләтипаға мінездеме, сипаттама жасалады. Өлең үшін, оның мәтіні үшін үлкен жетістік болып саналатын бұндай сипаттың қазақ халық әндерінің көпшілігіне ортақ екенін айтуымыз керек.
Сарыарқадағы:
«Ауылым Ақмоланы жаздай қонған,
Жасында, дүние-ау, Иманжүсіп қандай болған,
Қою деп қойдың сүтін ішпеуші едім,
Орыстың қара наны балдай болған.
Қайырмасы:
Сарыарқа менің жерім-ай,
Сауықшыл қайран елім-ай, ахау,
Ит жүгіртіп құс салған-ай,
Пай, пай!
Көл-ай, көл-ай, көлімді-ай»
Бұл өлеңде де сондай, негізгі шумақтағы ой қайырмасында күшейтіле түскен. Туған жерге арналған өлеңнің тақырыбы мен идеясын ашуға қызмет етіп тұр. Осындай өлеңдердің әні мен сөзі дүниеге қатар келетіндей көрінеді. Әні сөзінен, сөзі әнінен ажырағысыз, біртұтас дүниеге айналып кеткен халық әндеріне тән сипаттың Иманжүсіп өнерінде сақталуы, өміршеңдік танытуы қазақ көркемөнерінің ұлттық сипатының қоюлығын, ұлттық дәстүрінің беріктігін дәлелдесе керек. Демек, бұл жерден Иманжүсіп мұрасының дәстүрлілігі тұжырымдалады.
Иманжүсіп өнері үшін халық әндерінен кейінгі баспалдақ әнші-ақындар шығармашылығы, Біржан, Ақандардан бастау алған ән-өлең дәстүрі болды. Ән-өлеңнің қазақ әдебиеті мен өнері тарихын түгел алып қарағандағы жанрлық түр тұрғысынан орныққан тұсы осы әнші-ақындар шығармашылығына тура келеді. Ән-өлең де толғауларымыз сияқты – қазақтың кәсіби жазба әдебиеті мен өнерінің қалыптасуына оң ықпал еткен мол қазына, ұлт мұрасы. Ұлы Абай өз шығармашылығында өлеңге қандай биік талап қойса, әнге де сондай үлкен талғампаздықпен қараған. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген Абай: «әннің де естісі бар, есері бар» деп тегін айтпаса керек. Кәсіби көркемөнерімізде өз сөзіне өзі ән шығару Абайдан басталса, ол өзінен бұрынғы толғау үлгілі поэзия, ән-өлең, әнші ақындар мұрасына сын көзбен қарап қана қойған жоқ, олардан үлкен шығармашылықпен үйренді. М.Әуезов Абай поэзиясының негізгі үш қайнары дегенде шығыс, орыс-батыс әдебиеттерінен бұрын өзінің ұлттық әдебиетін атаған. Иманжүсіп Құтпанұлының өнерін, шығармашылығын қазақ көркемөнеріндегі ән-өлең дәстүріне үлес қосушы, дамытушы тұрғысынан әлі де болса зерттей түсу бүгінгі ұлттық ғылымымыздың негізгі міндеті ғой деп ойлаймыз.
Әнші ақындар, сал-серілер шығармашылығындағы ән-өлең туралы айтқанда олардан бұрынғы халық әндерінің де бізге беймәлім болғанымен, алғашында авторларының болғанын, олардың ұмытылуына байланысты халықтық дүниеге кейін айналғанын білуге тиіспіз. Қарапайым мысал ретінде Иманжүсіптің «Қазақ поэзиясының антологиясындағы» 9 өлеңін айтуға болады. Шындығында, бізге жетпегені болмаса, Иманжүсіпте өлең, ән-өлең бұлардан әлдеқайда көп болған ғой. Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, т.б. шығармашылықтары туралы да осылай айтуға болады.
Халық әндерінің тарихы, оның негізгі жанрлық түрі ән-өлеңнің туу көздері туралы айтқанда олардың дүниеге келуін сан мыңдаған жылдар бұрын болған деп топшылаймыз. Сондықтан қазақ көркемөнерінің тарихындағы сал, серілерді, жырауларды, әнші-ақындарды көркемөнеріміздің ең көне өкілдері санатына қосамыз. Осы ретте Иманжүсіптің өнерпаздық болмыс-бітімінің қазақ өнері үшін дәстүрлі құбылыс екенін тұжырымдап қоюымыз керек. 
Әдетте сал-серілер шығармашылықтарында махаббат, сүйіспеншілік туралы, сұлулар, ғашықтықтың сыры мен сипаты, психологиясы жайында жырланатын болған. 
Біржан салдағы:
«Жасым бар жиырмада жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.
Басымнан дұшпан сөзі асып кетсе,
Сен түгіл патшаға да бас ұрмаймын», – делінетін дәріптеу жолдар, тәкаппар да бекзат өнерпаз тұлғасы төңірегінде айтылатын өлеңдер Иманжүсіп шығармашылығында да молынан кездеседі.
Мысалы:
«Мен елімде жүргенде жұрттан астым,
Менменсіген талайдың көңілін бастым,
Қасыма ерген жігітке олжа салып,
Бір түнде сегіз қызды алып қаштым»
Ақан серідегі:
«Торыны таңға байлап мінген қандай,
Үкілеп әсемдетіп жүрген қандай.
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,
Сыбанып ақ білекті түрген қандай», – делінетін жолдардың Иманжүсіп өнерінде қайталануы кездейсоқтық емес. 
«Қараөткелдің бауырында
қалың шұбар,
Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар,
Бір түстеніп аттанған ауылымның,
Қыздары болушы еді маған құмар».
Байқағанымыздай, бұл өлең жолдарындағы ұқсастық қазақ көркемөнерінен мол орын алатын сал-серілер өнерінің, әнші-ақындар шығармашылығының дәстүрі негізінде болып отыр. Әні мен сөзін өздері шығаратын Біржан, Ақан, Иманжүсіптердің өнері жалпы қазақ көркемөнерінің дамуына қосылған аса құнды мұра болды дейтініміз сондықтан. Ән-өлең, әрине, ерекше жанрлық түр тұрғысынан басқа халықтардың көркемөнерінде де болуы мүмкін. Мысалы, орыстардың «песня» деп аталатын өнерлік түрі біздің ән-өнерімізге біртабан жақын келеді. Бірақ біздің сал-серілер шығармашылығының, әнші-ақындар мұрасының тек қазақ халқына ғана тән екені барынша ұлттық жанрлық түр ән-өлеңнің туу көздерімен, қалыптасу арналарымен, даму жолдарымен дәлелденеді. 
Салдық құру, серілікті ұстану дегендеріміз – қазақ халқында ғана бар тұрмыстағы, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардағы ерекшелік. Сондықтан әнші-ақындар мұрасының барынша ұлттық түр болатыны дау тудырмайды. 
Тақырыптарымен, мағыналы мазмұндарымен ерекшеленетін халық әндерінің поэтикалық тексі, мәтіні төңірегінде айтар болсақ, бүгінгі қазақ лирикалық поэзиясындағы мазмұн мен түрге тікелей қатысты жетістіктерге олардың негіз болғанын айтпай тұра алмаймыз. Мәтіндерінде бір ауыз артық сөзі жоқ, бәрі өлең идеясы мен мазмұнына бағындырылған, тіпті қысқа қайырмаларының өзі кейінгі кәсіби жазба әдебиетіміздегі лирикалық өлеңдерге буын, бунақ ерекшеліктері күйінде сіңісіп кеткен. Сөздің көркемдігі, әннің әуезділігі, екеуі қосылып ғажайып үндестікпен дүниеге келген ән-өлеңдер арқылы жалпы қазақ әдебиетінің, өнерінің ұлттық сипаты танылатыны, ұлттық дәстүрі белгілене түсетіні ақиқат. Иманжүсіп Құтпанұлы өнерінің бағасы мен бәсінің жоғары болатынын осы бағыттан бір бағамдап қоюға болады.
Иманжүсіптің ән өлеңдерінің мәтіні – ақындық поэзияға қойылатын қандай талаптың болса да үдесінен шығатындай көркем, өнерпаз талғамының биіктігін дәлелдейтін шынайы туындылар. Оның «Қазақ поэзиясының антологиясындағы» өлеңдері – жеке тұрып та көркемдігіне қамшы салдырмайтын, әдеби-эстетикалық тұрғыдан бүтін бітімге ие шығармалар.
Р.Көшенованың «Иманжүсіп» (Алматы, «Қайнар», 2001) атты кітабында Иманжүсіптің «Сейфіл-Мәлік», «Сармойын», «Сарыарқа» (төрт нұсқасы) , «Әкем Құтпан», «Сары бел», «Бұғылы-тағылы», «Ерейментау» (екі нұсқасы), «Батыр-ау», «Болған жастан» (екі нұсқасы) ән-өлеңдері мәтіндерімен, нотасымен берілген.
Салыстырып қарар болсақ, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Иманжүсіп ән өлеңдерінің мәтіндерінде ұқсастықтар бар, бұл ұқсастық олардың мазмұнынан, идеясынан, тақырыбынан, бейне және бейнеліліктен, өлең құрылысынан көрінеді. Осылар арқылы қазақ поэзиясындағы ән-өлеңнің жанрлық түр тұрғысындағы дәстүрлілігі тағы да дәлелденеді. Бұл дәстүрдің өміршеңдігін бүгінгі жазба әдебиетіміздегі С.Сейфуллин, Қ.Аманжолов, М.Шаханов, И.Сапарбаев сияқты сөзін де, әнін де өздері шығаратын ақындарымыздың шығармашылығы айғақтай түседі.
«Бір түнде сегіз қыз алып қашатын» Иманжүсіп тегін адам емес, қараса, көз қаритын сымбатты, келбетті, қарулы еркек, «кіргенде Қараөткелдің базарына қызық көріп, қазақ, орыс жағалап жүретін» жан. Өзі айтқандай, «толғатып тоқсан қатын ұл тапса да, бірі де Иманжүсіп бола алмайды». «Адамзаттан ұл тумас мендей құмай» деген Иманжүсіп «Бір түстеніп аттанған ауылының, қыздары болушы еді маған құмар», – деп те көсіледі. Арнасынан асып-төгіліп отыру, бір қалыпқа сыймайтын қасиетін қадірлей алу, қадірлете білу, туған жерге, сүйген жарға, перзентіне адал махаббатын жырлау, міне, Иманжүсіптің тұлғалық «менінің» тұрпаты, өзін дәріптеу арқылы өзгені ойланту, өз өміріндегі қиыншылықтарды, сәтсіздіктерді, алысқан, жұлысқан тұстарын айту, жырлау арқылы ел өмірінен, қоғамдағы әр түрлі саяси-әлеуметтік жағдайлардан хабардар ету Иманжүсіп өлеңдерінің мазмұны осындай. Өмірдегі Иманжүсіп кәкір-шүкір тіршілік иесі емес, жеке басын күйттеп, бай болуды, басқа болуды ойлап жүрген пенде болмағандықтан, өнердегі оның бейнесі де ірі, тұлғалық, ақындық «мені» арқылы азамат үні ұғынылады, қабырғалы қайраткер даусы танылады. Өнердегі Иманжүсіп бейнесі ұлттық мінез биігінен көрінеді. Ол не айтса да, не істесе де ұлты үшін істейтін, туған елі мен жері үшін жанын пида етуге бар патриот, отанын сүйетін арда ұл, азамат. Оның өмірдегі барлық іс-әрекеті «жауыздан момындарды айырам деп, жанымды бір шыбындай отқа салдымға» толығымен сәйкес келеді. Иманжүсіп «менінің» астарында осындай соқталы мазмұн бар.
Қорыта айтқанда, Иманжүсіп Құтпанұлы – өмірі мен өнері арқылы қазақ халқымен бірге жасасатын ерекше тұлға. Иманжүсіп Құтпанұлы тағдырынан тағылым алу, әсіресе, егеменді еліміздің ертеңі – жастарымыз үшін, қазақ халқының өскелең ұрпақтары үшін аса маңызды деген ойдамыз.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.



Сондай-ақ... оқыңыз:

БАТЫР БАУКЕҢНІҢ ҰРПАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР

БАТЫР БАУКЕҢНІҢ ҰРПАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР

1987 жылы жаз айында жерлесіміз, белгілі жазушы Дүкенбай Досжанов еліме есеп...
АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

Кең-байтақ еліміздегі секілді Қарағанды облысында да мәдениет пен өнер ұйымдарының...
ЖАҚСЫ ЖЫР – ЖАН ДАУАСЫ

ЖАҚСЫ ЖЫР – ЖАН ДАУАСЫ

Қазіргі таңда қолға алынған «Халық тарих толқынында» атты арнайы тарихи зерттеулер...
АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

Сейсенбінің кешінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында...
ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТЕНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС

ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТЕНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС

Қолымызға тиген Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы, Амантай Шәріп сынды...
ЕНИСЕЙДЕГІ ЖЫРШЫ ТАСТАР СИПАТЫ

ЕНИСЕЙДЕГІ ЖЫРШЫ ТАСТАР СИПАТЫ

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінінің профессоры, филология...
Пікір: